Салмағы 300 келі, биіктігі 4 метр

Пятница, 15 Июль 2016 08:34 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 4816 раз

дәмi тiл үйiрген тортты шымкенттiк Диляфруз дайындап шығарған

«Инстаграм» әлеуметтік желісін ақтарып отырып бірін-бірі еш қайталамайтын торттар мен тәттілердің фотосуреттері жинақталған парақшаға көзім түсті. Саусағынан бал тамған қызбен таныс болуға асығып, көрсетілген ұялы телефон нөміріне қоңырау шалдым. Тәтті торт пісірудің шебері Диляфруз Бекболатовамен осылай таныстым.

tort-2Шымкенттегі №53 орта мектепті аяқтағаннан кейін өзге сыныптастары жоғары оқу орнына түсіп, арман қуып әр қалаға аттанып жатқанда, ол отбасына қолғабыс жасауға бел буады. Түрлі тәттілер пісіруге деген талпынысы кондитерлік цехқа қарай жетелейді. Тәжірибесі мен білімінің жоқтығына қарамастан, алға ұмтылысына қарап-ақ цех басшысы оны жұмысқа қабылдайды. Қағілез қыз аз уақыттың ішінде тәттілер мен торттардың сан алуан түрін пісіруді меңгеріп алады. 

– Осы кондитерлік салада жүргеніме биыл 10 жыл болды. Өз ісімді шексіз сүйемін. Маған торт пісірудің түрлі құпиясы мен қыр-сырын үйреткен ұстазым Назима Мансұроваға мен Эленора Бексейітоваға айтар алғысым шексіз, – деп бастады әңгімесін Диляфруз. – Әрине, кез келген істі қолға аларда қиындық туындайды. Төзім, ептілік керек. Және де қызығушылығың зор болса, барлық ауыртпалықты еңсеруге болады. Жоғары оқу орнында білім алмадым деп өкінбеймін. Есесіне ізденісімнің арқасында өз ісімнің шебері атандым.

Диляфрузға еліміздің түкпір-түкпірінен, сондай-ақ, шет мемлекеттен тапсырыс жиі түседі. Тәтті торттың бағалары 3500 теңгеден бастап 1 миллионға дейін барады. Ең биік торты 4 метрге дейін жеткен. Салмағы 300 келіні құраған тортты бес күнде дайындап шығыпты.

– Тапсырыс беруші ол тортты кімге сыйлайтынын айтқанда-ақ, қандай өнер туындысын жасайтынымды елестетіп үлгеремін. Шығармашылық ой-қиялың шексіз болуы керек. Тапсырыспен жасалған торттардың үлгісі қайталанбауына қатты мән беремін. Оңтүстік өңірінен бөлек Алматы, Астана, Жезқазған қалаларынан шақырту жиі түседі. Сондай-ақ, Испания, Ресей, Татарстан, тағы басқа елдерде тұрақты тұтынушыларымыз бар. Оларды ұлттық нақышта дайындалған, домбыра, зергерлік бұйымдар кейпінде пісірілген тәттілер арқылы таңғалдыра алдық, – дейді ол.

 tort-1 tort-3 

Торт пісірудің күрделі технологиясын меңгерген аспаз 10 жыл ішінде 500-ден астам жанға қыр-сырын үйретіп, тәрбиелеп шығарыпты. Жаңалыққа жаны құмар. Айналасына зер салып, торт пен тәттілерге бейнелейтін кескіндерді іздеп жүреді. 

– Тапсырыс берушінің көңілінен шығу үшін торттың әрбір бөлшегіне дейін креатив болғанын қалаймын. Тігін машинасы, бокс алаңшасы, өзге де сала мамандарына арналған торт пен тәтті тоқаштар ізденістің арқасында дүниеге келген. Жұмысыма осы уақытқа дейін бірде-бір шағым айтып келген адам болған жоқ. Ары қарай да осы сенім үдесінен шығу үшін еңбек етемін, – дейді Диляфруз.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.