×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

«Дәулетті болғың келсе, қаржыңды басқара біл!»

Пятница, 09 Сентябрь 2016 10:44 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 5878 раз

Бұл өмірде дәулетті болғысы келмейтін адам жоқ. Экономиканың дамуымен қатар түрлі нарық қатынастары өмірімізге дендеп енді. «Теңге тиыннан құралады» деген сөз бар. Қаржы саласы мамандарының да айтары осы. Яғни, естер ұстар қағида – дәулетті болу әр адамның өз қолында. Табысқа қалай жетуге болады? Өз қаржыңызды басқаруды білесіз бе? Газетімізде қаржылық сауаттылықты арттыру мақсатында «Капитал» айдарын ашып отырмыз. Ой қосыңыз, пікір білдіріңіз, қадірлі оқырман!

«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТТЫЛЫҚ ӘЛІ ТӨМЕН»

«Көп ақша табу – батырлық, оны сақтау – данышпандық, ал жөнімен жұмсау – өнер» деген екен Б. Авербах. Сол айтқандай, көпшілігіміз қаржыны басқарудың қарапайым ережелерін біле бермейміз.
Қаржы сөзі латынның financia – қолда бар ақша, кіріс деген мағына береді. Таяуда Brif Research Group агенттігінің қолдауымен жүргізілген зерттеуде мынадай дерекке көзіміз түсті. Бұл мекеме ел аумағында 20-60 жас аралығындағы тұрғындардың қаржылық сауаттылық деңгейін анықтаған. Қаржылық сауаттылық, қарапайым тілмен айтқанда орташадан төмен болып шығыпты. Мәселен, сауалнамаға қатысқандардың 36%-ы «қаржы өнімдерін мүлдем түсінбейміз, қолданбаймыз» дейді. Жалақысынан ақша артылған тұрғындардың 29%-ы бірден жұмсап бітіруге тырысады, тек 10%-ы ғана артық ақшасын жинайды. 38%-ы отбасылық бюджеттің кіріс-шығысын жүргізбейді. Нәтижесінде, жалақы алатындардың 63%-ы жалақысы келесі айлыққа дейін жетпейді. Ақшасы келесі айлыққа жетпейтіндердің 60%-ы қатаң үнемге көшеміз дейді.

aigulАйгүл ТӨЛЕМЕТОВА,
М. Әуезов атындағы ОҚМУ-дың «Экономика»
кафедрасының меңгерушісі:

– Бүгінде ел тұрғындарының қаржылық сауаттылығын көтеру – өзекті мәселенің бірі. Мемлекеттің ұсынып отырған қаржылық мүмкіндіктерін – субсидиялау, жеңілдетілген несие, шағын және орта бизнесті дамыту, т.б игіліктерді пайдалана білу үшін жүйелі қаржылық сауат керек. Қазір ақпараттық білім беру орталықтары ашылып, тұрғындарға тегін кеңес беріп жатыр. Бұл орайда «Даму» қорының, Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы мамандарының ауыл-аудандарды аралап, тұрғындарымен кездесулерін айта кеткен жөн. Елде 2011 жылдан бастап халықтық IPO бағдарламасы жұмысын бастады. Бұл бағдарлама да қарапайым тұрғындардың өз капиталын молайтуға бағытталған. Сондай-ақ, Жапония, АҚШ сынды мемлекеттердің тәжірибелерін пайдалануға болады. Ең болмағанда әрбір адам қаржылық білімін жүйелеп, қарапайым ережелерді білуі тиіс. Қысқа уақытта өздерінің отбасылық бюджетін жоспарлап, оны бақылауды үйрене білсе, табысы еселене түсер еді.

