"Наурыздың қайта жаңарғанына қуаныштымын"

Пятница, 20 Март 2015 08:01 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 4725 раз

«Біздің жас кезімізде Наурыз мерекесі керемет тойланатын. Әлі күнге дейін есімнен кетпейді. Әр үйге қыдырып баратынбыз. Наурызды кәрі-жастың барлығы да асыға күтуші еді. Қар еріп, жер бусанып, қорада мал төлдеп, көктің иісі аңқып  тұрған сәтте бұл мерекенің алар орны да ерекше. Бәріміз  Наурызға деп сақтап отырған әдемі киімдерімізді киіп шығамыз. Қыздардың басында қызыл орамал, ал, әжелер кимешек киетін. Киіз үйдің ішінде қыз-келіншектер сырттағы жігіттермен айтысатын. Керемет айтыс болатын! Ән айтып, би билеп, өнерімізді ортаға салуға қызығушы едік. Әр отбасы шама-шарқынша дастархан жаятын, наурыз көже ерекше ықыласпен пісірілетін...».

1278627103Ұлы Отан соғысының ардагері Айтжан Бекназаров атамыз әз-Наурыз мерекесінің көріністерін осылайша еске алады. Ерекше тебіреніспен әңгімесін бастаған соғыс ардагері бұл мереке кеңес үкіметінің солақай саясаты салдарынан  тойланбағанын қынжыла айтты.
– Бізге сол заманда Наурызды атап өтсек, «байские пережитки» дейтін. Осындай түртпектеудің салдарынан қазақтың әдет-ғұрпы, салт-дәстүріне қатысты мерекелердің бірін де тойламайтын және қорқатын жағдайға жеттік. Салтымызды сақтауды, оны жас ұрпаққа үйретуді қойдық. Бір оқиға есіме түсіп отыр. Сол жылдары әке-шешесі немесе туған-туысы қайтыс болғандар оны мұсылмандық салтпен жасырын жерлейтін жағдайға жетті. Бақилық болған адамды киіндіріп, табытқа салып әкетеді. Қабір басына апарғанда ғана кебінге орап, жаназасын шығарып жерлейтін болған. Келін түсіргенде де орамал салуға қорқатын. Сендер ол заманды көрмедіңдер. Шүкір, қазір бұл мереке қайта жаңғырды, – дейді қария.
Қария 92 жасқа келсе де,  жүрісі ширақ,  сөзі анық. Есте сақтау қабілеті де  мықты екен. Қай айда, тіпті қай күні  жаумен шайқасқа шыққанын ұмытпаған.
1941 жылдың ызғарлы желтоқсаны еді. Мектепте мұғалім болып жұмыс істеп жүрген жерінен  Айтжан Бекназаров   әскер қатарына алынды. Төлеби ауданы, Шутөбе ауылының 19 жасар тумасы  Тараз қаласында жасақталған   205-ші қазақ ұлттық атты әскер дивизиясында байланысшы болып қызмет атқарды. Ал 1942 жылы майданға аттанады. Мәскеу түбіне  жақын тұста атты дивизия таратылып,  оның негізінде  артиллериялық полк жасақталды. 152-ші артиллериялық полктың  бесінші батареясында аға барлаушы болып тағайындалды.  Полк құрамында  Сталинград, Украина майданына, Румыния, Болгария, Югославия, Венгрия, Австрия елдерін жаудан босатуға қатысты. Жеңісті Австрияда қарсы алды.
Бүгінде 4 қыз, 3 ұлдан  17 немере және 7 шөбере көріп отыр. Балаларының барлығы да жоғары білімді. Қолы қалт етсе,  жазғанды ұнатады. Жатып алғаннан не пайда, адамға ең алдымен қимыл-қозғалыс керек екенін айтады. Осы уақытқа дейін 4 кітап жазыпты. Шығармалары «Елтай елдің бір ұлы еді»,  «Ақиқат және әдеп»,  «Сұрапыл жылдар», «Тарихта өткен тұлғалар» деген атаумен жарық көрген. Аты айтып тұрғандай, «Сұрапыл жылдар» деген кітабында майданда бастан өткергенін жазған.
Бекназаров Айтжан ата бейбіт  заманда  немере-шөберелерінің қызығын көріп отырғанына тәубе етеді.  Өйткені, соғыс 19 жастағы бозбаланың өмірін ерте есейтті.
– Шүкір, халықтың жағдайы жаман емес. Тұрмысы да  жылдан жылға көтеріліп келе жатыр. Біз соған сүйсініп отырамыз. Жастар біз көрген қиындықты көрмесін. Бейбітшілігіміз мәңгілік болсын. Наурыз құтты болсын! Жаңа жыл жақсылық әкелсін! – деп  ақ батасын берді ақсақал.

Э. АЙНАБЕКҚЫЗЫ

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.