Әлеумет және әлеуметтiк желi

Среда, 20 Июль 2016 06:35 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 3328 раз

Қазір – ақпарат ғасыры. Жаңа құндылықтар, жаңа мәдениеттер пайда болды. Сәт-санап, түрлі жаңа технологиялар өмірімізге енуде. Бүгінімізді электронды техникасыз елестету мүмкін болмай қалды. Дәстүрлі медиа да ғаламтормен шендесе алмайды осы күні. Кітап оқудан алыстап, интернеттен, әлеуметтік желілерден игілік іздеушілер көбейген. Қоғамның құндылығын пайдалана білейік. Ғаламтор техникасын озық меңгергендер интернет арқылы саудасын да дөңгелетіп отыр.

social-job-3

Ғаламтор ғаламаты

Ғаламтор мәдениеті жайында айтар сөз көп. Түрлі теріс ақпарат тасқынына қарсы төтеп беру үшін ұлттық иммунитеттің күші жеткілікті болуы ләзім. Жан-дүние тазалығы қажет. Жаһанданумен бірге әлеуметтік желілер де өмірімізге дендеп енді. Кәдімгі шырмауық секілді шырмап алғандай. Мемлекеттік саясатты жүзеге асыруда да әлеуметтік күшке ие бола бастады. Жауды алыстан іздеудің қажеті жоқ. Қазір «Ақпарат кімнің иелегінде, сол әлемді басқарады» деген. Әрине кез келген дүниені шектеусіз пайдалану зиянға ұшыратады. Бордай тозу мен құрдымға құлау...
Қауіп қайдан демеңіз. Әрбір азамат ақпарат жеткізуші тұлғаға айналғанда қоғамда түрлі түсініспеушіліктер туындайтыны рас. Теріс бағытта тәрбиеленіп жатқандар да аз емес.
ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Қарин «В контакте» әлеуметтік желісін жабу керек деген ұсынысын айтқан-ды. Оған көп азамат қолдау көрсетті де. Ерлан Тынымбайұлы «Айқын» газетіне берген сұхбатында: «Анығын айтсам, «В контакте» желісін жабайық деп нақты ұсыныс білдіргенім жоқ. Тек жұрттың назарын жалпы әлеуметтік желілерге, оның ішінде, әсіресе, В контакте желісінде болып жатқан жағдайға аудартқым келді. Өкінішке қарай, бұл желіде балаларды суицидке шақыратын контенттен бастап ашықтан-ашық мемлекетке қарсы әрекетке үндейтін арнайы аудио, видео, фотоматериалдар жарияланған. Мен үнемі айтып келем, мемлекеттің проблемаларын шешеміз деместен бұрын өз балаларымыздың тәрбиесін дұрыстап алайықшы. Біз осыған дейін патриотизмді қалай өлшеп келдік? Кім әдемі сөйлеп, ұрандатса, шыншыл сияқты көрінсе, соның бәрін «мынау патриот екен» деп бағалап жаттық. Бірақ алдағы уақытта патриотизм мұнымен өлшенбейді. Патриотизм, ең алдымен, әркімнің өз отбасындағы балаларына жауап беруі», – деді.
Ақпараттық қауіпсіздікті сақтау жағына мән бермесек келешек ұрпақ бізді кешірмейді. Әлеуметтік желілердің кесірінен қаншама шаңырақ шайқалуда.

Әуресі көп әлеуметтiк желi

Елімізде әлеуметтік желілерді пайдаланушылардың саны артып келеді. Brand Analytics сервисі дайындаған мәліметтер бойынша, 3,3 млн адам әлеуметтік желіні белсенді қолданады. Яғни, зерттеушілер кемінде айына бір рет парақшаларын жаңартатындарды есепке алған. Тұрғындардың ең көп тұтынатыны «В Контакте» желісі – 1,945 миллион адам. Оның басым бөлігі 18 жасқа дейінгілер. Бұдан бөлек, Инстаграмды – 1,336 миллион, «Мой Мир» – 1,553 млн, «Facebook» – 1, 258 млн адам қолданады. Ал ең аз тіркелген әлеуметтік желі «Twitter» – 16,6 мың адам.
Рас, күні бойы, түні бойы әлеуметтік желілерді қолданатындар бар. Онда жақсы да, жаман дүниелер де айтылып жатыр. Қажеттісін таңдап алу еркіңізде. Бостекі әңгімелер де, ұлтты ұшпаққа шығаратын дүниелер де баршылық. Адамның абыройы әлеуметтік желіде постына жазылған пікір мен «лайкына» қарап өлшенетін жағдайға жеттік.
Шетелде қандай екен? Олар қай мақсатта қолданады? Мәселен, Қытай ғаламторды дұрыс мақсатта пайдалануды жолға қойған сыңайлы. Әлеуметтік желілер де баршылық. Бірақ шегімен.
– Қауіпсіздік мәселесі бірінші орында. Елдегі жағдайларға байланысты осылай шектеулі. Дегенмен, өздері үшін экономикалық тұрғыдан тиімді етіп қойған. Киноны өздерінің сайттары арқылы көруге үндейді. Басқа шетелдік сайттарға кіруде қолайсыздықтар көп кездеседі. Ақыры қытайлық сайттардан қарауға мәжбүр боласың. Өйткені, сайттар баяу ашылады. Интернет сауда да дамып келеді. Тұтынушылар мен халық арасында байланыс дами түсу үшін ғой. Бізде де ғаламтор мәдениеті енді қалыптасып келіп жатыр. Интернет сауда да ене бастады. Қазіргі қиындықтардың барлығын уақытша деп білемін, – дейді Қытайда білім алып жүрген тележурналист Есболат
Айдабосын.

