Халқымыз қариясын қазынаға балайды. Үлкенді ақылдың кені санап, құрмет көрсетеді. Сол бір тамаша дәстүр Қарттар күні жалғасын тапты.
Мереке күні ардагерлеріміз «Алтын сарай» мейрамханасында бас қосты. Шымкент қаласы әкімдігі ұйымдастырған шара жоғары деңгейде өткізілді. Қала басшысы Ғабидолла Әбдірахымов қариялар мен ақжаулықты аналарды мейрамымен құттықтады.
– Сіздерді БҰҰ Бас Ассамблеясы қарттар күні деп жариялаған, бүгінгі мейірім мен ізгілік мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Бәріңіз кейінгі ұрпақты ізгілік пен мейірбандылыққа, Отанымызға адал қызмет етуге үйретіп келесіздер. Араларыңызда бүгінге дейін ел игілігі үшін түрлі қоғамдық ұйымдарда еңбек етіп жүргендер аз емес. Сіз бен біздің қолдауымызға мұқтаж жандардан жүрек жылуын аямайық.Сіздерге зор денсаулық, берекелі ұзақ ғұмыр тілеймін. Әрқашан ықыласқа бөленіп, арамызда жүре беріңіздер! – деді Ғ. Әбдірахымов.
Бүгінде Шымкентте 70 мыңға жуық зейнеткер, соғыс және еңбек ардагерлері бар. Олардың 8 мыңы көпбалалы аналар, 141-і Ұлы Отан соғысының ардагерлері.
Қазіргі таңда Шымкентте 70 мыңға жуық зейнет жасындағы қарттар мен ардагерлер тұрады. Қала әкімдігі ардагерлерімізді ардақтап, оларды қашанда, қамқорлық аясынан тыс қалдырған емес. Осының айғағындай, мерекелер кезінде қарттарымызға түрлі әлеуметтік көмек көрсетіліп келеді. Сондай-ақ қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі тарапынан ҰОС мүгедектеріне, қаза болған әскери қызметкерлердің отбасына, тыл еңбеккерлеріне, ҰОС қатысушыларына теңестірілгендерге әлеуметтік көмектер берілді.
Салтанатты шарада сөз алған қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы И. Рысбай қарияларға жылы лебізін жеткізді.
– Біз жыл сайын мерекені атап өтуді жақсы дәстүрге айналдырдық. Жастық жалыны мен бойындағы күш-жігерін елдің дамуына жұмсаған қарияларымызды бүгінде жас буынның қамқорлыққа алып, сыйлауы орынды. Оларға қамқорлығымызды көрсету – біздің басты міндетіміз, – деді.
Қариялар мерекелік дастарханда бас қосып, арқа-жарқа болды.
Ш. Қалдаяқов атындағы «Тұмар» фольклорлық ансамблі, халықаралық байқаулардың жүлдегері Асыл Жандәулетов қарияларымызға әннен шашу шашты.
Осы орайда аға буын өкілдері мерекені ұйымдастырғандарға алғыстарын айтып, елімізде бейбітшілік пен тұрақтылық баянды болсын деген тілектерін жеткізді.