Дені сау ұрпақ – демографиялық өсу кепілі

Пятница, 28 Октябрь 2016 07:27 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 3221 раз

Түгел сөзді түйіп айтатын халқымыз «Тазалық – саулық негізі, саулық – байлық негізі» деп бекер айтпаса керек. Басты байлық – адам жаны мен тәнінің амандығы. Денінің сау болуын қандай адам қаламайды дейсіз? Бұл орайда Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында айтылғандай, халықтың денсаулығын сақтау мәселесіне ерекше мән беріліп келеді.

DSC 1179

Оңтүстіктің үлесі жоғары

Тәуелсіздік алған жылдардан бері елімізде денсаулық сақтау саласында атқарылып келе жатқан игі істер аз емес. Бұған дейінгі екi мемлекеттiк бағдарламаны (2005-2015жылдары) iске асыру нәтижесiнде Қазақстанда өмiр сүру ұзақтығы 70 жастан асты, халықтың жалпы өлiм-жiтiм көрсеткiшi 15,3 пайызға, ана мен сәби өлiмi 1,8 есеге төмендеді.
Егемендігімізді жариялаған ширек ғасырда облыста 347 денсаулық сақтау нысандары бой көтеріпті. Осы жылдар аралығында облыс халқының саны 1,8 млн-нан 2,8 млн-ға жетіп, 1 млн-ға өскен.
ҚР Статистика комитетінің мәліметіне сүйенсек, 1992 жылдың қаңтарынан 2016 жылдың наурызы аралығында 3 597 820 қыз және 3 775 851 ер бала туған. Дәл осы жылдары еліміздің демографиялық дамуына Оңтүстік Қазақстан (1 502 632) облысының үлесі зор. Салыстырмалы түрде алсақ, аталған уақыт аралығында өзге өңірлердің көрсеткіші мынадай: Алматы (826 196), Жамбыл (556 168), Қарағанды (524 559).
Тәуелсіздік жылдары елімізде 7 млн-нан астам сәби дүниеге келіпті. Елімізде ең көп бала туу көрсеткіші 2014 жылы тіркелген. Бұл жылы республика бойынша 275 083 бала дүниеге келген. Сәйкесінше бала тууына орай төленетін бір реттік жәрдемақы көлемі де артып келеді. Соңғы 13 жылда, яғни 2003-2016 жылдар аралығында жәрдемақы көлемі 7,8 есеге көбейіп, 13 мың теңгеден 103 мың теңгеге артты. Ал жәрдемақы төлеу жүйесі енгізілген осы уақыттан бері бала туу 60 пайызға көбейген.
Шүкір дейміз. Оңтүстікте алтын құрсақты аналар көп. Бүгінде біздің облыс бала туу көрсеткіші бойынша көш бастап тұр. Жалпы аймақта үшемдер мен төртемдердің дүниеге келуі сирек кездеседі. Өткен жылдың соңғы күні 235 сәби дүниеге келді. Олардың 103-і қыз, ал 130-ы ұл бала.
ОҚО денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, әдетте біздің облысымызда күніне 200-ге тарта бала дүниеге келеді екен.

