Берекелі шаңырақ

Пятница, 16 Сентябрь 2016 09:04 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 7811 раз

Қыркүйек айының екінші жексенбісі – Отбасы күні.. Қазақ ұрпағымен мақтанады, мәңгі жасайды. Үлгілі отбасының қашанда тірегі әке, жылу таратар ана екені сөзсіз. Сондай жандардың бірі, жүрген өмір жолы өнеге, еңбегі зор – Шалхарбековтер отбасы.

mereili otvasyБүгінде отағасы Әбдірахман мен отанасы Ұлбосын 3 ұл, 2 қыз тәрбиелеп, 19 немере сүйіп отыр. 40 жылдан астам олар бір шаңырақтың астында тату-тәтті ғұмыр кешуде. Үлгілі шаңырақ өзгелерге өнеге. Еңбексүйгіштігінің арқасында ерлі-зайыптылар мақтаулы маман, өнегелі ата-ана атанды. Әсіресе, Ұлбосын Уалханқызының еңбегі ерен. Өмірдің сынақ сәттерінен сүрінбей өтіп, халық үшін қалтқысыз қызмет етіп келеді. 

– Менің басымдағы қиындықтар отбасылық өмірден басталды. Үлкен отбасына келін болып түстім. Жолдасым 10 баланың үлкені болды. Қалған бауырлары жас. Мен қаланың қызы болсам да, үй жұмысына үйреніп кеттім. Қолымнан келмейді демедім. Кейін еншімізді алып бөлек шықтық. Өз қолымызбен үй салып, балалы-шағалы болдық. Оларды өсіріп жүріп, жұмыс істедім. Сырттай пединститутты бітірдім, – дейді Ұлбосын апа. 

Қазір мерейлі отбасының 5 перзенті бір-бір әулет. Отбасының тұңғышы Ақберді Қазақ Мыс компаниясының президентінің орынбасары болып қызмет атқарады. Екінші ұлдары Абілғазы ірі кәсіпкер, үшінші ұлы Серғазы құрылыс саласындағы білікті маман. Қыздары Жанерке бес баланың анасы, аяулы жар. Ал Назерке Астана қаласындағы жоғары оқу орындарының бірінде проректор болып абыройлы қызмет етеді. Бүгінде отағасы Әбдірахман Шалхарбек қаржы бақылау департаментінен ревизор болып демалысқа шыққан. Ал Ұлбосын Уалханқызы зейнеткер болса да, ғұмырын бала тәрбиесіне арнап келеді. Қазіргі таңда «Ақзия А» ЖШС-нің директоры болып еңбек етеді. 

– «Отан – отбасынан басталады» дейміз. Біздің де отбасы шағын мемлекет. Мен жолдасымды шаңырақтың президенті деп ойлаймын. Елбасы мемлекет билігінің, адам құқықтарының қандай кепілі болса, Әбдірахман да отбасымның кепілі. Мен оның шығарған қаулылары мен тапсырмаларын балаларға жеткізіп отыратын үкімет басшысымын, – деп әзілдейді Ұлбосын апа. Ұлғатты ұстаз, абзал ана жас аналарға көп балалы болудан қорықпау керектігін, алды өскенде кішкентайына қарап, қолғанат болатынын айтады. 

Үйдің ырысы, шаңырағының шаттығы болған Ұлбосын Уалханқызынан жастардың үйренері көп. Отбасындағы ерекше сыйластық, жас буынға ой саларлық тағылымдары, ғибраты мол әңгімелері отбасыларына үлгі боларлықтай. Ұрпақтар сабақтастығын жалғаған, мерейі тасыған Шалхарбековтер отбасына қандай мақтау айтса да жарасады.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.