Нұргүлдің нұр шашқан гүл шамдары Избранное

Пятница, 03 Февраль 2023 04:32 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 2086 раз

Бүгінде бала тәрбиесінен алшақтамай, ошағының да отын сөндірмей, керісінше, осы жауапкершілігі мол әйел затының міндетіне қоса кішігірім кәсібін дөңгелетіп отырған сұлулар көп. Шымкенттік Нұргүл Тоқмамбетова – дәл осы біз сипаттаған жанның бірі. Ата-енесімен бір шаңырақ астында тұрып, бес баласын дүниеге әкелген келіншек қолөнер бұйымдарын жасауды қолға алыпты.

801

 

Шеберлік курсына қатысып, жанына жақын кәсіпті бастағанына небәрі екі ай болса да, бүгінде Нұргүлдің қолынан шыққан өнімге деген сұраныс біршама артқан.
— Үш күндік курсқа қатысып, кәсіптің жаңа түрін меңгеріп алғаныма қуаныштымын. Статистика саласының маманымын. Алғашқыда қаладағы ауруханалардың бірінде тіркеу бөлімінде жұмыс істедім. Үшінші баламды босанғаннан кейін жұмысқа шығудың реті келмеді. Осы уақыттан бастап еркін кестемен жұмыс істеудің жолын іздестіре бастадым. Отбасымның қолдауымен шағын кондитерлік цехта біраз уақыт еңбек еттім. Алайда, қолөнер бұйымдарына деген қызығушылығым айналысып отырған кәсібімді бастауға сеп болды, - дейді көп балалы ана.
Кейіпкеріміз кішкентайы қатайғанша үйде отырып, бір жылдай мемлекеттің тағайындаған атаулы әлеуметтік көмегін алыпты. Алайда, 2023 жылдан бастап тағайындалмайтын болғандықтан, қайта ізденіп, әрекет етуіне тура келген.
— Үш күндік курстың алғашқы күнінде-ақ қолымнан іс келетінін көрсеттім. Алғашқыда шамдардың тек гүл бейнесіндегі түрін жасап келсем, уақыт өте білімімді жетілдіріп, машығымды арттыра түстім. Қазір гүлден бөлек қуыршақ, доп типтес шамдарды да жасай аламын. Бұл –ынтасы бар кез-келген адам игере алатын кәсіп, - дейді ол.
Нұргүл алғашқы бір айда тапсырыс қабылдап, өз тұтынушыларын қуантып отыр.
— Кәсібімді толық таныстырып, аудитория жинап үлгермесем де, Аллаға шүкір, бір айдың ішінде оннан астам тапсырыс қабылдадым. Бұйымның түсі, көлемі тапсырыс берушінің өтінішіне қарай таңдалады. Үстелге қойылатын орташа көлемді, жерде тұратын биік шамдарды да жасай аламын. Үйдегі тірлігімнен қолым босай қалғанда, қажетті бөлшектерін қиып, дайындап қоямын. Тағы бір бос уақытымда құрап шығамын. Ал, тапсырысты қысқа мерзімде аяқтау керек болса, 3-4 сағаттың ішінде бір шамды дайындауға болады, - дейді Нұргүл Асылбекқызы.
Шебер шам жасау кезінде изолон, фоамиран материалдарын қолданады екен. Әзірге тауар қолжетімді әрі түрлі пішінді жасауға икемді болғаны үшін изолонды жиі қолданатынын да жасырмады.
— Себебі, фоамиран қымбаттау материал. Шикізат құны дайын өнімнің де құнына әсер ететіні сөзсіз. Ал, сұраныс болып жатса, тапсырыс берушінің қалауына қарай қымбат материалдан да жасап бере аламын. Бұдан бөлек, электр қуатын жүргізуге арналған сым, қосып-өшіру тетігі сынды бөлшектерді қолданамын, - дейді кейіпкеріміз.
Нұргүлдің ендігі қалауы – кәсібін ары қарай дамыту. Алайда, оның кәсібін кеңейтуіне қаржы қолбайлау болып тұр.
— Жас кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан берілетін гранттан үміттімін. Дегенмен, сұрастыра келе мемлекеттік грант қаржысы ол істі жүргізуге қажетті құрал-жабдықтарға бөлінетінін естідім. Яғни, тауарға қажетті материалдар есепке кірмейді. Ал, менің ісімде материал мен қол еңбегінің рөлі үлкен, сондықтан қаржының да басым бөлігі материалға жұмсалады. Мәселен, изолонның бір орамына 80 мың теңге қаржы қажет. Жұмыс барысында оның алуан түсін қолданатындықтан, әзірге тек қажетті бөлшегін ғана алып жүрмін. Пішін кесетін және жылыту құралы үшін үлкен жабдықтың қаражатын бөлмейтіні анық. Алдағы уақытта кәсіпкерлікті қолдауға арналған мемлекеттік грант жайлы сұрастырып, мамандардың кеңесіне жүгінбекпін, - дейді Н. Тоқмамбетова.
Елімізде қолөнерді серік етіп, оны табыс көзіне айналдырған жандар жетерлік. Бүгінде Нұргүлдің гүл шамдары сыйлық әрі интерьерді толықтыратын бұйым ретінде сұранысқа ие. Еңбекқорлығымен сүйікті ісін тапқан Нұргүлдей шеберлердің ісін дамытуына қаржының қолбайлау болатыны қынжылтады.

Таслима ӘЛІШЕР,
Абай атындағы ҚазҰПУ-дің 4-курс студенті

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.