Блогер деген кiм?

Қоғамда түрлі көзқарас бар. Бүгінде ғаламторды белсенді қолданушылар арасында өздерін «блогер» деп атайтын қауым бар. Бірақ әліге дейін блогерлер мен журналистерді салыстыратындар бар. Ұлы-британияда білім алып жүрген Руслан Желдібайдың айтуынша, дәстүрлі және жаңа медиа бір-біріне қарсы емес, керісінше толықтырушы болуы тиіс.
– Сөзсіз, бүгінде әлеуметтік желі әрбір азаматты ақпарат таратушыға айналдырды. Десе де әлеуметтік желі – құрал ғана. Өкінішке қарай, бізде масс медиа тым бақылаулы, сондықтан әлеуметтік желі баламалы ақпарат көзіне айналды. Ал мұның қауіпті тренд екенін сарапшылар ескертті, себебі азаматтар әртүрлі арандатуға оңай беріледі. Ақтөбеде болған оқиғағалар да мұны дәлелдеді. Мәселен, еліміздегі танымал әлеуметтік желі «Фейсбук» Ұлы-британияда ешқандай да саяси желі емес, онда көбіне жеке өмірге қатысты ақпарат салынады. Өйткені, халық өзіне қажетті ақпаратты масс медиадан алып отыр. Журналистика өз қағидаттарына сай жұмыс істемесе насихатқа айналуы мүмкін. Бұл екі түсінік айырмашылығы – жер мен көктей. Сондықтан отандық масс медиаға өз қағидаттарымен жұмыс істеуіне мүмкіндік берілгенде біз мүлде басқа жағдайда болар еді, – дейді ол.
Әлеуметтік желі әсіресе, журналистер үшін тиімді. Хат-хабар алмасу, шетелдегі әріптестерімен байланысу, жазған дүниелерін оқытуда пайдасы көп. Дегенмен, әлеуметтік желіні мүлдем пайдаланбайтындар да бар. Олар негізінен әлеуметтік желі пайымды пікірлер ордасына айналғанда ғана тіркелмек.

Мұхиддин ИСАҰЛЫ,
теология ғылымдарының докторы:

Мұхиддин Иса– Бір кездегі ертегі-қиял мен әпсаналар ақиқатқа айналды. Соның ішінде ең елең еткізгені – интернет желісі болды. Ғаламтор – бейне бір үлкен ақпараттық тегін базар, қайнаған алып қара қазан тәрізді. Араны ашылған қоғамда одан қалағанынша алып жеп, бірі нәр алып жатса, енді бірі улануда. Ол бейне пышақ тәрізді. Пышақты адам игілігіне пайдалануға да өміріне қатер тудыруына да болады. Жақсы мен жаман араласып кеткен бұл желі көзінен қоғамның бір бөлігі пайда көрсе, енді бір бөлігі зиян шегуде.
Кез келген қоғамда дүние танымы әлсіз, психологиялық ауытқулар немесе жағымсыз ақпаратты бойына вирус тәрізді жинап алатын мақсат-мүддесі жоқ адамдардың радикалдық идеяларды бойына сіңірулері өте тез. Оларға көп жұмыс жасамай-ақ ақпаратты билеу арқылы құрыққа түсіріп құлатуға болады. Қоғамдағы діни экстремизмге келсек бұл жерде діннің ешбір қатысы жоқ. Бар болғаны ақпараттық күрес. Қазіргі таңда әлемдік алпауыт күштер бір елді басып алғысы келсе, көбіне соғыс арқылы емес алдымен осы интернет арқылы жаулайды.

Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан» газетінің ОҚО бойынша меншікті тілшісі:

Бақтияр– Жалпы, әлеуметтік желілерде кім де болса пікірін жазуға құқылы ғой. Бірақ біреудің ар-намысына тиетін сөздерден абай болу керек. Жақсы жазылған дүниелерді оқу керек. Асанәлі
Әшімов, Дулат Исабековтер фейсбукке тіркелсе, оларды қаншама адам оқитын еді. Нәр алатын еді. Мұхтар Тайжан сынды азаматтар ұлттық мүдде төңірегінде жақсы жазады. Сүбелі сөз ғана тарихта қалады.
Жалпы, өзімнің әлеуметтік желіге деген әуестігім жоқ. Ешқандай желіде тіркелген емеспін. Ғаламторды жақсы қолдануды да білмеймін. Қолы бостарға қызық шығар. Онда көп жағдайда өсек-аяң жазылып жатқанын естиміз. Кім біледі, алдағы уақытта тіркелуім де мүмкін. Әлеуметтік желі ұлтқа қызмет ете бастағанда ғана қызығушылығым оянар.

Последнее изменение Пятница, 22 Июль 2016 05:13
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.

Другие материалы в этой категории: « Абай болыңыз, алаяқтар! Екi қолға бiр жұмыс »