Пятница, 29 Декабрь 2017 05:55

Жемісті де жеңісті жыл

Жаңа 2018 жыл есік қаққалы тұр. Өткен жылға өкпе жоқ. Келер жылдан үміт көп. Тауық жылы елімізде және облыстың тыныс-тіршілігінде көптеген маңызды оқиғалармен есте қалды. Саяси іс-шаралар, мәдениет, руханият саласында маңызды жиындар аз болған жоқ. Бәрі де елдігімізді танытты, абырой-беделімізді биіктетті.

Рас, әр жылдың өзіндік берер сыйы мен несібесі бар. Сол себептен де халқымыз өткен уақытқа реніш артпаған. Өткеннен қорытынды шығармай, алға жылжу жоқ екені де мәлім. Ендеше, 2017 жылдағы басты оқиғаларды тағы бір шолып өтудің реті келгендей. 


 

– ЭКСПО – 2017 халықаралық көрмесі. Қазақ елін төрткүл дүниеге танытқан басты оқиға, ол сөзсіз – ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесі. Елорда үш ай бойы 115 ел мен 22 халықаралық ұйымның басын қосқан шағын қалашыққа айналды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, көрменің арқасында туристік сектор жандана түсті. Астанада кәсіпкерлік субъектілерінің саны 10 пайыздан аса көбейді. Елорда бюджетіне қызмет көрсету саласынан түскен салық 1,2 есе өсті. Жалпы, халықаралық көрмені тамашалау үшін шетелден 2 млн-ға жуық адам келді. 


– Әлем назары Алматыға ауды.
Жыл басталысымен-ақ, әлем назары Алатау баурайына ауған еді. XXVIII Қысқы Дүниежүзілік универсиада жарқын жеңіспен есте қалды. Әлемдік бәсекеге 60-қа жуық елдің 2000 спортшысы қатысты. Оған қоса, 3000 ерікті жұмылдырылып, 30 мың шетелдік қонақтар мен туристер келді. 


Қысқы спорттың 12 түрінен жүлделер сарапқа салынған додада Қазақстан құрамасы жалпы есепте екінші орынға тұрақтады. Бұл – тарихи жетістік. Әрине, 2017 жылғы Қысқы Универсиада Оңтүстік спортшылары үшін де олжалы болды. Облыс спортшылары 1 алтын, 1 күміс және 1 қола жүлде иеленді.


– Түркістан – Түркі әлемінің астанасы
. Биылғы Наурыз мерекесі елдің есінде ұзақ сақталары анық. «Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылына орай түбі бір түркі тектес елдер Түркістанда бас қосты. Түркі әлемінің «Наурызнама» шарасына 23 мемлекеттен келген түркітілдес 25 ұлттан тұратын 300-ге тарта шетелдік қонақтар, халықаралық ұйым өкілдері, жалпы саны 10 мыңға жуық адам қатысқан-ды. Думанды Наурыз той мерекесіне орай, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңында этно ауыл құрылып, онда ұлттық нақышта әрленген 12 қанатты 33 киіз үй тігілді. Ұлыстың ұлы күнінде тоннадан астам палау дайындалып, 1 500 л Наурыз көже үлестірілді.

 


– Рухани жаңғыру жетістікке бастайды.
Сәуір айында Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын жариялады. Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Мақала аясында Елбасы латын графикасына негізделген жаңа қазақ тілі әліпбиін бекітті. Соның негізінде Үкіметке жаңа графикаға көшу жөніндегі ұлттық комиссия құру тапсырылды. Сонымен бірге жаңа қазақ тілі әліпбиінің латын графикасына көшуі 2025 жылға дейін кезең-кезеңмен жүргізілмек. 
 


– Шымкент – ТМД елдерінің мәдени астанасы.
Шымшаһардың соңғы жылдары экономикалық әлеуеті еселене түскен. Миллионға жуық халқы бар облыс орталығы – мәдениет пен руханияттың, елдегі ынтымақ пен бірліктің ордасы. 2020 жылы Шымкент шаһары ТМД мәдени астанасы мәртебесіне ие болды. Ірі мегаполистің мұндай мәртебеге қол жеткізуі тегін емес. Жергілікті билік 2020 жылға бірнеше ауқымды жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Биыл миллионды қалаға айналуды көздеп отырған Шымқалаға мұндай дәреже беру туралы шешім Өзбекстан астанасы Ташкентте ТМД елдерінің сыртқы істер министрлер кеңесінің кезекті мәжілісінде айтылған еді. 

