Ол – Батыр ана, бақытты әйел!

Вторник, 14 Март 2017 03:53 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 5378 раз

Көктемнің алғашқы гүлі бүр жарып, шешек атты. Табиғаттың нәзік әрі сұлу құбылысымен қатар 8 наурыз  Халықаралық әйелдер күні мерекесі де келді. Ақ кимешек киген әжелер мен ақ жаулықты аналарға, тал шыбықтай майысқан қыз-келіншектерге сый-құрмет жасауды біздің арқасүйер азаматтарымыз бастап үлгерді.

IMG-20170306-WA0011

«Әйел – сенің аспазың да күтушің,
Әйел барда биіксің де бүтінсің.
Әйел барда жалынсың – сен, отсың – сен,
Әйел жоқта бықсыған бір түтінсің» деп ақын Т. Молдағалиев жырлағандай, қазақ әйелінің отбасындағы міндеті – түтінді түзу ұшыру. Ер азаматының ұрпағын жалғап, өрісін кеңейтіп отырған аналарымыз қаншама...

Шымкент қаласында тоғыз мыңнан астам Батыр ана бар. Мереке қарсаңында оларға тек отбасы мүшелері емес, мемлекет тарапынан да сый-құрмет көрсету дәстүрі биыл да жалғасын тапты. Бұл туралы Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі аз қамтылған азаматтармен, ардагерлермен, зейнеткерлермен жұмыс жүргізу секторының меңгерушісі Ұлдана Бекбау мәлімдеді.

– Бүгінгі таңда Шымкент қаласында «Алтын алқамен», «Күміс алқамен» марапатталған, бұрын «Ардақты ана» атағын алған, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған 9 066 көпбалалы ана бар. Қалалық мәслихаттың шешіміне сәйкес, 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай ардақты аналарымызға біржолғы 5 айлық есептік көрсеткіш (11 345 теңгеден) мөлшерінде әлеуметтік көмек тағайындалды, – дейді Ұлдана Абытханқызы.

Мәліметтерге сүйенсек, Әл-Фараби ауданы бойынша – 1 455, Қаратау ауданында – 2 033, Еңбекші ауданында 2 434, ал Абай ауданында 3 144 Батыр ана тіркелген. 

Біз Шымкент қаласының ең жас «Алтын алқа» иегері Абай ауданына қарасты «Ынтымақ» шағынауданының тұрғыны Гүлнәр Жұмашевамен байланысқа шықтық. Гүлнәрдің үлкені – қыз бала, 7 сынып оқушысы. Кішісі бір жастан енді ғана асыпты. 

– Мемлекет тиісті жәрдемақыны алып тұрамыз. Ұл-қызымның бесеуі мектепке, біреуі балабақшаға барады. Ең кішкентайым балабақшаның кезегінде тұр, – дейді ол.

Гүлнәр тұрмысына байланысты шағым айтпады. Өзінің жұмысқа орналаспаған себебі, денсаулығы нашар отағасының жағдайын жасап, 7 баланың сабағын қадағалау екенін түсіндік. 

– Бір ғана тілегім – баспанаға тезірек қолымыз жетсе, бірқатар ауыртпалықтан құтылған болар едік. Тіпті, 8-наурыз мерекесіне орай кілтін тапсырып жатса, Батыр анаға жасалған керемет құрмет деп білер едім, – дейді Батыр ана. Біз Гүлнәр Тұрдыбекқызын Халықаралық әйелдер күнімен құттықтап, ұл-қызының биіктен көрінуін тіледік.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.

Другие материалы в этой категории: « «Гауһардың» гауһарлары... Көктем кеш келе ме? »