ЖАЗДЫҢ АПТАБЫ мен ҚЫСТЫҢ ЫЗҒАРЫНА ҚАРАМАЙ... Избранное

Пятница, 23 Сентябрь 2022 04:41 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 4231 раз

«Жасыл жер» ЖШС-де 500-ден астам тазалықшы екі ауысымда жұмыс істейді

Қала тазалығымен сәнді. Бұл – үстіне арнайы кеудешесін киіп, құралдарын сайлап, күнделікті қызу тірлікте жүретін тазалықшылардың еңбегі. Жаздың аптап ыстығы мен қыстың ызғарына қарамастан, олар қарбалас тірліктерін тоқтатпайды. Қала тазалығына жауапты қызметкерлерді күнделікті жиі көргеннен кейін болар, көпшілігіміз елей бермейміз. Енді кейбірі тазалықшы жандардың жанкешті еңбегіне алғысын айтып жатады. Жуырда қала тазалығына жауапты мекемелердің бірі – «Жасыл жер» ЖШС-нің жұмысымен танысып қайттық. Алдымен кеңсеге жақын маңда мекеменің тазалықшы қызметкерлерімен аз-кем сұхбаттастық.

231

 

Алғыс арқалаған жандар

Аяқжолдан өткен жолаушыларға қолайсыздық туғызбау үшін ептілікпен, шаңғытпай көше сыпырып жүрген Балжан Сағынбеков қаладағы түрлі коммуналық мекемелерде көше сыпырушы болып жұмыс істеген. 2020 жылдан бері кейіпкеріміз «Жасыл жер» мекемесінде еңбек етеді. Оның сөзінше, қоғамда тазалықшыларға деген түрлі көзқарас бар.
– Біздің жұмысымыз таңғы сағат 6-дан басталады. Көшеде көлік көбеймей тұрғанда орталық көшелерді сыпырып шығамыз. Кейін ішкі көшелерді тазалаймыз. Бес саусақ бірдей емес қой? Кейбір тұрғындар өздерін бізден жоғары санайтынын олардың көзқарасынан-ақ байқауға болады. Ал кейбір жандар бізді көрген сайын ықылас танытып, «Сіздердің арқаларыңызда көшелеріміз мұнтаздай таза болып тұрады» деп, алғыс айтады. Жылы сөзі мен ыстық ықыласын жеткізген азаматтарға біз де риза боп қаламыз. Тіпті, қуаныштан көзіме жас аламын, – дейді кейіпкеріміз.
Жасы 50-ден асқан Балжан Елтайқызы бүгінде 4 баланың анасы. Ол өз жұмысына көңілі толатынын жеткізді.

230


– Еңбекақымызды уақтылы аламыз. Одан бөлек, әр мереке күндері қосымша сыйақы беріледі. Бұйыртса зейнет жасына дейін осы жұмысымды істеуге ниеттеніп отырмын. Жұмыс орныма көңілім толады. Біз сыпырған таза жолдармен адамдар жұмысына, оқушылар мен студенттер оқуына барады. Өзімді елдің жарқын болашағына барар жолды тазалап жатырмын деп сезінемін, – дейді
Б.Сағынбекова.

Екі ауысыммен жұмыс істейді

«Жасыл жер» мекемесінің Шымкенттегі филиалы өз жұмысын 2020 жылдың 14 шілдесінен бастаған. Мекеме Еңбекші мен Қаратау аудандарының орталық көшелері мен ішкі орамдық жолдардың тазалығына жауапты. Бүгінде осы мекемеде 500-ден астам адам екі ауысыммен жұмыс істейді. Атап айтқанда

234


Еңбекші ауданында – 330, Қаратау ауданында 290 коммуналдық қызметкер бар. Олар екі ауданның орталық ішкі орамдық көшелеріне механикалық және қолмен санитарлық-тазалық жұмысын жүргізеді.
– Екі ауданда да жұмыс екі ауысымға қойылған. Бірінші ауысым таңғы сағат 06:00-ден 14:00-ге дейін, екінші ауысым 14:00-ден түнгі 22:00-ге дейін. Әр ауысымда қызметкерлер аялдамадағы жәшіктерді қоқыстан босатып, ирригациялық жүйелерге жиналған қалдықты тазалап шығады. Оны тасымалдауға бір техника да бекітіледі. Қызметкер қай ауысымда жұмыс істейтінін ыңғайына қарай өздері таңдайды. Жұмысшылардың барлығы арнайы киімімен қамтылған. Жұмысқа да арнайы көлікпен жеткізіледі. Сонымен қатар, қала тазалығы үшін 55 техника жұмылдырылған. Олардың дені жазда жол жиегін жуатын, қыста қар тазалайтын, қоқыстарды тасымалдайтын әмбебап техникалар, – дейді «Жасыл жер» ЖШС Шымкент қалалық филиалының директоры Бекзат Байсақалов.

