Ментальды арифметика балаға не береді?

Среда, 05 Октябрь 2016 06:59 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 19589 раз

Бір кездері кез келген есепті оймен шығаратын балаларды телеарнадан көретінбіз. Бірнеше секундта калькулятордан жылдам есептегеніне таңдай қаққанымыз есімізде. Сөйтсек дарынды балалар арифметика әдісімен оқыған екен. Қазір қаламызда зейінді дамыту орталықтары көбейіп келеді. Ал ата-аналар балаларының бос уақытын тиімді өткізуді ойлап, ментальды арифметика курсына апарады.

maket

«Архимедкада» 100-ден астам бала оқиды

Бүгінде арифметика баланың ойын дамытатын ерекше әдіске айналды. Ойлау дағдысын, ақпаратты жылдам қабылдау мүмкіндігін арттыратын көрінеді. Балалар математикалық тапсырмаларды есепшотпен орындайды. Кейін құралды көзге елестетіп, ойша есептейді. Әдіс он деңгейден тұрады. Сәйкесінше, деңгей жоғарылаған сайын есептер де күрделене түседі.
Деректерге сүйенсек, ментальды арифметика 5 мың жыл бұрын пайда болған. Алғаш рет арифметика саласында қытайлықтар жетістікке жеткен. Олар осыдан 5 мың жыл бұрын есепшотты (абакус) ойлап тапқан. Ал ментальды арифметика елімізде білім беру бағдарламасы ретінде 22 жыл бұрын енгізілді. Қазіргі таңда әлемнің Корея, Қытай, Малайзия, Жапония сынды 56 елінде 5 миллионнан астам бала осы әдіспен білім алатын көрінеді.
Бүгінде елімізде зейінді дамыту орталықтары көптеп ашыла бастады. Мұндай арифметиканың қыр-сырын үйрететін орталықтар Шымкентте де аз емес. Мәселен «Архимедка» биыл 17 сәуірде жұмысын бастады. Орталықтың атқарушы директоры Қуаныш Абылдаев қалалық балаларды ментальды арифметикаға баулып жүр. Ол жаңа саланың пайдалы жақтары мен оқытылу ерекшеліктерін айтып берді. Қазір мұнда 100-ден астам бала дәріс алады.
Мұғалімнің айтуынша, балаларды оқыту мерзімі олардың жас шамасына байланысты анықталады. Мәселен оқушылар бірінші деңгейді 1-2 айда үйреніп алса, 4 жастан 6 жасқа дейінгі балалар осы деңгейді 2-3 айда меңгереді екен.
– Біздің мақсатымыз – ментальды арифметика арқылы кішкентай бүлдіршіндерді білімге, ой ұшқырлығына баулу. Жалпы бұл әдістің 7 деңгейі оқытылады. Оқудың төлемақысы – 14 мың теңге. Сабақ аптасына 2 рет өткізіледі- дейді жас ұстаз. Айтқандай-ақ Қуаныш Абылдаевтың сөзінің жаны бар. «Архимедка» зейінді дамыту орталығында жоғары санатты 10 мұғалім сабақ береді.Әзірге балалар мықты деңгейге жетпесе де, 2-3 деңгейді үйреніп жатыр. Мұнда оқушыларға төлеамқыға жеңілдік те қарастырылған.

Әдістемені мұғалімдер қалай меңгерген?

