Пятница, 26 Август 2016 09:43

Жәрмеңке жалғасын тапты

Шымкентте өткен бос жұмыс орындары жәрмеңесіне 232 мекеме 2 мыңнан астам жұмыс орны ұсынылды. Оған қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов, «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Өмірзақ Мелдеханов, тағы басқа азаматтар қатысты.

 MG 0412

Жәрмеңкеде білім саласы бойынша – 348, денсаулық сақтау саласы бойынша – 109, қызмет көрсету саласы бойынша – 606, өнеркәсіп саласы бойынша – 344, құрылыс саласы бойынша – 557, мәдениет және спорт саласы бойынша 36 маман қажет екені белгілі болды.

Ал биыл «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында 4443 азаматты тұрақты жұмысқа орналастыру көзделген. Бұдан бөлек 1160 азаматты әлеуметтік жұмыс орындарына, 2070 жас түлекті жастар практикасына, 160 адамды кәсіби оқытуға, 500 азаматты қоғамдық жұмысқа тарту жоспарланып отыр.

Айта кетейік, бос жұмыс орындары жәрмеңкесі осы жылы үшінші мәрте ұйымдастырылуда. Бірінші жәрмеңкеде 821 азамат жұмысқа орналасса, ал екінші жәрмеңкеде мүмкіндігі шектеулі 125 жан «екі қолға бір күрек» тапқан.

Опубликовано в Қала

ОҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде «Тәуелсіздік жетістіктері» туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік  бағдарламалар басқармасының басшысы Ә. Темірбаева брифинг берді.

400 myn

Оның айтуынша, Тәуелсіздік алғаннан кейін облыс халқының саны артып, әлеуметтік жағдайы жыл сайын жақсарып келген. Сонымен қатар, осы уақыт аралығында облыста 402 мың жаңа жұмыс орындары құрылған. Нәтижесінде, жұмыспен қамтылған халықтың саны 60%-ға өсіп, жұмыссыздық деңгейі 14,3 пайыздан 5,2 пайызға дейін төмендеген.

Опубликовано в Қоғам
Пятница, 12 Август 2016 06:10

Тәуекел еткенге жұмыс табылады

өзге өңірлер сіз таңдаған мамандыққа зәру

 

Демографиялық өсімі жағынан елімізде көш бастап тұрған оңтүстік өңірінде туу көрсеткіші басым. Әрбір бесінші бала осы өңірде дүниеге келеді. Ал солтүстік өңірлерде керісінше, өзге өңірлерге қоныс аудару дерегі артып, жергілікті халықтың өсімі баяулай түскен. Қалыптасқан жағдайды ретке келтірудің бірден-бір жолы ретінде «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы шеңберінде еңбек ұтқырлығын арттыруға баса ден қойылуда. Ондағы мақсат – ел азаматтарын ерікті түрде еңбек ресурсы тапшылығы сезіліп отырған аудандарға қарай экономикалық тұрғыдан оңтайлы етіп орналастыру.

molodezhnaja praktika-azh.kz

900 ОТБАСЫ СОЛТҮСТІК ӨҢІРГЕ ЫҚЫЛАС ТАНЫТҚАН 

 

Биыл Оңтүстік Қазақстан облысынан солтүстік өңірге қоныс аударуға 900-ге таяу отбасы құжат тапсырған. Қазір солтүстікке көшкісі келетін азаматтардың мамандығы анықталып, олардың түйіндемелері жұмыс берушілерге жіберілуде. Бұл орайда, қалалық «Жұмыспен қамту орталығы» КММ-і директорының міндетін атқарушы Арслан Өтегеновтің айтуынша, бағдарламаға қатысушылар тұрақты жұмыспен және баспанамен қамтылатын болады.

