Талапты студенттердiң талпынысы

Среда, 11 Май 2016 03:50 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 5986 раз

Жоғары қарқынмен дамып жатқан әлемдік технология дәуірінде жаңашылдығымен, ізденгіштігімен танылған жастар Шымкентте де көп. Мұхтар Әуезов атындағы ОҚМУ-дың студенттері Владислав Макушев пен Владимир Лукачев сондай білімді жастардың бірі. Олар бүгінде әлемнің технология саласындағы беталысын тұтастай өзгертуге бағыт алған 3D принтерінің қыр-сырын ұғуға талаптанып жүр.

IMG 6873

«Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығының III курсында білім алатын жастар былтыр «Шымкент Инновация» ЖШС ұйымдастырған байқауға қатысып, 3D протиптеу бойынша грант жеңіп алған. Грант қаржысына Голландияда жасалған 3D принтерін арнайы алдыртады. Әрқайсысының құны 3500 АҚШ доллары тұрады.
– Бізден «Бұл аппараттың кәдімгі қағаз басып шығаратын принтерден не айырмашылығы бар?» деп сұрайтындар көп. Айырмашылығы сол, біз қағаз емес, кәдімгі қолға ұстап, қажетке жаратуға, кем-кетіктің орнын толтырып, өндіріске, тұрмысқа пайдалануға болатын заттар шығарамыз, – дейді Владислав.
Бүгінде 3D принтері арқылы алпауыт елдер үй салуға қажетті заттар басып шығаруға кіріскен. Медицина саласында түрлі құрал-жабдықтар мен протездер де осы бір аппараттың көмегімен жасалуда. Ал біздің Шымкентте бүгінде бар-жоғы бес 3D принтер бар көрінеді.
– Бізге станоктардың деталін жасатуға қатысты бірнеше тапсырыс түсті. Зауыттағы станоктар шетелден келеді. Біраз уақыт жұмыс істегеннен кейін бір бөлшегі сынып, істен шығуы мүмкін. Оны шетелге қайта тапсырыс беріп, алдырмасқа амал қалмайды. Бағасы да қымбатқа түседі. Сол кезде 3D принтері көмекке келеді. Біз бөлшекті айна-қатесіз жасап бере аламыз. Сондай-ақ, зергерлер де жиі тапсырыс береді, – дейді Владимир
Владимир мен Владислав сабақтан тыс кезде сайт жасаумен, электроника заттарының бұзылған жерін жөндеумен айналысады. Сондай-ақ, университет ішінен ашылған бизнес-инкубаторда да жұмыс істейді.
Технологияның соңғы жетістіктерін меңгеріп, Шымкентте 3D принтерлерде зат басып шығару өндірісін дамытуға үлес қосып жүрген жалынды жастарға сәттілік тілейміз.