Қаратау ауданында 35 көпбалалы ана мемлекеттік наградаға ие болды. Батыр аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» марапатын аудан әкімі Ғабит Мәуленқұлов тапсырды.
– Еліміздің демографиялық ахуалын дамытуға үлес қосып, баланы өмірге әкелуде, оны бағып-қағып, жақсы тәрбие беріп өсіруде кездесетін қиындықтардан қаймықпаған батырлықтарыңыз үшін сіздерге алғыс айтамыз. Зор денсаулық тілейміз. Балалар тек жетістігімен қуантсын, – деді Ғабит Патшаханұлы.
Салтанатты рәсімде Қаратау ауданының 7 перзентті өмірге әкелген 5 ана «Алтын алқа» иемденсе, 6 балалы 30 келіншек «Күміс алқа» иегері атанды. Батыр аналарға бұдан былай мемлекет тарапынан тиісті әлеуметтік төлемдер төленеді. Сондай-ақ, олар Шымкент қаласы бойынша қоғамдық көліктерде тегін жүру және басқа да түрлі жеңілдіктерді пайдалану мүмкіндігіне ие болды.