Оның есiмi – Астана

Вторник, 05 Июль 2016 06:08 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 4879 раз

Астана Қарғабайдың есімі ел арасында азды-көпті танымал болып үлгерді. Оны танытқан «Еуразия» арнасындағы» «X Factor Қазақстан» тележобасы. Есімі ерекші жігіт ән додасында былтыр бағы жанып, жеңімпаз атанды. Астананың айтуынша, 1993 жылдың күзінде Түлкібас ауданының Жиенбай ауылында дүниеге келген оның есімін әкесі Алпысбай қойыпты.

n7QbB3trCPI– Әкемнің екі ағасы болған екен. Бірінің есімі – Мейірбек, екіншісі – Астана. Екеуі де ел басына қиын-қыстау күн туғанда қолына қару алып, екінші дүниежүзілік соғысқа аттанады. Өкініштісі сол, майданнан қайта оралмайды. Әкем сол екі ағасының құрметіне, есімдері өшпесін деп мен дүниеге келгенде есімімді азан шақырып, Астана деп қойыпты, – дейді ол. 

Астана ойын баласы кезінде есімінің мән-мағынасын түсінбегенімен, өсе келе мақтан тұтатын болды. Өйткені еліміздің елордасы Ақмолаға ауысып, оған 1998 жылы Астана деген атау берілді. Есімінің бас қаламен байланысатынына кеудесін мақтаныш сезімі кернеп, атын сұрағандарға «Астана» деп күлімдей жауап беретін.

Астананың әнге деген талабын, өнерге деген құштарлығын байқаған ата-анасы 10 жасында Шымкенттегі Жамал Омарова атындағы №1 балалар саз мектебіне жетелеп алып барады. Фортепиано мен вокальдан дәріс алған ол мектеп қабырғасында оқып жүргенде-ақ Греция, Түркия елінде өткен халықаралық ән байқауларында топ жарып, еліміздің атын шығарады. Бірақ 11-сыныпты аяқтағаннан кейін «біз сенің өнер жолың таңдауына қарсы емеспіз. Бірақ ер жігіттің нақты бір мамандығы болуы керек» деген ата-анасының ақылына құлақ асып, М. Әуезов атындағы ОҚМУ-дың «Құрылыс материалдары технологиясы» мамандығына құжат тапсырады. Өзге салада білім алып жүрсе де, ән әлемінен алшақтай қоймаған ол, «X Factor Қазақстан» тележобасында бақ сынауға бел буады.

– 2014 жылы осы жобаның тікелей эфирге іріктеу кезеңінде сүріндім. Бірақ жігерім мұқалмады. Бір жыл бойы қайта дайындалып, жеңімпаз болуға іштей өз-өзіме серт бердім. Осылайша былтырғы тележобада талай дарынды жастың арасынан суырылып шығып, қызылордалық Ару Әуезова екеуміз финалға шықтық. Ол жүрек толқытар сәт еді. Ән әлемімде бағым жанған күн. Сол кезде белгілі әнші Нағима Есқалиева мен тәлімгерім Нұрберген Махамбетов әрқашан атыма затым сай болу керектігін, ерекше есімімнің екі есе жауапкершілік жүктейтінін айтты. Мен әрқашан өзі есіміме құрметпен қарап, сенім үдесінен шығуға тырысамын, – дейді ол.
6 шілде – Елорда күніне орай ұйымдастырушылардан арнайы шақырту алған ол «Астана» атты жаңа ән жаздырып, бас қалаға жол тартты. Өмірінде бірінші рет табан тіремек. Бұрын тек теледидар мен фотосуреттен көріп жүрген еліміздің жүрегі – Астана қаласы өзгеше әсер қалдырса керек, бізбен бөліскенше асықты.

– Қазақстанның өзге аймақтарында, шетелде болдым. Бірақ Астанаға жол түспепті. Алғаш рет келуім. Жаңарған, жас қаланың кейпін көріп, көңілім толды. Бір-біріне еш ұқсамайтын зәулім ғимараттар, мәдени орындар, ерке Есіл, бәрі ұмытылмастай қуаныш сыйлады. Бұл біздің Тәуелсіздігіміздің жемісі, – дейді жас әнші.
Астана еліміздің бас қаласында армандардың орындалатынына сенеді. Өнер жолында атын қалыптастыру үшін аянбай тер төгу қажеттігін де ұғынады. Талапты, талантты жігітке біз де сәттілік серік болсын деп тілейміз.

Последнее изменение Вторник, 05 Июль 2016 06:30