– Қоныстандыру көшіп-қону ғана емес, оның негізгі мәні – солтүстік, шығыс облыстарды қазақыландыру. Мектептері мен балабақшалары, басқа да әлеуметтік нысандары тұрғындардың аздығынан жабылуға шақ тұрған ауылдардың тіршілігін түзеу. Қоныс аударушылардың есебінен елдің солтүстік өңірлерінде балабақша мен мектептерде бала санын арттыруға да мүмкіндік бар. Бұдан бөлек, жұмыс күшіне мұқтаж болып отырған шаруашылықтардың жағдайы да түзелмек. Яғни, бір-бірімен жіпсіз байланған өзекті мәселелердің түйіні тарқатылады, – дейді Арслан Исламханұлы.

image0108Бұл ретте, негізінен бағдарламаға қатысу үшін ауылдық жерлерден көшіп баратындарға үлкен басымдық берілген. Себебі, аграрлы өлкеден барғандар ауыл шаруашылығы жұмыстарын дамыта алады. Ондағы жайылымдық жерлер мал шаруашылығын дамытуға өте оңтайлы. Ең бастысы, олардың жергілікті адамдармен етене араласып, сіңісіп кетуіне, жай-күйін түзеп алуына барлық жағдай жасалмақ. Қоныс аударушы үйдің отағасына мемлекет тарапынан 105 мың теңге, ал отбасының өзге мүшелеріне 75 мың теңге қаржылай бір реттік көмек көрсетіледі. Баспанамен, жұмыспен қамтылады.

Биыл күні бүгінге дейін Оңтүстік Қазақстан облысынан солтүстік өңірлерге 70-тен астам отбасы қоныс аударыпты. Бұл қатарда, Шымкенттен Петропавл қаласына көшіп барған 11 отбасы бар. Олар ең алдымен, көлік жүргізуші, тракторшы, механизатор, мұғалім, дәрігер, заңгер мамандықтары бойынша іріктеліп алынған. Мәселен, бұған дейін жұмыссыз атанып, бағдарламаға қатысуға ниет білдірген Күлайхан Рахмет бүгінде жанұяда барлығы 4 адам болып, Петропавл қаласына қоныс аударуға шешім қабылдаған. Бүгінде жанұя мүшелері баспанамен қамтылып, отанасы жергілікті БАҚ саласында тілші қызметін атқаруда. Сондай-ақ, көпбалалы ана Гаухар Мәмбетәлиева сондағы Уәлихан ауданында заңгерлік мамандығы бойынша қызметке кірісіпті.

 

ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ БАҒЫТЫНДАҒЫ ТҮБЕГЕЙЛІ ӨЗГЕРІС

 

Бүгінде қала тұрғындарының 370 мыңы экономикалық белсенді, яғни, қызмет жасына лайықты болып табылады. Дегенмен, мұндағы жұмыссыздық деңгейі 5,2 пайызды құрауда. Нақ осы кезеңде 93 отбасы, яғни, барлығы 388 адам кедейлік шегінде есепке алынуда.

Мекеме мамандарының берген мәліметі бойынша, «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы жарияланған 5 жыл уақыт мерзімінде 35 мыңнан астам қала тұрғынына түрлі әлеуметтік қолдаулар көрсетілген. 

Биылғы бос жұмыс орындары жәрмеңкелеріне жалпы саны 291 мекеме қатысып, 3 576 бос жұмыс орындары ұсынылды. Нәтижесінде, 5 200 қала тұрғыны түйіндеме тапсырып, оның 909-ы жұмысқа орналасты. Оның ішінде 816-сы тұрақты жұмысқа, 84-і жастар практикасына, 9 азамат ақылы қоғамдық жұмыс орындарына жолданды.

Орталық мамандарына биылғы өткен 7 ай уақыт мерзімінде жұмыспен қамту бойынша 14 579 азамат өтінішпен келіпті. Оның 10 834-і, яғни 74,3 пайызы бос жұмыс орындарына жолданған.

Халықтың тұрмыстық әлеуетін арттыруға бағытталған бағдарламаның игілігін сезінгендер қатарында жоғары және орта арнаулы оқу орындарын тәмамдаған жас түлектер де бар. Биыл жергілікті қазынадан 474 миллион теңге көлемінде қаржы қаралып, оған 2 070 жас түлекті жұмыс орындарына жолдау көзделген. Қазірге дейін-ақ, 562 жұмыс беруші мекемеге 2 241 жас маман жолданып, тапсырма 108,2 пайызға орындалыпты.

