Қуанышы мол құтты мереке Избранное

Среда, 14 Сентябрь 2016 04:53 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 3262 раз

Елімізде қасиетті Құрбан айт мерекесі жоғары деңгейде атап өтілуде. Мешіттерде айт намазы оқылып, құрбандық малы шалынды. Облыстың барлық мешіттерінде мұсылмандық рәсімдер атқарылды.

IMG 1083

Берекесі мен бірлігі мол мерекеге құрмет жоғары. Айттың алғашқы күні облыстық Орталық мешітке қала тұрғындары таңмен таласа жеткен. Мұндағы жиналған жамағатты облыс әкімі Б.Атамқұлов бастаған ел ағалары арнайы құттықтай келіпті. 

– Бұл қасиетті мереке бірлік пен ынтымақты, достық пен шаттықты насихаттайды. Құрбан айт мейрамы қанағат пен қайырымдылықты арттыратын мереке. Ата-баба дәстүрімен үндестігін тапқан айт мейрамы бүгінде мемлекеттік мереке дәрежесіне көтерілді. Елімізде бұл мерекені шат-шадыман көңіл күймен қарсы алу игі дәстүрге айналды. Сiздердi Құрбан айт мерекесiмен құттықтай отырып, мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тiлеймiн, – деді облыс әкімі. 

IMG 1147

Бұдан кейін облыстың бас имамы Ахметжан Керімбек тағылымы мол насихат айтып, ҚМДБ-ның төрағасы Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазреттің құттықтау хатын жиналған жамағатқа оқып берді. 

Құрбан айт намазынан кейін облыс әкімі Б. Атамқұлов өз атынан құрбандыққа мал шалды. Мешіт ауласына тігілген киіз үйлерде мәртебелі қонақтар мен жамағатқа мерекелік дастархан жайылды. 

IMG 1235

Сондай-ақ, мешіт ауласында ұлттық ойын түрлерінен сайыстар ұйымдастырылды. Атап айтқанда кір тасын көтеру, арқан тарту, қол күрес сынды ойындар көпшіліктің қызығушылығын оятты. Жеңімпаздарға бағалы сый-сияпаттар берілді. 

ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкіл имамы Ахметжан Керімбектің айтуынша, аймақтағы 800-ге жуық мешітте бір мезгілде айт намазы оқылды. Бүгінде өңірдегі 1600-ден астам жамағат Құрбан айт мерекесін Меккеде қарсы алып отыр.