Жуырда ғана газетімізде 30 жасында табысты кәсіпкер атанған Аслан Есжанұлының сұхбаты жарияланды. Онда жас кәсіпкер «Бұл мақсатқа жетер жолда көп еңбектендік. Қаржы саласында білім алып, бизнес мектептеріне барып оқыдық. Басты есте ұстар қағида – қаржы басқарып үйренсеңіз қаржы өзі-ақ келеді. Кәсіпте қаржыны дұрыс бағытта жұмсап, дұрыс жоспарлай алған адам ғана жетістікке жетеді» деген-ді.
Қаржылық сауаттылық, нарық заңдарын білу – болашақта ақша табудың мықты базасы, болашақтағы қаржылық тұрақтылықтың кепілі.
Кез келген адам жеке қаражат және қаражат нарығының күрделі механизмдері туралы ойлану әлі ерте деп ойлайды. Керісінше, ақшаға байыпты көзбен қарасаңыз, сіз өз бетінше шешім қабылдай алатын, жауапкершілігі мол адамға айналасыз.
«Мен өскенде қандай қаражатқа өмір сүремін?», Кім маған лайықты өмір сүріп, Тәуелсіз болуға көмектеседі? Мемлекет пе? Ата-анам ба? Болашақ бизнесім бе?» Жастардың бұл сұрағына көбінде нақты жауап жоқ. Шешімі жоқ болып көрінген мәселелерді шешудің де жолы бар. Ол – қажетті қаржылық білімдерді алу. Өмірде жаңа салалармен, ғылыммен танысуды неден бастаймыз? Әрине, терминологиядан, тіл үйренуден. Қаржымен танысу да солай. Қаржы әлемінің тілін үйрене отырып, ешқандай қаржылық салым жасамастан табысқа жетуге болады.
Бұл орайда әйгілі қаржыгер Уоррен Баффетті мысалға келтірейік. Ол мектепте оқып жүргенде-ақ бизнесмен болуды мақсат етіпті. 11 жас шамасында оны өмірдің іскерлік қыры көбірек қызықтыратын. Он екі жасында Баффет миллионер болуды негізгі мақсаты етіп қойды. Ол біресе акцияларды саудалайды. Біресе өтпей қалған тауарды сатады. Енді бірде газет сатылымын ұйымдастырады. 14 жасында ол Небраскада 40 акр жерді 1200 долларға сатып алады да, сол сәттен бастап фермерге жалға береді. Сынған ойын автоматтарын сатып алып, оларды жөндеп, іске қосады. Көп ұзамай оның табысы аптасына 150 долларға жетеді. 20 жасында ол бағалы қағаздар нарығына шындап кіріседі. Отыз жас шағында ол бес миллиондық қаражат иесі болды.

ҮНЕМДЕУ – БАЛА
КЕЗДЕН БАСТАЛАДЫ

Жастарды қаржылық сауаттылыққа тәрбиелеуде ерте бастан көңіл бөлу маңызды. Әрі оларды жасөспірім шағынан жұмыс істетуге ынталандыру керек. Мәселен, Ұлыбританияда балалар 8 жастан жұмыс істейді. Швецияда еңбек коммуналары деп аталған мекеме 16 жастағы балаларды жұмысқа қабылдайды. Олар газондарды қырқады, қартаң адамдарға көмек көрсетеді, гүл отырғызады және қоқыс жинайды.
Балаларды өз бетінше қаражат табуға, қаржыны үнемдеуге қалай үйретеміз? Енді осыған келейік. Егер, ата-ана балаларын артық қаражат беруден тыйса, «ата-анам менен ақшасын аяйды. Олар мені жақсы көрмейді» деп ойлауы мүмкін. Бұл әрбір баланың басына келер алғашқы ой. Алайда бұл жағдай – жасөспірімдерді кенеттен ересек болуға үйретудің алғашқы баспалдағы. Ата-ана баланы ерте бастан осылайша ақша қатынастарымен біртіндеп таныстыра бастаған жөн. Балғын мектеп оқушысы үшін алғашқы мүмкіндіктер – бұл ақша шығынына берілген ақша және балаға өз бетімен шешім қабылдау мүмкіндігі. Алдымен бұл балмұздақ пен тәтті ірімшік арасында жасалатын таңдау болуы мүмкін. Содан соң ақшаны тәттіге жұмсамай, жинап қызықты кітап алуға тырысады. Ақша қатынастары тәрбиелеудің тамаша құралы болуы мүмкін. Мысалы, балаға ақшаны бір күнге емес, бір аптаға тіпті, одан ұзақ мерзімге де беруге болады. Осылайша, балада өз қаражатын болашаққа жоспарлаудың алғашқы тәжірибесі пайда болады.
«Қоғамдық пікір» қоғамы жүргізген зерттеулер анықтағандай, сауалнама жүргізілгендер арасында олардың 28 пайызы негізінде жасөспірімдерде бос ақша болмауы қажет деп санайды (олардың пікірінше жасөспірімдер ақша ұстай алмайды; ақша олардың тәрбиесіне кері әсер етеді, темекі, ішімдік және есірткілер қолдануға итермелейді). Бұл пікірмен респонденттердің 66 пайызы келіспейді – олардың көзқарасы бойынша жасөспірімдерде ол өзі жұмсай алатын ақша міндетті түрде болуы қажет (олар көбінесе өз ұстанымын жасөспірім қажеттігі мен қызығушылығын қанағаттандыру үшін ақша қажет деп түсіндіреді және ақшаны ұстау тәжірибесі есеюге, тәрбиеге оң әсерін тигізеді деген пікірде).
Ақшаны дәл қазірден бастап басқаруға болады! Бұл ретте сіздің қолыңызда қанша қаражат бар екені мүлдем маңызды емес. Қалтаңызда 50 немесе 500 АҚШ доллары болуы мүмкін. Осы қарапайым ережелерді орындай отырып, сіз ақшаның нағыз құндылығын түсініп қана қоймай, оларды басқаруды үйренесіз.