Шымкент қаласы тұрғындарының 370 мыңы экономикалық белсенді, яғни, қызмет жасына лайықты болып табылады. Жұмыссыздық деңгейі 5,2 пайызды құрайды. 93 отбасы, яғни, барлығы 388 адам кедейлік шегінде есепке алынуда.
«Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы жарияланған 5 жыл уақыт мерзімінде 35 мыңнан астам қала тұрғынына түрлі әлеуметтік қолдаулар көрсетілген.

Сондай-ақ, 160 азамат қайта даярлау курстарынан өтіп, бүгінде тігінші, туристтік агент, электр маманы, желілік құбыр салушы, шаштараз, токарь, слесарь сантехник, дәнекерлеуші мамандықтары бойынша жұмысқа орналасқан. Айта кетер тағы бір дүние, тың идеямен жаңа кәсіп бастағыңыз келсе, қала жастары үшін орталықта 6 пайыздық мөлшерлемемен 6 миллион теңгеге дейін несие алуға мүмкіндік бар. Кешенді жобаларды жүзеге асыру барысында мамандар жүйелі түрде кеңес жәрдемін көрсетуге де әзір.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасына енгізілген өзгерістер бойынша 55 пен 64 жас аралығындағы азаматтар да жаңа мамандықты игеруіне мүмкіндік бар. Зейнеткерлік жасына жақындаған жұмыссыз азаматтарды оқыту және әрі қарай жұмыспен қамту мақсатында арнайы оқу бағдарламалары (қайта даярлау) ұйымдастырылуда. 3 айлық курстан өту үшін азаматтар білімін растайтын құжаттың көшірмесі, мекен-жай анықтамасы, №086 нысандағы үлгі бойынша медициналық анықтама, еңбек кітапшасының көшірмесін орталық мамандарына тапсыруы қажет.

«Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасының үшінші бағыты шеңберінде Әкімшілік-іскерлік орталығы аумағынан 9 қабатты жатақхана құрылысын салу көзделген. Оған Ұлттық қор есебінен 371,7 миллион теңге қаржы бөлініп, құрылысын «Компания Три-А +» ЖШС мердігер мекемесі жүргізуде. Жыл соңына дейін пайдалануға берілетін 297 орынды жатақхана ғимаратына 29 жасқа дейінгі белгіленген мерзімде қызмет ететін жастар қоныстанатын болады.
Айтпақшы, Шымкент қаласының жұмыспен қамту бөлімінде жуырда «Call-центр» қызметі іске қосылды. Бұл өз кезегінде, қалаға жаңа қосылған елдімекен тұрғындарын «Әлеуметтік қорғау және Азаматтық хал актілерін тіркеу мәселелері» бойынша көрсетілетін көмектердің қолжетімділігін қалыптастыруға септігін тигізуде. Мамандар «Саll-центр» қызметіне қазірдің өзінде 3 мыңнан астам азаматтан түрлі сауалдар келіп түскенін айтады. Сала мамандарына қояр сауалы болса, тұрғындардың 1300 тікелей желісіне не болмаса 27-04-43 байланыс сымтетігіне және Этот адрес электронной почты защищён от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра. электронды мекен-жайына хабарласу мүмкіндігі бар.

 

Опубликовано в Әлеумет

Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі тарапынан Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты жолдауын, «Қазақстан Республикасында мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы» және «Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны ратификациялау туралы» Заңдары талаптарын орындау мақсатында мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сапасын арттыруға бағытталған «Кедергісіз қала» жобасын іске асыруда.

