ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУЛАР ҚАРЖЫЛАЙ БЕРІЛЕДІ Избранное

Пятница, 27 Январь 2023 09:37 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 2103 раз

Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасыларға мемлекет тарапынан беріліп келген кепілдендірілген әлеуметтік топтама енді биылғы 1 қаңтардан бастап ақшалай түрде тағайындалды. Бұл туралы Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының өкілдері мәлімдеді.

63

 

– Осы уақытқа дейін мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасында 1-6 жасқа дейінгі балалар болса, оларға кепілдендірілген әлеуметтік топтама тауар түрінде берілген болатын. Мысалы, азық-түлік жиынтығы, гигиеналық құралдар. Енді осы аталған кепілдендірілген әлеуметтік топтама 2023 жылдың қаңтар айынан бастап ақшалай түрде тағайындалады. Әр балаға ай сайын мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке қосымша 5175 теңге төленетін болады. Ол қаржы сол отбасының жеке есеп-шотына жіберіледі, – деді басқарма басшысының орынбасары Мақсат Жолдасбеков.
Мамандардың айтуынша, отбасының жан басына шақандағы орташа табысы кедейлік шегінен аспайтын азаматтардың, қандастардың, босқындардың, шетелдіктердің және елімізде тұрақты тұратын, азаматтығы жоқ адамдардың атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар.
Айта кетейік, 2023 жылдың I тоқсанына арналған мәліметке сәйкес, Шымкент қаласы бойынша белгіленген кедейлік шегі – 31 184 теңге, ал күнкөріс деңгейі 44 549 теңгені құрайды.
Әлеуметтік саладағы өзгеріс жалғыз бұл емес. Мақсат Жанұзақұлы Шымкент қаласы мәслихатының 2019 жылғы 29 наурыздағы «Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидасы туралы» шешіміне өзгерістер енгізілетінін мәлімдеді.
– Қолданысқа енгізілетін жаңа шешімге сәйкес, I-II топтағы тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедектігі бар адамдар мен балалардың жүріп-тұруы үшін 5 АЕК – 17 250 теңге мөлшерінде ай сайынғы ақшалай төлем түріндегі әлеуметтік көмек беріледі. Бұл қаржы осыған дейін қолданылған әлеуметтік такси қызметінің баламасы ретінде тағайындалмақ, – деді Мақсат
Жолдасбеков.

64


Басқарма өкілі осы ретте әлеуметтік желіде тарап кеткен Шымкенттегі «Инватакси» қызметінің тоқтатылғаны туралы мәліметтің шындыққа жанаспайтынына тоқталды. Жауапты маманның айтуынша, 2023 жылға дейін қаламызда мүгедектігі бар адамдар мен балаларды тасымалдау үшін «Инватакси» және «Әлеуметтік такси» қызмет ұсынып келген. Яғни, екеуі – екі бөлек қызмет.
«Инватакси» – ҚР Көлік және коммуникация министрінің бұйрығымен бекітілген, республикалық бюджет есебінен қарастырылатын қызмет. Онда арнайы қызмет көрсету қағидаларына сәйкес келетін автокөліктер кресло-арбамен қамтамасыз етілген мүгедектігі бар адамдарға және мүгедектігі бар балаларды тасымалдайды.
2022 жылы Шымкентте бұл қызметті алу үшін 585 адамнан өтінім қабылданып, тасымалдау қызметін атқару үшін 28 автомашина қарастырылған.
Ал әлеуметтік такси қызметі, Шымкент қалалық жергілікті атқарушы органның шешіміне сәйкес, «Инватакси» қызметін алуға медициналық көрсетілімі жоқ, бірақ тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедектігі бар адамдарға ұсынылып келді.
– Биылдан бастап аталған қызметті монетизациялау бойынша ұсыныс қалалық мәслихаттың 2022 жылғы 23 желтоқсанындағы сессиясында қолдау тапты. Яғни, I-II топтағы тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедектігі бар адамдар мен мүгедектігі бар балаларға жүріп-тұруы үшін 5 АЕК мөлшерінде әлеуметтік көмек төленетін болады. Мәслихаттың сол шешімі қазіргі таңда әділет органдарында тіркеуге жолданған. Тіркелген соң ресми жарияланады деп күтілуде. Яғни, «Инватакси» тасымалдау қызметі жалғасады. Ал әлеуметтік такси қызметі 5 АЕК мөлшеріндегі (17 250 теңге) әлеуметтік көмек төлеміне алмастырылады, – деді басқарма басшысының орынбасары Мақсат Жолдасбеков.
2022 жылы осы бағытта жабдықталған 58 көлік қызмет көрсетіпті. Қаланың бюджетінен осы мақсатта 113 млн теңге бөлінген. Дегенмен, оның өзі аздық етіп, қала тұрғындары тарапынан көлікті ұзақ күту, бұзылып қалуы секілді шағымдар аз болмаған. Жауапты мамандар енді осындай келеңсіздіктің алдын алу үшін осы шешімді қабылдап отыр.
Бұл көмекті алу үшін тиісті санаттағы азаматтар Шымкент қаласы, Аймауытов көшесі, 130 ғимаратта орналасқан «Тең қоғам» әлеуметтік қолдау орталығына мынадай құжаттарды тапсырады: Еркін нысандағы өтініш, жеке бас құжаты, екінші деңгейлі банктегі есеп-шот, № 26/е нысанды дәрігерлік-консультациялық комиссияның қорытындысы, мүгедектік туралы анықтама. Өтініш берушіден құжаттар қабылданған күннен бастап он жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету немесе көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылданады және өтініш беруші жазбаша хабардар етіледі.
Жалпы, басқарма мамандарының мәліметінше, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек табысы аз азаматтарға кешенді әлеуметтік көмек көрсетуді көздейді. Бұл бағытта 2022 жылы аз қамтамасыз етілген отбасыларға ақшалай төлем, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бойынша шаралар, табысы аз отбасылардың балалары үшін кепілдендірілген әлеуметтік топтамамен (азық-түлік жиынтығы және тұрмыстық химия жиынтығымен қамтамасыз ету, оқу орны бойынша тегін тамақтану, мектеп формасы мен мектеп керек-жарақтарын, қалалық қоғамдық көлікте жеңілдікпен жол жүруді ұсыну) қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілді.
2022 жылы азаматтардан түскен өтінімдерге сәйкес 16 595 отбасыға (82 283 адам) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, тиісті көмек көрсетілген. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарынан 25 077 азамат жұмысқа жарамды, оның ішінде өтініш берген кезде 14 747 азаматтың жұмысы бар. Ал 1051 адам нәтижелі жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысты: 678 адам – тұрақты жұмыс орнына; 84 адам – қоғамдық жұмысқа, 28 адам – жастар практикасына, 16 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілді. 100 азаматқа өз кәсібін ашуға ықпал етілсе, 46-сы қайтарамсыз грант алған.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.