×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

«Серпiн» сенім мен серпіліске жол бастайды Избранное

Среда, 04 Май 2016 06:27 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 4122 раз

Өткен жұмада таң сәріден бастап Орталық саябаққа қала тұрғындары көптеп жинала бастады. Себебі, мұнда қалалық жұмыспен қамту орталығы бос жұмыс орындары бойынша жәрмеңке ұйымдастырды. Жәрмеңкеде Шымкент қаласының 131 кәсіпорнынан барлығы 2006 бос жұмыс орны ұсынылды. Бұдан бөлек, еліміздің солтүстік облыстарында мемлекеттік «Серпін – 2050» бағдарламасы шеңберінде қызмет етуге ниетті өңір тұрғындары ұсынылған 665 бос жұмыс орнына өз өтініштерін берді. Шараға облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова қатысты. Өз сөзінде олар облыста бірнеше мемлекеттік бағдарлама шеңберінде мыңдаған азаматтар тұрақты жұмыс орнымен қамтылып отырғанын айтты. Бұл күнгі шараға елдің 4 облысынан келген 36 мемлекеттік орган және 11 оқу орнының өкілдері қатысып отырды.

Болашаққа нақты қадам

«Серпін» әлеуметтік жобасы аясында бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне арнайы келген Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданы әкімінің орынбасары Медет Оспанов бүгінгі таңда өңірдегі қалыптасқан демографиялық ахуалға кеңінен тоқталып өтті.
– Тайынша ауданында барлығы 46 мың тұрғын мекен етсе, оның 28 пайызын ғана жергілікті қазақ ұлты құрайды, – дейді Медет Дулатұлы. – Өнеркәсіпті өркендету бағытында әсіресе, жас мамандарға деген зәруліктің барын да жасырмаймыз. Бұл тұрғыда, арнайы оқу тәжірибесінен өтіп, жаңа технологияны меңгерген қазақ жастарының аудан экономикасын түлектеріне сеніміміз зор.

zhumys-1

Шымкент қаласының тұрғыны Мөлдір Ерсейіт ҰБТ-де жинаған 72 балымен «Серпін – 2050» бағдарламасы бойынша білім грантын иеленгендердің бірі. Бүгінде ол Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтында «мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» мамандығы бойынша 1-курста оқып жүр. Мектеп түлектерін бағдарлама аясында білім алуға, болашағын нақ бүгінгі күн дұрыс бағдарлауға шақыруда.
– Мен өзім оқу грантын жеңіп алғанымда қатты қуандым. Ата-анама салмақ салмай, өз күшіммен оқуға түстім. Жат қалаға алғаш келгенімде бойымда қорқыныш сезімі болды. Кейінірек, замандастарыммен танысып, ортаға үйренісіп кеттім, – дейді ол.
Айтуынша, жатақханада студенттерге барлық жағдай жасалған – жатын бөлме, арнайы кір жуатын, шомылатын бөлме де бар.
– Біле білгенге, бағдарламаның жас өскіндерге берері көп, – дейді Мөлдір Бақытқызы. – Ердің емес, елдің баласы болуға ұмтылған талапкерлер ең алдымен, тәуекелшіл, өзгерістерден жасқанбайтын, белсенді, өнерлі, білімге құмар, өзге өңірлерде оқып, қажет болса сол өңірлерде қалып жұмыс істеуден қашпайтын болса ғана, бастапқы мақсатына қол жеткізе алады. Ұлттық мүддені көздейтін бағдарламаның белсенді мүшесі бола білгенімді бүгінде мақтаныш сезіммен айтамын.

«Мәңгiлiк ел жастары – индустрияға!»

«Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» атты жоба аясында қолға алынған «Серпін – 2050» әлеуметтік бағдарламасы Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан және Маңғыстау облысының жастарына арналған.
2014 жылдан бастап жүзеге аса бастаған бағдарламаның негізгі мақсаты – халқы тығыз орналасқан еліміздің оңтүстік аймақтарындағы жастарды кадр жетіспеушілігі байқалған солтүстік, батыс және шығыс өңірлерінде оқытып, тұрақты жұмысқа орналастыру. Бұл бағдарлама бірінші жылы педагогикалық мамандықтар бойынша іске асқан болса, кейіннен оның аясы кеңейіп, техникалық және ауыл шаруашылық мамандықтарын қамтып отыр.