saitОсы жоба аясында мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызға көбірек көңіл бөлу керек екенін мемлекеттік органдардың, кәсіпкерлік ұйымдардың және жалпы қоғамның назарына салғымыз келеді.
Шымкент қаласы олар үшін кедергісіз қалаға айналуы тиіс. Мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық көрсету бұл қоғам алдындағы парыз. Қазіргі таңда бүкіл әлемде бұл тақырып өзекті бола түсуде. Мүмкіндігі шектеулі жандарды тұрақты жұмысқа орналастыру, оларға кедергісіз жағдай жасау, қоғам мен бизнестің назарын мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселелеріне аударуға және қоғамда оларға деген оң көзқарас қалыптастыруға бағытталған ақпараттандыру жұмысын күшейту, олардың құқықтарын іске асыру және қоғамға етене араластыру бойынша жұмыстар бөліммен жүйелі түрде атқарылып келеді.
Қазіргі таңда мүгедектерді әлеуметтік қорғау заңы талаптарына сәйкес мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлік ұйымдарда жұмысшылардың санының белгіленген 3%-ын мүмкіндігі шектеулі жандармен толтыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қалада әлеуметтік және көлік инфрақұрылымдар нысандарын мүмкіндігі шектеулі жандарға мемлекеттік стандарттарға сәйкес бейімдеу мақсатында оларды құжаттау мен бейімдеу мониторингі жұмысы басталып кетті. Еліміздің әр азаматы қоғамның белді мүшесі. Сондықтан Қазақстанда қоғам мүшелерінің халықтың әлеуметтік жағдайы бірінші кезекте тұруға тиіс. Бұл туралы Елбасы Н.Ә.Назарбаев әр сөзінде айтып, әлеуметтік саланы көтеруге тапсырма береді.
Шын мәнінде әлеуметтік сала – халық тұрмысының оң индикаторы, мемлекет әлеуетінің дұрыс дамуының көрсеткіші. Қазақстан Республикасында мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы Заңында көрсетілгендей Қазақстан Республикасының мүгедектердi әлеуметтiк қорғау саласындағы мемлекеттiк саясаты заңдылық, iзгiлiк, адам құқықтарының сақталуы принципінде атқарылады.
Сонымен қатар, мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлік ұйымдарда мүмкіндігі шектеулі жандарға Қазақстан Республикасында мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы Заңы талаптарына сәйкес кезектен тыс қызмет көрсетілетіні туралы ақпарат жалпыға қолжетімді орындарда көрсетіліп тұрса және онымен жалпы халық таныс болуы тиіс. Мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлықтар жасауға, ұдайы қолдау көрсетуге шақырамыз.

Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік
бағдарламалар бөлімі

Опубликовано в Әлеумет
Среда, 29 Июнь 2016 04:16

546 мекеме жұмыс ұсынды

Оқытушы-педогогтар мен техникалық мамандықтарға әлі де болса қажетті жұмыс қолы жетіспейді. Осы орайда, қаладағы мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындарда бар бос жұмыс орындары үшін «Орталық» саябақта мүмкіндігі шектеулі және жұмыссыз азаматтарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті.

snapshot20130801192237

Жәрмеңкенің ашылу рәсіміне қала әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова, қалалық мәслихат хатшысы Нұрлан Бекназаров қатысты.
– Бүгінгі жәрмеңкеге қала аумағында орналасқан 546 кәсіпорын мен мекемелер қатысып, бос жұмыс орындарын ұсынуда. Бұл қатарда, 1570 азамат пен 800-ге таяу мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыс орнымен қамтуға мүмкіндігіміз бар. Сондай-ақ, 2 мыңнан астам жас түлек «Жастар практикасы» бағдарламасы аясында қызмет таба алады, – деп атап өтті қала әкімінің орынбасары.

Опубликовано в Қоғам

Өткен жұмада таң сәріден бастап Орталық саябаққа қала тұрғындары көптеп жинала бастады. Себебі, мұнда қалалық жұмыспен қамту орталығы бос жұмыс орындары бойынша жәрмеңке ұйымдастырды. Жәрмеңкеде Шымкент қаласының 131 кәсіпорнынан барлығы 2006 бос жұмыс орны ұсынылды. Бұдан бөлек, еліміздің солтүстік облыстарында мемлекеттік «Серпін – 2050» бағдарламасы шеңберінде қызмет етуге ниетті өңір тұрғындары ұсынылған 665 бос жұмыс орнына өз өтініштерін берді. Шараға облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова қатысты. Өз сөзінде олар облыста бірнеше мемлекеттік бағдарлама шеңберінде мыңдаған азаматтар тұрақты жұмыс орнымен қамтылып отырғанын айтты. Бұл күнгі шараға елдің 4 облысынан келген 36 мемлекеттік орган және 11 оқу орнының өкілдері қатысып отырды.