DSC 0269

Күрделі оталар өзімізде жасалады

Денсаулық сақтау саласы өңірімізде жыл сайын қарқынды дамып келеді. Мәселен, ТМД елдерінің ішінде облысымызда алғаш рет скрининг-орталық ашылды. Қазақстанда тұңғыш рет қалқанша бездің обырын және жуан ішектің обырын ерте диагностикалауға мүмкіндік жасалды. Сондай-ақ Облыстық онкологиялық диспансерде радиологиялық корпус пайдалануға берілді.
Шыны керек, медицинаның кешегісі мен бүгінгісін мүлдем салыстыруға келмейді. Қазір Облыстық кардиологиялық орталық республикада Астана мен Алматыдан кейін үшінші орында тұр. Онда жүрек ақауларын емдейтін қондырғы орнатылған. Сонымен қатар «Carto-3» үш өлшемді навигациялық жүйе сатып алынды. Бұл құрал науқастардың өмір сапасын жақсартуға айтарлықтай үлес қосуда, себебі осы арқылы жүректің кез келген жерін анық көруге мүмкіндік бар.
Айта кету керек, соӊғы жылдары өӊірде кадрлар тапшылығы 2 есеге, ауылдық жерлерде 2,5 есе төмендеді. Медициналық мамандардыӊ қайта даярлау және біліктілігін арттыру мақсатында 10 мыӊ маман білімін жоғарылатуда. Саладағы білікті дәрігерлердіӊ арқасында облыста өлім-жітім көрсеткіші 6,9-дан 5,1-ге дейін төмендеді.
Тәуелсіздік тартуының бірі – облысымызда алғаш рет ашылған Балалар кардиохирургиясы. Бұрын өңірде балалар жылдар бойы Ұлттық орталықта ота жасатуға кезек күтетін немесе шетелге, Астана мен Алматыға баратын. Ал бүгінде балалардың туа біткен жүрек ақауларына күрделі оталар облыстық балалар ауруханасындағы кардиологиялық бөлімде жасалады.
Аймақта денсаулық нысандары бой көтеріп жатыр. Оларды заманауи құрылғылармен жабдықтау – басты назарда. Бұл өз кезегінде халықтың өмір сүру жасын ұлғайтып, ана мен бала өлімін қысқартып, онкологиялық аурулардың азаюына септігін тигізуде. Бүгінде облыс дәрігерлері заман талабына сай туындап отырған жаңа міндеттер мен мақсаттарды меңгеру үшін алыс-жақын шетелдегі әріптестерімен тұрақты тәжірибе алмасып отырады.

info86

Шымкентте онкологиялық орталық салынады

Таяуда ғана Шымкентке Белгиядан WILLEMEN Groep NV компаниясының өкілдері келді. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев компания президенті Йохан Виллемен кездесіп, өңір үшін әлеуметтік-экономикалық маңызы жоғары инвестициялық жобаларды талқылаған болатын.
Нәтижесінде, бельгиялық компания Шымкентте бой көтеретін онкологиялық орталыққа 250 млн еуро инвестиция салмақ. Осы кездесу аясында орталықтың құрылысы жобасын әзірлеу туралы екіжақты келісімге қол қойылды. Онкологиялық орталық 350 орынға арналған.
Жалпы, былтыр Шымкент қалалық медициналық колледжінің оқу корпусы, сонымен қатар 1 дәрігерлік амбулатория, 8 фельдшерлік-акушерлік пункті, 3 медициналық пункті, 9 басқа нысандар пайдалануға берілді. Биыл жаңа жедел жәрдем стансасы іске қосылды. Бұл денсаулық сақтау саласында көрсеткіштердің жақсаруына өз үлесін қосатыны анық.
Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі еліміздің медицина саласын дамытуға бағытталған 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» жаңа мемлекеттiк бағдарламасын жүзеге асыруда. Жаңа мемлекеттiк бағдарламаның маңызды бағыттары – аурулардың алдын алу мен алғашқы медициналық-санитариялық көмек деңгейiнде ауруларды басқару бағдарламасын енгiзу.
– Жаңа бағдарлама бұрынғы бағдарламалардың жалғасы болып табылады. Онда үш негiзгi сала қарастырылған. Бiрiншiден, сау адамдардың денсаулығын сақтауымыз керек. Онымен жаңадан құрылатын қоғамдық денсаулық қызметi айналысады. Екiншiден, ауруларды басқару қажет. Пациент есепте тұрып, бақылауға алынып, ауруды асқындырмау жолдары қарастырылады. Үшiншiден, бiрегей дәрi-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесi қолға алынады, – деп түсіндіріп өтті Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Т. Дүйсенова.