zhumys

«Серпін – 2050» әлеуметтік жобасы бүгінде еліміздегі табысты жүзеге асқан әлеуметтік бастамалардың бірі болып саналады. Халықтың жобаға деген қызығушылығы жыл өткен сайын артып отырғаны да байқалады. Сала мамандарының айтуынша, аталмыш бағдарлама жастардың сапалы білім алып, тұрақты жұмыс табуына зор мүмкіндік беруде. Алғашқыда жоба бойынша 2050 жас грант негізінде оқуға мүмкіндік алса, өткен жылы «Серпінге» бөлінген грант саны 3 есеге өсіп, 6200-ге жеткен. Олардың 5 мыңы тек жоғары оқу орындарының гранттары. Демек, «Серпін – 2050» жобасы қанатын кеңге жайды деген сөз.
– Мемлекеттік грантқа ие болған студенттермен мұндағы ұқсастық сол – жоғары білім грантын иеленгендердің барлығы да шәкіртақыға ие болып, темір жол арқылы барып-қайтатын жол шығындары өтеледі. Ал айырмашылығы – «Серпінмен» оқуға түскен жастар үшін екі үлкен кепілдік бар. Біріншісі, жатақханамен оқуды бітіргенге дейін толық қамтамасыз етіледі. Ал грантпен оқуға түскендерде ондай кепілдік жоқ. Екіншісі, егер оқу бітірген соң сол өңірде қоныстанып қалған жағдайда, жұмыспен толық қамтамасыз етіледі. Яғни, бағдарламаға қатысушылардың алдағы күндерде қиналмай-ақ жұмыс тауып, өздерінің әлеуметтік жағдайларын жақсартуына толық мүмкіндік бар, – дейді облыстық білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасының басшысы, жұмысшы топ төрағасы Болат Жанәбіл.
Алғашқы жылы жоба бойынша жалпы саны 2050 грант бөлінсе, жобаға қатысуға 10 мыңнан астам азамат өтініш білдіріпті. Яғни, әр орынды иелену үшін 5 адам бәсекеге түскен. Бұл – өте жоғарғы көрсеткіш. Жобаға әсіресе, Қызылорда мен Оңтүстік Қазақстан облыстарының жастары айырықша қызығушылық танытуда. Бөлінген 2050 білім грантының ең көп бөлігін Оңтүстік Қазақстан облысының жастары иеленген. Нақты айтқанда, 837 грантты жеңіп алыпты.

Жас талапкер ненi бiлуi қажет?

«Серпін – 2050» әлеуметтік бағдарламасына Маңғыстау, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстарының жастары қатыса алады. ЖОО-на түсу үшін түлектер ҰБТ немесе кешенді тестілеуге қатысуы керек. ҰБТ мен кешенді тестілеуден жиған ұпайы 50 балдан кем емес және де таңдау пәнінің ұпайы кем дегенде 7 балдан төмен болмауы тиіс. Ал колледжде білім алуға ниеттілер үшін ҰБТ және кешенді тестілеу тапсыру шарты жоқ. Колледждерге 11 сыныпты бітірген түлектер конкурс арқылы түсе алады.

DSC 0583

Айта кетейік, биыл бағдарлама бойынша жоғары оқу орындарына 5000, кәсіптік-техникалық колледждерге 1000 мемлекеттік грант бөлінуі жоспарлануда. Ол үшін солтүстік аймақтардағы 19 жоғары және 33 кәсіптік-техникалық колледждерде педагогикалық, техникалық, ауыл шаруашылығы және ветеринария мамандықтары бойынша бағдарламаға қатысушылардың тегін білім алуына лайықты жағдай жасалған. Бағдарламаның тағы бір ерекшелігі – бұрынғы жылдары мектеп бітірген түлектер де қатыса алады.
Аталмыш бағдарламаға қатысуға ниетті жастар құжаттарын 23 шілде мен 1 тамыз аралығында Шымкент қаласы Тәуке хан даңғылы 5, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің бас ғимаратында және А. Байтұрсынов көшесі 13, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының бас ғимараттарының 1-ші қабатында орналасқан «Серпін» әлеуметтік жобасының «Қабылдау комиссиясына» тапсыруына болады. Ал колледждерге түсу үшін талапкерлерді қабылдау комиссиясы Шымкент қаласы, Гагарин көшесіндегі №3 және Қ.Жарқынбеков көшесінің бойындағы №4 колледж ғимараттарында орналасқан.