Болашаққа нақты қадам

«Серпін» әлеуметтік жобасы аясында бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне арнайы келген Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданы әкімінің орынбасары Медет Оспанов бүгінгі таңда өңірдегі қалыптасқан демографиялық ахуалға кеңінен тоқталып өтті.
– Тайынша ауданында барлығы 46 мың тұрғын мекен етсе, оның 28 пайызын ғана жергілікті қазақ ұлты құрайды, – дейді Медет Дулатұлы. – Өнеркәсіпті өркендету бағытында әсіресе, жас мамандарға деген зәруліктің барын да жасырмаймыз. Бұл тұрғыда, арнайы оқу тәжірибесінен өтіп, жаңа технологияны меңгерген қазақ жастарының аудан экономикасын түлектеріне сеніміміз зор.

zhumys-1

Шымкент қаласының тұрғыны Мөлдір Ерсейіт ҰБТ-де жинаған 72 балымен «Серпін – 2050» бағдарламасы бойынша білім грантын иеленгендердің бірі. Бүгінде ол Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтында «мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» мамандығы бойынша 1-курста оқып жүр. Мектеп түлектерін бағдарлама аясында білім алуға, болашағын нақ бүгінгі күн дұрыс бағдарлауға шақыруда.
– Мен өзім оқу грантын жеңіп алғанымда қатты қуандым. Ата-анама салмақ салмай, өз күшіммен оқуға түстім. Жат қалаға алғаш келгенімде бойымда қорқыныш сезімі болды. Кейінірек, замандастарыммен танысып, ортаға үйренісіп кеттім, – дейді ол.
Айтуынша, жатақханада студенттерге барлық жағдай жасалған – жатын бөлме, арнайы кір жуатын, шомылатын бөлме де бар.
– Біле білгенге, бағдарламаның жас өскіндерге берері көп, – дейді Мөлдір Бақытқызы. – Ердің емес, елдің баласы болуға ұмтылған талапкерлер ең алдымен, тәуекелшіл, өзгерістерден жасқанбайтын, белсенді, өнерлі, білімге құмар, өзге өңірлерде оқып, қажет болса сол өңірлерде қалып жұмыс істеуден қашпайтын болса ғана, бастапқы мақсатына қол жеткізе алады. Ұлттық мүддені көздейтін бағдарламаның белсенді мүшесі бола білгенімді бүгінде мақтаныш сезіммен айтамын.

«Мәңгiлiк ел жастары – индустрияға!»

«Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» атты жоба аясында қолға алынған «Серпін – 2050» әлеуметтік бағдарламасы Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан және Маңғыстау облысының жастарына арналған.
2014 жылдан бастап жүзеге аса бастаған бағдарламаның негізгі мақсаты – халқы тығыз орналасқан еліміздің оңтүстік аймақтарындағы жастарды кадр жетіспеушілігі байқалған солтүстік, батыс және шығыс өңірлерінде оқытып, тұрақты жұмысқа орналастыру. Бұл бағдарлама бірінші жылы педагогикалық мамандықтар бойынша іске асқан болса, кейіннен оның аясы кеңейіп, техникалық және ауыл шаруашылық мамандықтарын қамтып отыр.