Қала тазалығына барлық тұрғын жауапты

Мердігер мекеменің жоба жетекшісі Қалдыбек Оразбаевтың сөзінше, әсіресе, көп қабатты үйлерде пәтер жалдап тұратын азаматтардың кейбірі қоршаған ортаға немқұрайлы қарайтыны соншалық, тұрмыстық қалдық салынған қалтаны терезеден лақтыратын жайттар жиі кездеседі екен.
– Біздің мекемеге жұмысқа келетіндердің басым бөлігі 50-ден асқан, зейнет жасына жақындаған кісілер. Бір жағынан алып қарасақ, егде жастағы жұмысшылардың жұмысы өте тиянақты. Жаздың аптабы мен қыстың ызғарына қарамай, берілген тапсырманы артығымен орындайды. Тұрғындар осы кісілерге рақметін айтып жатқанын жиі көріп жүрмін. Әйтсе де, қоршаған ортаны, қоғамды сыйламайтын тұрғындар да кездеседі. Жуырда қызметкеріміздің бірі аула сыпырып жүрген кезде, жоғары қабаттан лақтырылған қоқыстан жеңіл жарақат алды. Мұндай жағдай жиі қайталанып тұрады. Қоқысты арнайы орынға апарып тастауға ерінген тұрғындар осылай терезеден лақтырып, оңай «құтылғанды» жөн көреді. Біз орын алған әр оқиғаны зерттеп қарасақ, олардың дені пәтер жалдап тұратын студанттер немесе жас отбасылар боп шығады, – деп күрсінді Қалдыбек Жандарбекұлы.

233


– Балаларын қоқыс тастауға жіберетін ата-аналар алдымен қоқысты қалай, қай жерге тастау керегін көрсетіп түсіндірсе екен, – деген Қ.Оразбаев сөзін әрі қарай жалғастырды. – Көбіне балалар қоқысты белгіленген орынға жеткізбей, кез келген жерге тастап кетеді. Ол аздай, көліктерін жөнсіз жерге қойып, жұмысшыларымыздың жұмысына кедергі келтіретіні де бар. Кейде «көлігімді әдейі сырдың» деп, құзырлы органдарға шағымданамын дейтін ағалар да кездесіп жатады. Сондықтан, қала тазалығына бір мекеме ғана емес, барлық тұрғын жауапты болуы тиіс. Шымкент – өмір сүру сапасы, инфрақұрылымдық даму көрсеткіші жоғары, қонақжайлығымен де танылған қала. Бірақ, тұрғындардың қала тазалығына деген мәдениеті мен түсінігін әлі де көтеру қажет. Шыны керек, қоқысты қалаған жерге төгіп, «ақысын төлеп жатырмыз ғой» деп міндет ететіндер баршылық. Жалпы, бұл мәселемен тек көше тазалаушылар ғана емес, қоғам болып айналысу керек. Сондықтан мектепте 1 сыныптан бастап тазалық мәселесіне арналған сабақтар өтілсе дейміз. Баланың жастайынан тазалыққа үйренгені ата-анаға да, мұғалімге де абырой, - дейді маман.
Тарихи деректерге сүйенсек, кейбір елдерде көше тазалықшылары полициямен тең дәрежеде жұмыс істеген екен. Олар өздеріне бекітілген аумақтың тазалығына ғана емес, қоғамдық тәртіпке де жауапты болған.
Құқық қорғау органдарына әр жаңа тұрғын туралы хабарлап, қылмыскерлерді ұстауға көмек көрсетіп отырған. Қазірдің өзінде көше тазалықшыларының қоғамда өзіндік орны бар. Еңбегі көп бейнеткештердің арқасында қаламыз жыл сайын көркейе түсуде. Туған топырағымызды таза ұстап, абаттандыру – тек көше тазалаушының емес, баршамыздың борышымыз. Ендеше осы бір жандардың еңбегін бағалап, қоршаған ортаға бей-жай қарамағанымыз жөн.