 

shymkala kz-4-67


– Қазыбек бидің 350 жылдығы тойланды.
«Қаз дауысты Қазыбек би жолымен: Бабаларға тағзым!» атты Қарағанды облысынан жолға шыққан халықаралық автокеруені Түркістанға аялдады. Қазыбек бидің 350 жылдығы кең көлемде аталып өтті. Ауқымды шара «Ұлы дала үні» мерекелік концертіне ұласты. 7 көлік, 28 адамнан құралған халықаралық автокеруен 19 тамызда Қарқаралыдан шығып, Жаңарқа, Жезқазған, Сәтбаев, Ұлытау, Қызылорда өңірлерін жүріп өтіп, киелі Түркістанға жеткен еді.

 

– Төреқұлов тәлімі. Биыл көрнекті қоғам қайраткері, дипломат Нәзір Төреқұловтың туғанына – 125 жыл. Ағартушы-ғалым, елші, лингвист, публицист, қазақтан шыққан тұңғыш баспагердің қысқа ғұмырында ұлтына, оның болашағына сіңірген еңбегі орасан. Алаш азаматы сегіз тілді меңгерген, сегіз жыл елшілікте тапжылмай қызмет еткен бірден-бір тұлға. Нәзір Төреқұловтың 125 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Алаштың асыл перзенті» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияда ТМД, шет мемлекеттерден шақырылған ғалымдар мұрағаттарында жатқан азды-көпті деректерімен бөлісті. 

Облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі Н.Төреқұловтың 125 жылдық мерейтойына орай «Ұлтын сүйген ұлы тұлға» атты іс-шара өткізді. Сондай-ақ, аудан-қалалардағы кітапханаларға Төреқұловтың кітаптары тарту етілді. 

 


– Бокстағы биігіміз.
Сөз жоқ, 2017 жылы ел спортшылары әлемдік деңгейдегі жарыстарда табысты өнер көрсетті. Әсіресе, боксшылардың бәсі биік. Гамбургте өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы 6 жүлде жеңіп алды. Олардың арсынан жерлесіміз Қайрат Ерәлиев (56 келі) әлем чемпионы болып оралды. Жомарт Ержан қола жүлде еншілеген еді. Оған қоса, әйелдер арасында Азия чемпионатында оңтүстікқазақстандық Мадина Нұршаева да жеңімпаз атанған еді. 



– ОҚМПУ-ға – 80 жыл. 2017 жылы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты қос қуанышқа кенелгені мәлім. Биыл білім ордасының ашылғанына 80 жыл толды. 

ОҚМПИ – тарихы терең шежірелі шаңырақ. 2011 жылы Елбасының тікелей араласуымен Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты болып қайта ашылды. Ағымдағы жылдың 17 қарашасында Үкімет қаулысымен институт – университет мәртебесіне ие болды. Оқу ордасының ұжымы 80 жылдық мерейтойын республикалық деңгейде атап өтті.  



– Еліміздегі тұңғыш орталық. Руханият саласында атап өтерлік оқиғаның бірі – Шымкент қалалық Тілдерді оқыту орталығының ашылғанына 20 жыл толуы еді. Тыңнан түрен салып, елімізде бірінші болып, мемлекеттік тілді ақысыз оқытатын Орталық қарқынды жұмыс істеуде. Білім ордасы ашылғалы бері 20 мыңнан аса тұрғын тілдерді оқып үйренген. Оның 82%-дан астамы мемлекеттік тілді, 10%-ы ағылшын тілін үйренген. Білім алушылардың сапалық құрамы бойынша 30% мемлекеттік қызметшілер болса, 52% бюджеттік сала мамандары. Ал жыл басынан бері орталықта 1 546 азамат тілдерді дамыту курсын аяқтапты.

Опубликовано в Қоғам
Пятница, 23 Июнь 2017 07:56

Көрмедегі екі күн

ЭКСПО! Әлемнің ең танымал 35 қаласында 63 рет өткізілген халықаралық көрме! 1851 жылы Англияның «Хрустальды сарайы», 1889 жылы Францияның «Эйфел мұнарасы», 1958 жылғы Брюссельдің «Атомиум» атракционы, 1962 жылы АҚШ-та «Спейс Нидл» тамашалау мұнарасы және 1967 жылы Канадада «Хабитат 67» тұрғын үй кешені осы дүниежүзілік көрмені өткізу кезінде арнайы салынған-ды. Әйгілі ғимараттар бүгінде тарихи оқиғаның жәдігері болып қалды. Ал 2017 жылы Халықаралық көрмені өткізу бақыты Қазақстанға бұйырды.

DSC 0337

Шымкент қаласынан алғашқылардың бірі болып Астанаға жол тартқан 150 оқушымен бірге «Шымкент келбеті» газетінің атынан мен де іссапарға аттандым. Іссапарда менен бөлек, 1 педиатр, 1 медбике және әр 10-15 балаға жауапты болып бекітілген бір-бір мұғалім бар еді. Экскурциялық команда «Zhana Talap» спорттық-туристік агенттігі директорының орынбасары Ғани Назарбектің жетекшілігімен жүріп отырды.