zhumys

«Серпін – 2050» әлеуметтік жобасы бүгінде еліміздегі табысты жүзеге асқан әлеуметтік бастамалардың бірі болып саналады. Халықтың жобаға деген қызығушылығы жыл өткен сайын артып отырғаны да байқалады. Сала мамандарының айтуынша, аталмыш бағдарлама жастардың сапалы білім алып, тұрақты жұмыс табуына зор мүмкіндік беруде. Алғашқыда жоба бойынша 2050 жас грант негізінде оқуға мүмкіндік алса, өткен жылы «Серпінге» бөлінген грант саны 3 есеге өсіп, 6200-ге жеткен. Олардың 5 мыңы тек жоғары оқу орындарының гранттары. Демек, «Серпін – 2050» жобасы қанатын кеңге жайды деген сөз.
– Мемлекеттік грантқа ие болған студенттермен мұндағы ұқсастық сол – жоғары білім грантын иеленгендердің барлығы да шәкіртақыға ие болып, темір жол арқылы барып-қайтатын жол шығындары өтеледі. Ал айырмашылығы – «Серпінмен» оқуға түскен жастар үшін екі үлкен кепілдік бар. Біріншісі, жатақханамен оқуды бітіргенге дейін толық қамтамасыз етіледі. Ал грантпен оқуға түскендерде ондай кепілдік жоқ. Екіншісі, егер оқу бітірген соң сол өңірде қоныстанып қалған жағдайда, жұмыспен толық қамтамасыз етіледі. Яғни, бағдарламаға қатысушылардың алдағы күндерде қиналмай-ақ жұмыс тауып, өздерінің әлеуметтік жағдайларын жақсартуына толық мүмкіндік бар, – дейді облыстық білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасының басшысы, жұмысшы топ төрағасы Болат Жанәбіл.
Алғашқы жылы жоба бойынша жалпы саны 2050 грант бөлінсе, жобаға қатысуға 10 мыңнан астам азамат өтініш білдіріпті. Яғни, әр орынды иелену үшін 5 адам бәсекеге түскен. Бұл – өте жоғарғы көрсеткіш. Жобаға әсіресе, Қызылорда мен Оңтүстік Қазақстан облыстарының жастары айырықша қызығушылық танытуда. Бөлінген 2050 білім грантының ең көп бөлігін Оңтүстік Қазақстан облысының жастары иеленген. Нақты айтқанда, 837 грантты жеңіп алыпты.

Жас талапкер ненi бiлуi қажет?

«Серпін – 2050» әлеуметтік бағдарламасына Маңғыстау, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстарының жастары қатыса алады. ЖОО-на түсу үшін түлектер ҰБТ немесе кешенді тестілеуге қатысуы керек. ҰБТ мен кешенді тестілеуден жиған ұпайы 50 балдан кем емес және де таңдау пәнінің ұпайы кем дегенде 7 балдан төмен болмауы тиіс. Ал колледжде білім алуға ниеттілер үшін ҰБТ және кешенді тестілеу тапсыру шарты жоқ. Колледждерге 11 сыныпты бітірген түлектер конкурс арқылы түсе алады.

DSC 0583

Айта кетейік, биыл бағдарлама бойынша жоғары оқу орындарына 5000, кәсіптік-техникалық колледждерге 1000 мемлекеттік грант бөлінуі жоспарлануда. Ол үшін солтүстік аймақтардағы 19 жоғары және 33 кәсіптік-техникалық колледждерде педагогикалық, техникалық, ауыл шаруашылығы және ветеринария мамандықтары бойынша бағдарламаға қатысушылардың тегін білім алуына лайықты жағдай жасалған. Бағдарламаның тағы бір ерекшелігі – бұрынғы жылдары мектеп бітірген түлектер де қатыса алады.
Аталмыш бағдарламаға қатысуға ниетті жастар құжаттарын 23 шілде мен 1 тамыз аралығында Шымкент қаласы Тәуке хан даңғылы 5, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің бас ғимаратында және А. Байтұрсынов көшесі 13, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының бас ғимараттарының 1-ші қабатында орналасқан «Серпін» әлеуметтік жобасының «Қабылдау комиссиясына» тапсыруына болады. Ал колледждерге түсу үшін талапкерлерді қабылдау комиссиясы Шымкент қаласы, Гагарин көшесіндегі №3 және Қ.Жарқынбеков көшесінің бойындағы №4 колледж ғимараттарында орналасқан.

