«АҚ орамал» акциясы басталды

Пятница, 05 Август 2016 06:37 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 7355 раз

Акцияны Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырып отыр. Алғаш болып бұл іс-шара Оңтүстіктен бастау алды. Оған облыстық Ассамблея жанындағы аналар кеңесінің мүшелері, жас аналар мен жас жұбайлар қатысты. Акцияның басты мақсаты – елдің барша азаматтарын «Ақ орамал» акциясына қатыстыру арқылы олардың этносына, әлеуметтік, діни және басқа да ерекшеліктеріне қарамай, бейбітшілік идеясы аясына шоғырландыру. Сондай-ақ, халқымыздың ежелгі дәстүрі – татуластыру салтын жаңғырту.

aad9d6c676d8a43e948c2e12e4eca453

Ақ орамалдың қазақ тарихында философиялық мағынасы тереңде жатыр. Мәселен, әйел ана басындағы орамалын шешіп, жауласушылардың ортасына тастау арқылы жанжалды тоқтатқан. 

Акция облыстық перинаталдық орталығында бастауын алды. ОҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы аналар кеңесінің төрайымы Балқия Көмекбаева перзентханада өмірге сәби әкелген 10 анаға ақ орамал жауып, батасын берді. Солардың бірі – Ордабасы ауданының тұрғыны Жайна Медеубай. 

– Перзентханада алтыншы баламды дүниеге әкелдім. Үйде үш қыз екі ұлым бізді тағатсыздана күтіп отыр. Ұлымды аман-есен бауырыма басып, үйге қайтар кезде, тамаша акция аясында басыма ақ орамал жабылды. Орамалым басымнан түспейтін мен үшін бұл керемет сыйлық болды, – дейді Ж.Медеубай. 

ff276e4102120316727118f1e7fe09c2

Аналар кеңесінің төрайымы Балқия Көмекбаеваның айтуынша, ақ түс – тазалықтың белгісі, адамның ойы мен жан-дүниесінің пәктігін білдіреді. Бұл – ананың ақ сүтінің түсі. Абыройдың, ізгіліктің, аманатқа адалдықтың белгісі.

– Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Вашингтон қаласында өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі IV саммитте жариялаған «Әлем. XXI ғасыр» манифесін ілгерілетуді қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясы «Ақ oрамал» республикалық акциясын өткізуге бастама жасады. Осылайша, қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрін жаңғыртуды жөн санадық. Облысымызда 130-дан астам ұлт өкілдері бір шаңырақтың астында өмір сүреді. Біз бейбітшілікті қолдаймыз. Сондай-ақ, аналар кеңесінің ұйымдастыруымен «Аналар шаңырақ шуағы» атты іс-шарасы өтеді, – деді Б.Көмекбаева. 

Акция неке сарайында аяқталды. Онда екі жас неке куәлігін алып, жас жұбайлар атанды. ОҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің ақ жаулықты аналары шаңырақ көтеріп жатқан жас жұбайларды құттықтап, қалыңдыққа ақ орамал жапты. Сондай-ақ, жастарға ақ орамалдың қасиеті жайлы айтылып, ардақты ана болуын тіледі. «Ақ орамал» акциясы облысымыздың басқа да аудандарында жалғасын тапты. Іс-шара тамыздың соңында аяқталады.

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.