«Уақытты бақытқа бағындыра біл»

Пятница, 13 Январь 2017 09:15 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 4200 раз

«Бүгінгі заман білекке сенетін емес, білімге сенетін заман». Жуырда облыстағы белгілі жоғары оқу орнының бірінде ғылыми-практикалық конференцияға қатысып, бетті басар келеңсіз жағдайға куә болдық. Жиынға шетелден ғалымдар келген. Тұжырымдамалар таныстырылды. Байыпты баяндамалар оқылып, бәтуалы басқосу болып жатыр. Ал артқы қатардағы орындықтарға жайғасқан студенттердің ғұламалардың нәрлі әңгімесін тыңдауға мүлде зауқы жоқ. Телефонның қызығына кірген. Тіпті базбірі түнде қанбаған ұйқысының есесін осы жерде орындап алуды құп көргендей. Бұл жағдайды көріп, көңіл құлазыды-ақ.

zhastar 4

Өткен нөміріміздің бірінде ғана жастар саясатын дамытудың басты үш тетігі жайында аз-кем әңгіме қозғағанбыз. Соның ішінде жастар дұрыс білім алуы керектігі сөз болған. 

Елбасы әр жиында «Дарынды ұрпақ – қарымды ұрпақ», «Бұл заман білекке сенетін емес, білімге сенетін заман», «Ел болашағы – жастардың қолында», дегендей жас ұрпақтың уақытын текке өткізбей, білімге ұмтылуын үндеп-ақ келеді. 

Қазір жастарға барлық мүмкіндік жасалған кезең. Таяуда өткен республикалық жастар форумында оған тағы да көз жетті. Елдің барлық өңірінен, 1000-нан астам адам, оның ішінде кәсіпкерлер, өндірістің түрлі саласының мамандары, ғалымдар, студенттер, танымал спортшылар мен жастар ұйымдарының көшбасшылары қатысқан жиында Ұлт көшбасшысы бұл жағдайды тағы да қадап айтты. Елде жастардың өмірден өз орнын табуына бірегей мүмкіндіктер жасалғанын, қазіргі әлемнің заманауи үрдістеріне сәйкес келетін, сын-қатерлеріне төтеп беретін сапалы білім алудың маңыздылығына назар аударды. 

– Жас ұрпаққа, өткеніміз бен келешегімізге қамқорлықпен қарау әрқашан менің саясатымның басты мән-маңызы болып келеді. Әрбір жастың білім алуына, жұмыс істеуіне, отбасын құруына, баспана алуына мүмкіндігі бар, – деді Елбасы. Тәуелсіздік жылдарында жас зерттеушілер мен ғалымдар саны артты. 2016 жылғы бірінші жартыжылдықта жас бизнесмендердің 55 жобасына банк несиелерінің пайыздық төлемдеріне мемлекет тарапынан субсидиялау түріндегі қаржылық қолдау көрсетілген болатын. 

Рас, әлем жаңа технологиялық дәуірге аяқ басты. Оның қарқынына ілеспек ләзім. Болашақ та біздің алдымызға «ілгері бас, жетіле түс» деген талап қойып отыр. 

Әрине, әрбір жастың биліктің тұтқасында отыруы шарт емес. Жастар мақсатты арманға ұмтылып, ең бастысы, саналы, білімді азамат болып өсуі керек. 

Сол жиында естідік қой. 

Кітап оқымайды дегеннен шығады. Қазіргі жастар ғаламтордың ғаламатына құнығып бара жатқандай.
Мәселен, Brand Analytics сервисі дайындаған мәліметтер бойынша, елде 3,3 млн адам әлеуметтік желіні белсенді қолданады. Яғни, зерттеушілер кемінде айына бір рет парақшаларын 
жаңартатындарды есепке алған.
Тұрғындардың ең көп тұтынатыны «В Контакте» желісі – 1,945 млн адам. Оның басым бөлігі 18 жасқа дейінгілер.