Опубликовано в Әлеумет
Среда, 20 Апрель 2016 06:51

Талап болса, жұмыс табылады

Шымшаһар – жуық арада еліміздің үшінші мегаполисіне, миллионер қалаға айналады деп болжануда. Тіршілігі қайнаған Шымкентте жұмыс беруші де, жұмыс іздеуші де көп. Оның үстіне, қала мектептерін жыл сайын мыңдаған түлек аяқтайтынын ескерсек, сапалы білім алу мәселесі өзекті мәселелердің бірі екені анық.

Жастардың жiгерiн жаныған бағдарлама

Әйткенмен, білім алумен қатар тұрақты жұмысқа орналасудың да маңыздылығы жоғары. Зауыт-фабрика иелері мен мекемелер дипломмен қатар біліктілік пен жұмыс тәжірибесін талап етеді. Оқуын кеше ғана тәмамдаған жас маманда ол қайдан болсын? Сондықтан да, жастарға қолдау ретінде қабылданған бірден-бір бағдарлама – «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасының» халыққа берері мол жоба ретінде мойындалды. Жұмыссыз жүргендерге, әсіресе жастарға жаңа мүмкіндіктерді ұсынған бағдарламаның былтырғы көрсеткіштері көңіл қуантарлық. Айталық 2015 жылы мыңдаған адамға екі қолға бір күрек табуға септігін тигізіп отырған бағдарлама аясында 12 996 адамды қамту жоспарланып, орындалса, 2016 жылдың басында жоспардың 120,4 пайызы орындалған.

DSC 0969

«Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасының ең маңызды бағыттарының бірі – жастар практикасы болып тұр. «Жастар практикасы» – арнаулы және жоғары оқу орындарының түлектерін жұмыспен қамту мәселелерін шешудегі бірден-бір жол. Оқу орындарының түлектерін еңбек нарығындағы бәскеге қабілеттілігін арттырудағы «жастар практикасы» бағдарламасы жұмыспен қамту органдарымен ойдағыдай қолданылып келеді. Тиімді бағдарлама жас түлектерге, олар алған мамандық бойынша практикалық тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді және оларға келешекте тұрақты жұмыс орындарына орналасу үшін зор перспективаларға жол ашады. Бағдарламаға қатысушыларға қойылатын талаптар мен шектеулер де жоқ емес. «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасының шеңберінде ұйымдастырылатын жобаға 18 жастан 29 жасқа дейінгі жастар қатыса алады. Сондай-ақ, мұндай құқылылар қатарында балалар үйінің тәрбиеленушілері, тұл жетімдер, ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар мен 2013-2015 оқу жылдарының түлектері де бар. Өткен жылы «Жастар практикасының» жұмыс жасауына мемлекеттік бюджеттен 114,4 миллион қаржы бөлінсе, биыл 474,171 миллион қаржы қарастырылған. Сондай-ақ, «Жастар практикасына» қатысушылардың айлық жалақылары мамандықтарына қарамастан бірдей мөлшерде бөлінеді. Өткен жылы жастардың айлық жалақысы 35 676 теңге болса, биыл әр азаматтың айлығы 38 178 теңгені құрап отыр.