ЕСТЕ САҚТАҢЫЗ!

  • Алдымен сізде қанша ақша бар екенін санаңыз. Бірақ сіз келуін күтетін ақшаны есепке алмау керек. Қолға әлі түспеген ақша, бұл әлі сіздің ақшаңыз емес. 
  • Ақшаны бір күн ішінде шығындамауға тырысыңыз. Бір күнді таңдап, сол күні бір тиын да жұмсамауға тырысыңыз. Өз тілектеріңізді басқарып, осымен ақша үнемдеу қаншалықты жағымды екенін сезініп көріңіз. Өз өміріңізге мұндай қуанышты күндерді көбірек енгізуге тырысыңыз. 
  • Сатып алынған заттардың чектерін сақтаңыз. Көптеген адамдар чектерді қоқыс сияқты, қалайша қажет болатынын аңғармай тастай салады. Біріншіден, бұл шығындарды жүйелеуге мүмкіндік береді. Сіздің барлық жұмсаған ақшаңыз көз алдыңызда болады. Екіншіден, чек сақталса тауарды айырбастауға немесе оны мүлдем қайтаруға болады. 
  • Өз шығындарыңызды есептеңіз. Бір күн ішінде жұмсалған әрбір тиынды жазып отырыңыз. Бұл сіздің ақшаңыздың қайда кететінін көрсетеді. Күнделікті жазуды жалғастырыңыз. Көп ұзамай, сіз қандай шығындараға назар аударуыңыз қажет екенін түсінесіз. 
  • Бюджет құрыңыз. Сіз ай сайын келіп кететін ақшаны анықтаған соң, бұл ағындарды оңтайлы басқару үшін бюджет құрыңыз. Бұл бюджет әр түрлі қаржылық қиындықтар мен проблемалар жолында сізге басшылық қызметін атқаруы үшін жеткілікті түрде шынайы болуы қажет. 
  • Қаражат туралы оқыңыз. Білім – бұл қаржы төңірегінде әңгіме қозғалғанда өте қуатты қару. Бүгін сізді қызықтырған тақырыпқа жеке қаражат туралы мақаланы немесе кітаптың бір бөлігін оқып шығыңыз. Келесі күні мұны қайталап, өзіңізді өзіңіз жетілдіруді жалғастырыңыз. 
  • Сатып алынатын ірі заттар үшін ақша жинай бастаңыз. Тіпті өз жалақыңыз болмаса да, мотороллер немесе жаңа сноубордқа ақша жинауыңыз әбден мүмкін. Жинақтау шотын ашып, әр ай сайын немесе ақша алған әрбір кезде оған қандай да бір соманы бөліп отырыңыз. Тіпті кішігірім соманың өзі жоқтан жақсы. Мүмкіндігінше осы шотқа бөлінетін ақша сомасын ұлғайтыңыз.
Последнее изменение Пятница, 09 Сентябрь 2016 11:14
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.