Бiр отбасында – екi полицей

Пятница, 24 Июнь 2016 06:39 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 6082 раз

Полицейлердің жұмысы қашан да қауырт. Күні-түні ел тыныштығын күзетіп, қоғамдық тәртіпті қадағалайды. Олар түрлі оқиғалардың ортасында болып, түрлі тығырықтардан жол табады. Осындай қиындықтарға қарамастан бүгінде полиция мамандығы үлкен сұранысқа ие. Әрбір үшінші жігіт пагон тағып, форма кисем деп армандайды. Солардың бірі – тергеуші Абубакир Халиков.

DSC 0463Қызметіне қырағы жігіт Әл-Фараби аудандық полиция бөлімінде жұмыс істейді. Ол бөлімде қызмет ететін полицейлер арасындағы жас маман. Жыл басынан бері тергеуші 3 ұрлық, 2 алаяқтық бойынша іс қозғапты. 

– Мен бұл мамандықты өзім таңдадым. Ішкі істер министрлігінің Алматы академиясындағы оқу бізге өмірлік мектеп болды. Теориялық білім алып қана қоймай, тәртіп пен шыдамдылыққа үйрендім. Жұмыстағы басты ұстанымым – алдымен, заң қағидасына жүгіну, сосын, заңдылықты сақтау арқылы азаматтардың құқығын қорғау, – дейді тергеуші жігіт. 

Абубакир білімге қанат қақтырған академияда болашақ жарын кездестірді. Ол Тоғжан Өмірзақовамен бір топта оқыды. Олардың сыйластықтары сезімге ұласып, биыл соңғы курста бас қосты. Қазір жары Тоғжан Өмірзақова Қаратау аудандық полиция бөлімінде көші-қон полициясының инспекторы. 

Тоғжан да бұл салаға кездейсоқ келмеген. Ол бала күнінен-ақ асқар таудай әкесі Қайрат Байболатовқа еліктегенін айтады. «Оның арнайы үлгідегі киімді кигеніне қызығып, мен де осындай тұлға боламын деген бала қиялмен өстім» дейді жас инспектор. Бүгінде инспектор келіншектің әкесі Қайрат Өмірзақұлы Ішкі істер департаментінде қызмет етеді. Жиырма жылдан астам еңбек еткен полиция полковнигінің еңбегі де жемісті. 

– Мен шетел азаматтары және елімізге оралған қандастарымызбен жұмыс жүргіземін. Мұнда Шымкентке көшіп келушілер өте көп. Бүгінге дейін тұрғылықты орналасуға – 70, азаматтық алуға 40-қа жуық отбасы қабылданды. Жас маман болсам да, тәлімгерім, полиция майоры Жасұлан Аликов өз тәжірибесімен бөлісіп, көмегін аямайды. Ол кісіге айтар алғысым шексіз, – дейді Тоғжан Қайратқызы. 

Абубакир мен Тоғжан үшін полицей абыройынан биік ештеңе жоқ, олар үшін арнайы форма ең әдемі әрі сәнді киім саналады. Жастар отбасымен құқық қорғау саласында бірге қызмет атқарғандарын мақтан тұтады.
– Бір салада еңбек ету, жауапкершілікті ғана емес, отбасындағы түсіністік пен сыйластықты қалыптастырады. Десе де, қызметтік мәселелерді бірге шешіп, кәсіби міндетті бірінші орынға қоямыз. Ал кәсіпке адалдық, қиын да жауапты істі абыроймен атқару басты ұстанымымыз, – дейді полицейлер.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.