Түлектердiң 80 пайызы жұмыспен қамтылды

Бағдарламаның үшінші бағыты аясында жүзеге асып жатқан жастар практикасын және әлеуметтік жұмыс орындарын құру бағдарламаларын іске асыру жастар арасындағы жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеуге ықпал етуде. 2020 жылға қарай елдегі жұмыссыздық деңгейін 5 пайыздан асырмау көзделсе, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 4,6 %-дан аспайтын болады деп болжануда. Әлбетте, бұл биік межеге жету оңай емес.
Бағдарламаның аясындағы жастар практикасы бағытының мақсаты – жас маманды жұмыспен қамту ғана емес, оның бойында іскерлік қабілеті мен жауапкершілікті арттыруды да көздейді. Сонда ғана ол нағыз білікті маманға айнала алады. Былтыр Шымкент қаласында «Жастар практикасына» оқу орнын бiтiрушi 653 жас түлек жолданып, солардың 80 пайызы, яғни 523-і бүгінде тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Жастардың көбісі мемлекеттік мекемелерді таңдап, әрі сонда қалып жатыр. Әсіресе, көбісінің таңдауы медицина саласы. Яғни, облыстық денсаулық сақтау басқармасы бағдарламаға мейлінше үлес қосатын мекеме. Сонымен қатар, білім саласының да үлесі бар. Әлеуметтік саладан бөлек, облыстық сот, прокуратураның да сұранысы ұлғайып келеді. Нақтырақ айтқанда бағдарламаға қатысушылар білім саласына – 211, денсаулық сақтау саласына – 216, мемлекеттік басқару – 52, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп бағытында – 23 жас азамат жолдама алған. Жастар практикасына тартылған мекемелердің саны 232 құрады. Яғни көрсеткіш 80 пайызды құрап отыр. Бүгінгі таңда 171 қысқартылған азаматтарға Шымкент қаласының «Халықты жұмыспен қамту орталығы» тарапынан бос жұмыс орындары ұсынылып, тұрақты жұмысқа орналастырылды. Биыл өңіріміздегі жастар тәжірибесіне қатысушылардың құжаттары 5 қаңтардан бастап қабылданды. Ал оларды жұмыс ұсынған мекемеге жіберу жұмысы 20 қаңтарда жүзеге асқан болатын. Азғантай уақыттың ішінде ендігі 800-ден астам жасты практикаға жолдап үлгерген жұмыспен қамту орталығы биыл бағдарлама аясында 2070 азаматты жұмыссыздықтан құтқаруды жоспарлап отыр. Естеріңізге сала кетейік, мекемеде жолдамалар беру жыл соңына дейін жалғасады.

Еңбек еткен ерiнбей...

Қазақстанның еңбек нарығында қалыптасқан ахуалға көз жүгіртсек, жоғары білікті мамандарға деген сұраныстың жоғары екенін аңғаруға болады. Бұл тұрғыда мемлекет кәсіпорындардың өндіріс көлемі немесе өнімнің бағасы төмендеген жағдайда ондағы жұмыс орнының қысқаруына жол бермеу шараларын қолға алып отырғанын жағымды жаңалыққа теңесек жарасады. Себебі, бюджет қаржысы арқылы мамандар жалақысының үштен екі мөлшерінде уақытша субсидиялармен қамтамасыз ету көзделіп отыр. Бұл жұмыс орындарының қысқаруынан сақтайтын тиімді шара болмақ. Субсидиялар Шымкент, Кентау қалаларындағы қала құраушы кәсіпорындарына берілмек. Осыған байланысты, аталған қалалардың әкімдеріне қала құраушы кәсіпорындар бойынша тиісті мониторинг жүргізу және білікті қызметкерлердің жұмыс орындарын сақтау үшін мемлекет ұсынған мүмкіндікті пайдалану қажет, ол үшін жоғалған айлықтан үштен екі бөлігін уақытша субсидиялауға қажетті өтінімді ұсынады.
Бағдарлама аясында еңбек ресурстарының сапасын жақсарту шаралары да қарастырылып отыр. Нақтырақ айтсақ, жұмыс берушілерге өнеркәсіптік кәсіпорындарда жұмыскерлерді оқытуға (қайта даярлау/біліктілігін арттыру) грант бөлу ұсынылуда. Бағдарламаға қатысушының жұмыс орны сақталады, ал оқу шығынының 80 пайызын мемлекет төлесе, қалған 20 пайызы жұмыс беруші есебінен өтеледі. Осы арқылы кәсіпорындарға жұмысшыларының біліктілігін арттыруға оңтайлы мүмкіндік туындап отырғаны анық.
Жастарға қатысты мәселелер қашанда бірінші кезекте болуы және бәрімізді де толғандыруы тиіс. Себебі ел ертеңі жастарымыздың тұлға ретінде қалыптасып, белгілі бір мамандықтың иесі болуы өте маңызды. Бұл тұрғыда елімізде жүргізіліп жатқан мемлекеттiк жастар саясаты, еңбек және жұмыспен қамту саласы жас түлектерге мейлінше мол мүмкіндіктерді ұсынуды көздейді.

Бекболат ДОСЫМҰРАТОВ

Опубликовано в Қоғам
Страница 2 из 2