Астанаға 12 маусым кешкісін жетіп, Назарбаев университетінің жатақханасына жайғастық.

DSC 0393

Жас қала, арман қала – Астана балалардың қиялына қанат бітіргендей. Тіпті, олар Назарбаев университетінің жатақханасына түскенін жақсы ырымға балап, «осы университетте жоғары білім алу бақыты бұйырсын» деп тілек тіледі.

 

ЭКСПО – ертегілер әлемі

Ертеректе самұрық құс, желаяқ, таусоғар, көлтауысар және саққұлақ жайлы ертегілерді тыңдап өскен балалар бір ғасыр өткенде оның шындыққа айналғанына куә болды.

DSC 0318

Ал қазіргі таңда фантастикалық фильмдердің эпизодынан көретін дүниелерді Астанадағы халықаралық көрмеден кездестіру – тағы да сол шындыққа айналған ертегіні еске түсіргендей болды.

Астанада бастау алған халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесі «Болашақ энергиясы» тақырыбын таңдады. Мақсат – адамзатты жауапкершілікке шақыру, пікірталастарға жағдай жасап, табиғатқа келтіріп жатқан залалды азайту және жер шарында энергия тұтынуды жоспарлау, оны бақылау бағытында білім мен біліктілікті арттыруды көздейді. Себебі, жылдан-жылға адамзат саны артып, технология дамып, тұтыну мөлшері ұлғая түскен. Ал жерасты қазба байлықтары мен энергия қуаты азайып барады. Бұл халықаралық қауымдастық мамандарының да алаңдаушылығын туғызып отыр. Экологиялық сұрақтардың да күн өткен сайын маңызы артып келеді.

DSC 0454

ЭКСПО – 2017 халықаралық көрмесіне 115 мемлекет, 22 халықаралық ұйым қатысуда. «Болашақтың энергиясын», баламалы қуат көздерінен жарық өндірудің, экологиялық ахуалды жақсартудың мүмкіндіктерін әр елдің ғалымдары өзінше зерттеп, бүгінде кәдеге жарайтын жаңалықтарын көрмеге алып келген. Павильондардың барлығы менмұндалап тұр. АҚШ, Жапония, Чехия, Ресей, Швейцария елдерінің павильоны көрме қонақтарына технология саласындағы болашақта орын алатын жаңалықтар туралы мәлімет беруде. Ал Қытай, Корей, Мысыр, Венесуэла, Венгрия, Тайланд, Катар, Латвия павильонынан сол елдердің салт-дәстүрі, кәсібі туралы біле аласыз.

Сонымен қатар, Вьетнам павильонына келушілер саны өте көп. Вьетнамдықтардың қарапайым тұрмысы, кәсібі көрмеге келушілерді ерекше қызықтырды. Салт-дәстүрімен танысып, павильонның бір бұрышында орналасқан сауда сөресінен тек вьетнамдықтарға тән бас киім, тағы басқа да заттарды сатып алуға болады.

DSC 0407

• Халықаралық көрме алғаш рет 1851 жылы Англияның Лондон қаласында, ал соңғы рет 2015 жылы Италияның Милан қаласында өткен.
• 2012 жылы 161 мемлекеттің өкілі дауысқа салу нәтижесінде Халықаралық көрме 2017 жылы Қазақстанның Астана қаласында өтетіні белгілі болды. Онда Астана 103 дауысқа ие болса, Бельгияның Льеж қаласы 44 дауыс жинаған.
• ЭКСПО – 2017 көрмесін 115 мемлекет, 22 халықаралық ұйым қатысуда.
• 2020 жылы өтетін халықаралық көрме БАӘ, Дубай қаласында өтеді деп жоспарланды.

Сингапур павильоны да қызық. Тасыр-тұсыр, тоқ-тоқ еткен дыбысқа құлақ түріп жан-жағыңыздан сол дыбысты іздесеңіз, Сингапур павильонына жақындаңыз. Қабырғаға өрмелей отырғызылған гүлдердің ыдысын кішкентай ғана қара түйме, тетіктер соғып, дыбыс шығарып тұр. Жай дыбыс емес, бұл жүйкені тыныштандырып, шаршауды басатын Сингапур халқының ұлттық әні. Бұл сиқырлы әуенді тыңдап жүріп жоғарғы қабатқа көтерілсеңіз, сізді «Тілек» галереясы қарсы алады. Таза және тұрақты болашақты құруға шақырған бір жапырақ қағазға гүлдердің тұқымын қоса береді. Қағазға тілегіңізді жазып қалдырып, гүлдің дәнін сол жерге егесіз, қалғанын үйіңізге алып қайтасыз. Яғни, Сингапур павильонынан алып қайтқан гүлдің тұқымын өндіріп, баптау арқылы сіз де таза болашаққа және өз тілегіңіздің орындалуына бірінші болып үлес қосасыз. Осыған ұқсас «тілек ағашы» Венгрия павильонында да кездеседі.

