×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

Шаш сәндеудiң шеберi

Среда, 01 Февраль 2017 05:26 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 6243 раз

Шаштараздағы күнделікті жұмыс таңғы сағат 8-де басталып кетеді. Былайғы жұрт бұл кезде үйінен жұмысқа баруға енді жиналып жатқанда Соня апай ертемен шашын сәндеуге келетін клиенттеріне қызмет көрсетуге кірісіп кетеді. Ал демалыс күндері мен мереке кездерінде оның жұмысы тіпті қызады. Мұндайда ол уақытпен санаспай, алдына келетін бикештердің көңілінен шығуға барын салады.

20161229 143900Шаштараз деген бір қарағанда оп-оңай мамандық сияқты. Әсілі, бұл да шығармашылықты, ізденісті талап ететін кәсіп. Әр жылы, әр мезгілде әр түрлі шаш үлгісі, түсі трендке еніп отырады. Алдына келген алуан адамның әрқилы мінезінің, сұранысының үдесінен шығу әсте оңай емес. 

Клиенттері оны қарапайым ғана «Соня апай» деп атайды. Қаламыздағы Қазыбек би көшесінде орын тепкен «Волшебница» әсемдік салонына тұрақты түрде баратын қыз-келіншектер Соня апайды жақсы таниды. Қашан да жайдары жүзінен танбай, сапалы қызметімен қатар жан жылуын төгіп тұратын шаштараз келіншектің шын аты Сахабат Розматқызы Мирзалиева. Шаштараздық өнерді алғаш өзінің ұстазы Гриша ағайдан үйреніпті. 18 жасында осы салаға аяқ басқан оның еңбек өтілі 30 жылдан асқан. Ширек ғасырдан аса уақыт істеп келе жатса да, өзін тәрбиелеп, баулыған ұстазының кәсібилігіне қайран қалады. Осынау жылдар ішінде өзі де 100-ден аса шәкірт тәрбиелесе де, өзін жүз шәкіртімен қосқанда, Гриша ұстазының тырнағына да татымайтындай көреді. Десе де, қаладағы «менмін» деген әсемдік салондарындағы мықты шеберлер Сахабат Розматқызынан тәлім алған. 

«Клиенттерім сұлу болып жүрсе, өзім сұлуланғандай шаттанамын», – дейді шаш сәндеу шебері. Шаш қию мен сәндеудің жаңа үлгілерін әр адамның бет – келбетіне, жарасымына сай талғай білетін кейіпкеріміз зейнетке шыққанына қарамастан, әлі де қызмет етіп келеді. 

Ардагер шаштараз әңгіме арасында биылғы сәндегі шаш үлгілеріне де тоқталып өтті. Тауық жылында ұзын шаш пен қара түс сәнде болмақ. Қазір бұрымдылардың басым көпшілігі шашын өсіргенді қалайды. Кәсіби шаштаразға «Қазір көп адамдардың шашы неге төгіліп түсе береді, қалай күтім жасау керек?» деген сауал қойдық. 

– Шаш түсуінің негізгі себебі – адам ағзасына кальцийдің жетіспеушілігінен. Бүгінде қыздар шетелдің қаптаған қымбат иіссуларын, жақпамай, маскаларын қолдануға құмар. Ал бірақ, табиғи өнімге ешнәрсе де теңеспейді. Қыздар шашын ара-тұра қымызбен, айран және жұмыртқамен жуып, күтім жасап тұрса, оның пайдасы мен тиімділігі зор. Одан кейін ақжелкек (хрен) өсімдігінің тамырын үккіштен өткізіп, шаштың түбіне жақса, мүлде түспейтін болады. Бұл процесті бір жыл көлемінде ай сайын бір реттен істеп отыру қажет, – дейді кәсіби шаштараз. 

Мамандығын шексіз сүйетін Соня апайға кезек күткендер көп екен. Оның жұмыс барысын біраз бақылап тұрған біз шаштараздың ізетті де ізденісті қызметіне сәнқой бикештердің риза пейілмен алғыс айтып кетіп жатқандарына куә болдық.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.