ӘЛЕУМЕТТІК САЛАНЫҢ САЛМАҒЫ БАСЫМ Избранное

Пятница, 16 Сентябрь 2022 05:37 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 830 раз

Қазақстанда зейнетақы жүйесінің тиімділігі арттырылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында осы бағытта тапсырмалар беріліп, жаңа шаралар топтамасы ұсынылды. Қазіргі таңда өңірлердегі жергілікті атқарушы органдар мен жауапты мекемелер қызу жұмыс атқаруға кіріскен.

139

 

– Президент тапсырмасының бірі де бірегейі – әйелдердің зейнетке шығу жасын 5 жылға дейінгі мерзімде тоқтата тұру. Яғни, 2023 жылдан бастап әйелдер зейнеткерлікке 61 жаста шығады. Бұл шара коронавирус пандемиясының азаматтардың денсаулығы мен өмір сүру ұзақтығына теріс әсер еткенін ескере отырып қабылданды. Сондықтан алдағы 5 жыл ішінде денсаулық сақтау жүйесін жақсарту жөнінде шаралар қабылданатын болады. Бұл ретте, ауыл медицинасына, азаматтардың денсаулығын қалпына келтіруге және қолдауға бағытталған оңалту орталықтары желісін құруға, сондай-ақ кеңейтуге ерекше назар аударылмақ, – деді Еңбек және әлеуметтік қорғау Комитеті Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Бахтияр Өнербаев.

137


Бұған қоса Қазақстанда зейнетақы төлемдері көбейеді. 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2027 жылға дейін ең төменгі базалық зейнетақы мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызынан 70 пайызына дейін, ал ең жоғарғысын – тиісінше 100 пайыздан 120 пайызға дейін кезең-кезеңімен жеткізіледі. Тиісінше, базалық зейнетақы мөлшері орта есеппен 51 пайызға көбейеді.
– Нәтижесінде 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақы мөлшері орта есеппен, 3 жыл ішінде 109 мың теңгеден 138 мың теңгеге дейін көбейеді. Сонымен қоса, жиынтық зейнетақыдағы мемлекеттік төлемдердің үлес салмағын арттыруға мүмкіндік болады. Осылайша, мемлекет тарапынан қарт адамдар арасында кедейліктің өсуіне жол бермеу үшін шаралар қабылдануда, – дейді Бахтияр Әлтайұлы.
Көпшілік құлақдар болып үлгергендей, бала күтімі кезеңі 1 жастан 1,5 жасқа дейін ұзартылады. Мамандар бұл қолдау жұмыс істейтін де, істемейтін де ата-аналардың барлығына қатысты дейді. Осылайша жарты миллионға дейін ата-ана осы құқықты пайдаланады.
– Бір ескеретін жайт, бала күтімі бойынша жәрдемақы алуға үміткер ата-аналар оның әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі неғұрлым көп болса, төлем мөлшері соғұрлым жоғары болатынын білуге тиіс. Бұл төлем бүгінде МӘСҚ-ға аударымдар жүргізілген табыстың 40 пайызын құрайды. Ал жұмыс істемейтін немесе бала туғанға дейінгі соңғы екі жылда 6 айдан кем жұмыс өтілі бар ата-аналар тек мемлекеттік бюджеттен төленетін жәрдемақы мен төлемдерге ғана үміткер бола алады. Екіншіден, бүгінде балаға күтім жасайтын ата-ана жұмысқа қайта шыққан жағдайда бала күтіміне төленетін жәрдемақы тоқтатылатын еді. Ал жаңа Кодекс бойынша осы санаттағы отбасыларды қолдау үшін төлемдер тоқтатылмайды және республикалық бюджеттен төленетін жәрдемақы мөлшеріне сәйкес төленеді, – дейді департамент басшысы.
Бүгінгі таңда балалы отбасыларды қолдаудың қолданыстағы моделі мемлекеттік жәрдемақылар мен төлемдердің 6 түрін қамтиды. Әлеуметтік кодекстің жобасында да осы әлеуметтік қолдау шараларының барлығы толық сақталған.
Әлеуметтік саладағы тағы бір жаңалық – қыркүйек айынан бастап елімізде пилоттық жоба ретінде Отбасының цифрлық картасы енгізілді. Ол әлеуметтік мәртебесіне байланысты, азаматтардың кепілдендірілген мемлекеттік қолдаудың қандай да бір түрін алу құқықтары туралы «электронды жаршысы» іспетті. Оның ең басты артықшылығы –мемлекеттік қызметтер проактивті түрде көрсетіледі.
– Алдымен мемлекеттік ақпараттық жүйелер негізінде отбасылардың әл-ауқат деңгейі мен оларға тиісті мемлекеттік қолдау шаралары айқындалды. Қазірдің өзінде цифрлық картада шамамен 6 млн отбасы (19 млн адам) туралы мәліметтер, «отбасы портреті» деп аталатын деректер қамтылған. Карта деректері отбасы және оның мүшелері мәртебесінің өзгеруіне қарай жаңартылып отырады. Мемлекеттік қолдау шараларын алу құқығы белгіленген жағдайда ол адамға мемлекеттік қызмет көрсетуге келісім алу үшін СМС-хабарлама жіберіледі, – дейді Бахтияр Өнербаев.
Азамат келісім бергеннен кейін әлеуметтік жәрдемақы, төлемдер немесе мемлекеттік қолдаудың басқа да түрлері оның шотына аударылады. Жоба кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. 2022 жылдың 1 қыркүйегінен бастап жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдердің 9 түрі бойынша жаңа форматта қызмет алу мүмкіндігі ұсынылуда. Келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап тізбе әлеуметтік қорғау саласындағы қызметтермен кеңейтіледі, денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы мемлекеттік кепілдіктер енгізіледі. Ал 2025 жылдан бастап мемлекеттік кепілдіктердің барлық түрлері қамтылмақ.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.