Версия для печати

ДӘРІГЕРЛЕР АЛҒАШ РЕТ ЭПИЛЕПСИЯҒА ОТА ЖАСАДЫ Избранное

Пятница, 25 Ноябрь 2022 03:57 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 2743 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шымкентте алғаш рет эпилепсия дертіне шалдыққан 1 жас 9 айлық балаға жасалған күрделі ота сәтті өтті. Бүгінге дейін Алматы, Астана қалаларында ғана жасалып келген нейрохирургиялық бірегей оталар енді Шымкент қалалық балалар клиникалық ауруханасында да жасалады. Бұл туралы «Балалар нейрохирургиясындағы операцияның инновациялық әдістері» тақырыбындағы ғылыми конференция барысында белгілі болды.

486

 

Шымкент қалалық балалар клиникалық ауруханасында бірегей нейрохирургиялық оталар бойынша шеберлік сағаты өтіп жатыр. Дәрігерлер 24-26 қараша аралығында 5 күрделі ота жасауды жоспарлап отыр.
Жиынға Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы Ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы И.Глазебная, Алматы қалалық №2 балалар клиникалық ауруханасының бас дәрігері
М.Рабандияров, Ресей Федерациясы ДСМ «В.Алмазов атындағы ұлттық медицина орталығы» ФГБУ университеті балалар нейрохирургиясы бөлімінің меңгерушісі А.Ким, «Балаларға өмір сыйла» жобасының жетекшісі С.Селюнина, Шымкент қалалық балалар клиникалық ауруханасының бас дәрігері Д.Жұмаділова және бірқатар нейрохирург-дәрігер қатысты.
— Шымкент қалалық балалар клиникалық ауруханасы — қаладағы 18 жасқа дейінгі балаларға жедел және жоспарлы медициналық көмектің барлық түрін көрсетуге арналған көп салалы аурухана. 2020 жылдан бастап мамандарымыздың біліктілігін жетілдіріп, нейрохирургия саласын дамыта бастадық. Нейрохирургия саласын дамытуға қолдау білдіріп отырған Шымкент қаласы әкімдігі, Денсаулық сақтау басқармасы мен «Милосердие» қорына алғыс білдіреміз. 2021 жылы жергілікті бюджеттен 2,5 миллиард теңге қаралып, заманауи нейрохирургиялық қондырғылар — МРТ, ангиограф апараттары алынды. Жаңадан онкогематонефрология, нейротравматология, интервенциялық кардиохирургия бөлімшелері ашылды. Қазіргі уақытта заманауи жабдықтың көмегімен балалардың церебральді сал дерті, орталық жүйке жүйесінің туа біткен ақаулары, ісіктер, гематомалар, ми тамырларының тромбозы сияқты күрделі операциялар жасалып келеді. Шеберлік сағаты аясында еліміз бен шетелдің білікті дәрігерлерінің көмегімен Шымкентте бұрын-соңды жасалмаған ота түрлері жоспарланып отыр. Ота 1-5 жас аралығындағы бүлдіршіндерге жүргізіледі. Эпилепсияға шалдыққан науқасқа кезбе жүйкесінің қозуын төмендететін нейростимулятор орнату отасы бірінші рет жасалып отыр, – дейді Динара
Жұмаділова.
Ғылыми конференция аясында жасалатын нейрохирургиялық оталар еліміздің барлық аумағынан келген 30-ға жуық дәрігердің біліктілігін арттыруға мүмкіндік беріп отыр.
— Қазақстан әрдайым медицина саласына ерекше көңіл бөледі. Әсіресе, балалардың денсаулығын сақтауға бағытталған жұмыс өте көп.
Қазақстанға, оның ішінде Шымкентке бірнеше рет келдім. Мұндағы мамандардың шеберлігіне қызыға қараймыз. Ал техникалық жабдықталуы барлық деңгейдегі күрделі отаны жүргізуге қолайлы. Алдағы жоспарланған 5 ота — нейрохиругиядағы ең күрделі оталар. Науқастардың бірінде туабітті бет, бас сүйегінің деформациясы бар, екіншісі эпилепсия дертіне шалдыққан науқас. Ата-аналар өзінің өмірдегі ең қымбат байлығы – баласының өмірін бізге сеніп тапсырып отыр. Сондықтан, дәрігерлер ақылдаса отырып шешім қабылдаймыз және ол шешім оң нәтижеге жеткізетін болуы шарт. Ал көп болып қабылданған шешім мен жасалған емнің әсері зор, – дейді Александр Ким.
Ресейлік және отандық дәрігерлер бірігіп, орталық жүйке жүйесінің туа біткен ақаулары, краниостеноз-синостоз, Арнольда Киари, церебральді сал ауруы кезінде дорзальді ризотомиясы,
Мойя-Мойя ауруына шалдыққан науқастарға күрделі операция жасайды.
— Ота жоспарланған науқастардың диагнозы өте күрделі. Ресейлік әріптестеріміз консилиум аясында өздерінің көзқарастарын ашық білдіріп, тәжірибесімен бөлісті. Бұл оталар екі жақты тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Яғни, біздің білікті нейрохирургтеріміздің жұмысынан олар да қажетін алып жатыр. Мақсатымыз — балалардың денсаулығын жақсартуға үлес қосу. Мәселен, эпилепсияның барлық түріне ота жасала бермейді. Оған жағдайы күрделі науқастар іріктеледі. Тәулігіне 20-30 мәрте талып қалатын, эпилепсияның асқынған түріне шалдыққан науқас отадан кейін құлан-таза айығып кетпеуі мүмкін. Дегенмен, жүйке жүйесіне нейростимулятор орнату арқылы оның талмасын азайтып, жүйке жүйесінің қызметін реттеуге тырысамыз. Дәл осы оталар Алматы қалалық №2 балалар клиникалық ауруханасында да жасалып жүр. Науқастардың жағдайы жақсарып, біршамасы дертінен толық айығып кетті, – дейді Марат Рабандияров.
Ғылыми конференция барысында дәрігер-ғалымдар «Балалардың кезбе жүйкесінің стимуляциясы», «Жұлын дисрафиялары», «Бас сүйегінің қисаюын емдеудің консервативті әдістері», «Балалардағы краниотомия кезіндегі анестезиологиялық көмек» тақырыптары аясында баяндама жасап, тәжірибеден алынған жағдайлар бойынша кеңінен түсіндірді.
Айта кетейік, Шымкент қалалық балалар клиникалық ауруханасында бұған дейін де бірнеше шеберлік сағаты ұйымдастырылып, күрделі оталар жасалған болатын. Оның бірі – 2021 жылы сколиоз ауруына шалдыққан науқасқа жасалған күрделі ота. Сонымен қатар, нейрохирург, невропатолог, анестезиолог-реаниматолог мамандар
Алматы қаласындағы №2 қалалық балалар ауруханасы базасында біліктіліктерін арттырып, тәжірибе алмасты.