Арман Тосқанбаев деген 25 жастағы жігіттің жеке өзінде 4 компания бары, оның біреуінің өзі жылына 168 млн теңге табыс табатыны көңілге қуаныш ұялатты. «Отан» брендімен сағат жасайтын кәсіпорны 

«Қазақстанда жасалған» жобасын іске асыруға үлес қосып жатыр. 33 жұмыс орны ашылған. 

А.Тосқанбаев Президенттің қолына сағатын өзі тағып берді. Міне, мұндай жастарға қалайша тәнті болмайсыз?! Білім, ғылымға бас ұрып, өмірден өз орнын табар замандастар осындай азаматтардан үлгі алуы тиіс. 

Жастар жайлы сөз еткенде күнделікті көз көретін көрініс те көңілге көлеңке түсіреді. Негізінен, қала ішінде қоғамдық көлікпен қатынаймыз. Оқуға бара жатқан студенттер, оқушылардың дені автобустың артқы бөлігіне жайғасып алуға асығады. Көпшілігі құлаққап киіп алып, басқа әлемге еніп кетеді. Солардың ішінен кітап оқып отырған немесе қағаз қарап отырған біреуін көрмейсің. Бұл жағдай «Құлықсыздың құлағы да құлыптаулы» деген бабалар сөзін еске түсіретіндей. 

Белгілі қаламгер Мархабат Байғұт осыдан үш жыл бұрын «Бес асыл іс, бес дұшпан» деген дүние жазып, онда осы жағдаяттарды баса айтып өткен. Қалалық орталық кітап­ханада өткен «Адамзаттың Абайы» атты кеште отырған жетпіске жуық жеткін­шектің қалғып-мүлгіген кейпіне күйінген-тін. «Адамзаттың Абайы алашыңыздың оғландары мен қорландарына тіпті де қажет емес сияқты. Адамзатыңыздың Абайы алыстағы, әлдеқайдағы, әйтеуір қазағыңыздан басқа бір адами заттарға керегірек секілді сезінушілікті сезіп, селк ете түсесіз», – деп еді қаламгер. 

Кітап оқымайды дегеннен шығады. Қазіргі жастар ғаламтордың ғаламатына құнығып бара жатқандай. Мәселен, Brand Analytics сервисі дайындаған мәліметтер бойынша, елде 3,3 млн адам әлеуметтік желіні белсенді қолданады. Яғни, зерттеушілер кемінде айына бір рет парақшаларын жаңартатындарды есепке алған. Тұрғындардың ең көп тұтынатыны «В Контакте» желісі – 1,945 млн адам. Оның басым бөлігі 18 жасқа дейінгілер. 

Ілгерідегі біздің аға, апаларымыз секілді саябақтарда кітап оқып отыратын жастарды бүгінде кездестіру қиын. Тіпті, сенбі сайын кітапханаға барғанымызда рухани игілікті пайдаланып, кітапқа үңілетін жас оқырманның некен-саяқтығы да көңіл құлазытады. 

Жақында интернетте әлем елдерінің астанасын жатқа білетін 3 жасар қазақ баласы жайында бейнеролик шықты. Қайрат Құдайбергенұлы есімді фейсбук қолданушысының жариялаған видеосында тілі енді шыға бастаған бүлдіршін әр елдің астанасын айтып тұр. «Ұлыбритания, Италия, АҚШ, Германия, Испания, т.б алпауыт елдердің бас қаласын мүдірмей жатқа соғатыны тәнті етті. Осындай талап қылуға, сәби кезінен ілім мен білімге ұмтылуға тәрбиелеген сәбидің ата-анасына мың алғыс! Міне, біздің қазақ ұлтының келешегі осындай жастар болса керек. 

Заман – ойлының, талаптының заманы. Өйткені, «уақыт алғанын қайтып бермейді, бақыт ұшса, қайтып келмейді». 

Ендеше, уақытты бақытты ұшырып алмауға жұмсаған ұтылмайды. Ал бақыт – білімнің бұлағында екені даусыз.

Фото авторы:
Данияр ҚОЖАБЕК
Әйгерім БЕГІМБЕТ 

Последнее изменение Пятница, 13 Январь 2017 10:36
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.