Бірінші кезекте оқырмандарымызды оқудың сапасы қызықтыратыны анық. Ментальды арифметикада сабақ беретін мұғалімдердің деңгейі қандай? Баласының есепті «шемішкеше» шаққанын кім қаламайды дейсіз. Осында ментальды арифметикамен айналысып жүрген 1 сыныпта оқитын Бекзат Пернебай есеп шығаруды жақсы көретінін және есепті шешу өте қызық екенін айтады. Анасы Айманат Ізбасарова да баласына зейінді дамыту орталығының ықпалы мол екенін жасырмады.
– Ұлым да, қызым да арифметикамен айналысып жүр. Екеуіне де сабақ өте ұнайды. Бекзат бірінші сыныпта оқыса да, сандардың бәрін жатқа біледі. Екі ай ішінде нәтижесі байқала бастады. Мектептегі мұғалімдері олардың сабақ үлгерімінің айтарлықтай жақсарғанын айтады. Қазір 2-ші деңгейде. Екеуінің де он деңгейді толық меңгеріп шыққанын қалаймын. Ментальды арифметикаға аптасына бір рет барамыз. Қалған күндері есептер шығарамыз, – дейді жас ана Айманат.
Ашылғанына көп бола қоймаған орталық мұғалімдерінің деңгейі оқушылардан екі-үш деңгей ғана жоғары. Көбі (мұғалімдердің) әлі де оқуын жалғастырып жатыр. Әзірге бұл әдісті толық деңгейде меңгерген адам жоқ. Сондықтан, баласын мұндай үйірмелерге беретін ата-ананың әдістің оқытылу бағытына, оқытатын адамның тәжірибесіне мән беріп, олармен қатар баласының жетілуін бақылауда ұстағаны жөн-ақ.

Арифметика маркетинг емес пе?

Жаңа әдіс жөнінде жұрттың пікірі әралуан. Бірі балаға қажет десе, бірі бүлдіршіннің жүйкесіне салмақ салатынын алға тартады. Шындығында балалар күні бойы компьютердің алдында отырады. Ұялы телефоны тағы бар. Одан қалса, теледидар көріп, сабақ оқиды. Ал ментальды арифметика туралы жарнамаларға келсек, мұны маркетингтік қадам деп бағалауға болатын сияқты. Себебі, ғалымдардың пікірінше, балалардың 5 пайызы ғана тумысынан дарынды болып келеді. Ал ментальды арифметика – бұл есептеудің тәсілі ғана. Мұндай әдісті кез келген бала меңгере алады. Бұл туралы белгілі физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, ҚҰҒА-ның академигі Асқар Жұмаділдаев басылымдарға берген сұхбатында айтқан болатын.
– Біреу шойын темірді майыстырса, келесісі биік өкшемен жүгіріп жарысады. Бірақ оны спорт деуге келмейді. Сол сияқты, менталды арифметика да ғылым емес. Ол математикалық тәсіл, –деп академик өз пікірін білдірген еді. Дегенмен А.Жұмаділдаев бұл әдісті меңгеру миды шынықтыруға, есте сақтау қабілетін арттыруға мүмкіндік беретінін жоққа шығармайды.
Осы орайда жаңа әдістемені ұстаздар да қолдайды. Әсіресе, ментальды арифметиканы бастауыш сыныпта меңгеру балалардың қабілетін арттырып, ойын дамытады екен.
– Өзім математика маманы ретінде, балалардың кішкентайынан есепке жүйрік болуын дұрыс деп ойлаймын. Оның пайдасы өте көп. Бұл халықаралық деңгейде расталған бағдарлама. Менің ұлым Нұрсұлтан бірінші сыныпта оқиды. Жазғы демалыстан бері ментальды арифметикаға барып жүр. Бұрын есептің шешілу жолдарын білмейтін. Қазір зейіні жаман емес. Берілген тапсырмаларды мұқият орындайды. Ата-аналарға балаларын зейінді дамыту орталықтарына баруға кеңес беремін және бұл әдістемені қолдаймын, – дейді №10 жалпы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Эльмира Шекербекова.
Сонымен, ментальды арифметика мамандардың айтуынша, ғылым емес, математикалық тәсіл. Жаңа әдістеме ойды дамытады. Жылдам шешім қабылдауға үйретеді. Мұндай нәтижеге жұмбақ шешу арқылы да қол жеткізуге болады. Өйткені бүгінге дейін ауыз әдебиеті, ертегі, аңыз-дастандардың таралуы халқымыздың есте сақтау қабілетінің жоғары деңгейде қалыптасқанын көрсетеді. Десе де, ментальды арифметиканың пайдасы бар. Бірақ оны меңгеруге 3-4 жыл уақыт кетеді. Төлемақысының ата-анаға жеңіл болмайтыны да түсінікті. Балаңызды қоғамға қажетті ментальды арифметикадан қалдырмаймын десеңіз, таңдау құқығы өзіңізде.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.