×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

Дәнекерлеуші – беделді мамандық

Пятница, 21 Октябрь 2016 07:55 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 13273 раз

«Достық» шағынауданының тұрғындары – 4-разрядты дәнекерлеуші Мұрат Нышанбаевтың еңбегін айрықша бағалайды. Бүгінде М. Нышанбаев үздік газ-электр дәнекерлеушісі ретінде жоғары құрметке лайық.

DSC 0183Нышанбаевтар жанұясының әдеттегі қызметі отағасының қызын балабақшаға апарып, сүйікті жұмысына асыға қадам басуымен басталады. 

– Өзім жұмыс істейтін дәнекерлеу цехы үйдің маңында орналасқан, – дейді дәнекерлеуші. – Темірден түйін түйіп, дәнекерлеп, қажетті материалдар жасап шығару өзіме ұнайды. Сол себепті өзге салаға бет бұру ойымда жоқ. 

Әзірге цех ғимаратын жалға алып, өз ісін жандандырып отырған еңбек адамының өмірлік арманы асқақ. Күнделікті тапқан несібесі бүтін бір отбасының еркін тұрмыс-тіршілікте ғұмыр кешуіне жеткілікті екенін айтады. Бұйыртса, алдағы уақытта кәсібін кеңейтіп, өзінің жеке цехында жұмыс істеуді, осы арқылы кәсіпкерлік қызметін жандандыруды қолға алмақ.

Бүгінде цехта тұрғындардың арнайы сұранысына орай, күнделікті тұрмыстық заттар мен өзге де қажетті материалдар әзірленеді. Дәнекерлеу құралдарын жетік меңгерген маман келешекте ұлдарын да осы салада машықтандырмақ.

– Шын мәнінде, дәнекерлеуші – беделді мамандық. Металды дәнекерлеу жұмысы суретшінің шығармашылығы секілді асқан қажырлықты талап етеді. Мен білетін дәнекерлеуші әріптестерімнің көпшілігі тұрақты негізде 150-300 мың теңге аралығындағы жалақыға қызмет етіп жүр. Ай сайын мұндай көлемде табыс табу – өзге қызмет иелерінің қолынан келе бермейді. Мен жастарға мамандық таңдарда ұдайы қателеспеуге, техникалық салаларда өз ісінің маманы болып қалыптасып шығуға кеңес беріп жүремін, – дейді еңбек адамы.

Байқағанымыз, дәнекерлеушінің бүгінгі қызметі де әдеттегідей жетіп-артылады. Ақауы байқалған көлігінің қосалқы бөлшегін иінге келтіру үшін де бірнеше жүргізуші өз кезегіне тұрып жатты. Сөзден гөрі ісіне берік шебер қай кездегі ілтипатына салып, бізбен жылы қоштасты.