DSC 0415

Қазақстанның «Нұр Әлемі»

Әлемдегі ең үлкен сфералық ғимарат – «Нұр Әлем» Қазақстанның ұлттық павильоны көздің жауын алады. Құрылысының әр бөлігі ерекше. 8 қабатты ғимараттың бірінші қабатында ұлттық павильон Қазақстанның тарихы мен мәдениетінен сыр шертеді.

«Нұр Әлем» сфералық ғимараттың ең биігінен Астана қаласының бүгінгі кескін-келбетін тамашаласаңыз, сол 8 қабатта орналасқан көрме көрнекілігі Астананың болашағы туралы мәлімет береді. 7-2 қабаттарда Болашақ Энергия мұражайы орналасқан. Олардың қатарында ғарыш, күн, жел, биомасса, су және кинетикалық энергия көздері бар. 

«Қай павильонды аралаудан бастасам екен» деп абдырауыңыз әбден мүмкін. 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйымның әрқайсысы ашқан павильондар өзінше қызықты. ЭКСПО – 2017 көрмесіне жолыңыз түссе, «Нұр Әлемді» араламай қайтпайтыныңыз анық. Ал өзіңізді қызықтыратын елдердің тізімін алдын ала жасап алыңыз. Сол тізім бойынша асықпай сүйікті елдеріңіздің сырына қанық бола аласыз.

Опубликовано в Саясат

«Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов халықаралық көрменің миллионыншы билетін сатып алушы ОҚО тұрғыны Қайрат Мамаевты марапаттады. Компания басшысы оңтүстікқазақтандық азаматқа естелікке телефон сыйлап, бір жылға трафигі бар wifi роутері мен нөмірді тарту етті.

expo bilet

Сондай-ақ миллионыншы билетті сатып алған Қайрат Мамаевпен баспасөз мәжілісі өтті. Әңгіме барысында ол көрмеге отбасымен келетінін жеткізді.
– EXPO халықаралық көрмесі күнделікті шараның бірі емес. Оны өткізуге ынталы елдер көп. Сондықтан халықаралық көрменің Астанада өткізілетіні еліміз үшін үлкен жетістік, зор мақтаныш. Біз де отбасымызбен көрмеге келуді ұйғарып, 4 билет сатып алдық. Миллионыншы билеттің иесі болғаныма қатты қуандым, – дейді Қайрат Мамаев.

Опубликовано в Қоғам
Среда, 05 Апрель 2017 04:26

ЭКСПО-ға билеттер сатылуда

Биыл Астанада 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында әлем назарын өзіне аударған ЭКСПО-2017 көрмесі өтеді. Оған 115 ел, 18 халықаралық ұйым және бас-аяғы 5 миллионнан астам адам қатысады.

93 күн ішінде 3 мыңнан астам шара ұйымдастырылады. Әнші Димаш Құдайбергеновтың, сондай-ақ әлемдік деңгейдегі жұлдыздардың концерті, кәсіпқой боксшы Геннадий Головкиннің жекпе-жегі, «Цирк Дю Солей» қойылымдары, шоулар мен карнавалдар және тағы басқа да қызықты ойын-сауық кештері болады деп күтілуде. 

Қазір облысымыздың түкпір-түкпірлеріне ЭКСПО-2017 көрмесінің билеттері сатылуда. Шымкент қаласының кәсіпкерлік бөлімі туроператор «Sky Way Travel» ЖШС-і Астана «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің ресми серіктесі ретінде көрменің билеттерін таратушы болып танылған. Осыған орай, аталған компания өкілдерінің қатысуымен Шымкеттегі «Достық» қонақүйінде таныстырылымы өтті. 

– Шымкенттік тұрғындар билетті beStar.kz сайты арқылы ала алады. Билет екі күнге арналған. Олардың бағалары да әртүрлі, 6000, 25 000 және 26 000 теңгеден. 6000 теңгелік билет тек көрме алаңына бір күнге кіру үшін ғана. 25 000 теңгелік пакетке көрмеге кіру, көрмеге дейінгі трансфер, үш мезгіл тамақ және қонақүй кіреді. Ал 26 000 теңгелік пакет 50 адамнан астам оқушыларға арналған. Оған көрмеге кіру билеті, көрмеге дейінгі трансфер, жатақхана (хостел), үш мезгіл тамақ, шолу экскурсиясы кіреді. Балаларды алып жүретін жетекшілер компания есебінен тегін жүре алады, – дейді «Sky Way Travel» туроператорының өкілі Мөлдір Ахметова.

Опубликовано в Қоғам