Ғасыр жасаған әже Избранное

Среда, 28 Сентябрь 2016 04:16 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 7609 раз

Шымкент қаласында 107 жастағы қария тұрады. Екі ғасырдың куәгеріне айналған Назым Мәмбетәлі жасы жүзден асса да әлі тың. Он ұл-қызынан 31 немере, 19 шөбере сүйіп отыр. Өткен аптада қала әкімі Ғ. Әбдірахымов шежірелі қарт тұрғынды арнайы құттықтады. Теледидар сыйлап, оған зор денсаулық, жанұясына бақыт тіледі. Бейбіт күндерімізді орнатуға үлес қосқан қазыналы қарттарымыздың барлығы ұзақ ғұмыр кешіп, аман болуына тілек білдірді.

Назым әже 1909 жылы Отырар ауданында дүниеге келген. Бізге ананың аппақ жаулығы – ана жүрегінің шексіз мейрімі мен кіршіксіз пейіліндей көрінді. Ал жүзін торлаған әжімдер басынан өткен аумалы-төкпелі тағдырынан хабар бергендей.

– Міне, өздерің көргендей аманмын. Алла денсаулық берсе, тағы осынша жасаймын,-деп әзілдеп қойды. Жүз жеті жасындағы өмірінде аштықты да, соғысты да, ұжымдастыру мен тәркілеуді де көрді. Ес білгеннен бастап еңбек етті.

– Соғыс жылдары тылда еңбек еттім. Қайда жұмсаса сонда бардық. Қолымыздан келгенше жеңісті жақындатуға өз үлесімізді қостық. Қазір Аллаға шүкір, балаларым, немере-шөберелерім қасымда. Ел аман, жұрт тыныш. Не ішемін, не киемін деп уайымдамайсың. Еңбекпен бәрін табуға болады, – деді Назым әжей ағынан жарылып.

Әшір қартпен бірге Назым әжеміз 10 ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Оқытты-тоқытты, бүгінде елдің азаматтары қатарында жүргеніне шүкіршілік етеді. Бүгінде өмірден ерте кеткен ұлының шаңырағындағы келіні Раяның аялы қамқорлығының арқасында ұрпақ рахатын көріп отыр.
Екі ғасыр куәсі болу оңай емес. Соған қарамастан ардақты ана қуатты. Ауырған кезі жоқ. Ол ұзақ жасаудың сырын бірінші кезекте еңбекпен байланыстырады. Сосын, дұрыс тамақтану мен күтімнің арқасы деп біледі.

– Анамыздың денсаулығы жақсы. 107-ге келсе де, бәрін таниды. Немере-шөберелерімен ой бөліседі – дейді қызы Күлсінай Әшірқызы.
Жақсылық пен жамандықты, бейнет пен зейнетті, қиындық пен қуанышты қатар көрген анаға қарап, қарттықтың ешқашан жаспен өлшенбейтініне, көңілдің қартаймайтынына көзіміз жетті. Айналасына шуағын түсіріп, шұғыласын шашып отырған Назым әжемізге біз де мықты денсаулық, немере, шөбере, неменелерінің қызығын көре беруді тіледік.

Бүгінде қалада жасы жүзден асқан 19 адам тұрады.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.