Cезімнен жұрдай еткен смартфондар

Пятница, 07 Апрель 2017 10:00 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 3694 раз

Сезімнің бәрі өлді... Ештеңе қалған жоқ!

Дүниенің төрт бұрышына әмірі мен өз мақсат-мүддесін жүргізіп жатқан төрт мақұлық бар. Олар: «Вк», «Фб», «Инста» және «Уатсап» деп аталады. Қазақ фольклорындағы «Желаяқ», «Таусоғар» секілді кейіпкерлер бұлар. Бірақ, күшпен емес, мимен жұмыс жасайды. Ақылды жұтып, сананы сығып тастауға дайын. Мақсаты да осы. 

Біз сезінуден қалдық. Ата-анамыздың дауысын естуден, олармен бетпе-бет отырып сөйлесуден де қалдық. Себебі, қазір дамыған технология осы процеске жеткізді. Бұл аяқ астынан немесе қалыпты бір мода ретіндегі болып жатқан дүние деп қарамаңыз. Бәрі сценарий бойынша кетіп жатыр...

Соңғы рет сүйіктіңізге қолыңызбен хат жазып немесе бетпе-бет кездескеніңіз есіңізде ме?! Әрине жоқ. Себебі, хат жазу заманынан қалып қойған адамның ісі. Солай қабылдатты, солай қабылдадық. Оның орнына чат арқылы сезім білдіреміз. Бірақ, шынайылық жоқ.

«Инстаграм» арқылы досыңыздың, сүйіктіңіздің, жақыныңыздың қайда жүргенін білсеңіз жеткілікті. Оған «лайк» басып «бар екенсің ғой» деген ым-ишара білдіру сізді де, оны да қанағаттандырады. Бірақ, сонша көріспеген доспен кездесу жасау, оның хәлін білу, шүйіркелесіп отырып әңгіме айту жоғалып барады. Сіз сағынасыз ба, кімді, не үшін?

Бара-бара бетпе-бет кездесу адамзат үшін жат көрінуі де мүмкін. Таңғалатын ештеңесі жоқ. Әлеуметтік желі арқылы сөйлесіп үйреніп қалған адам, бетпе-бет жүздесуге жасқануы, тіпті кездесуге қымсынуы мүмкін. Ал саусақпен сөйлесу ол үшін ең оңай жол болып қала бермек. Көздің, жүректің, тілдің жұмысын саусақ тартып алған заман. Саусаққа бағынамыз, ол не жазады соны жүректен шықты деп қабылдаймыз.

Романтика... сезім... махаббат... Бұлар болған. Әлі де бар. Бірақ, о бастағыдай емес. Қос ғашық бір-бірін көруге асығып, аңсап, ынтығып тұратын, жүздерін бір күн көрмесе тұра алмайтын сәт бұл нағыз – махаббат. Ал сіз бүгін сүйіктіңізді аңсап немесе жүзін бір күн көрмей қалатындай күйде болып көрдіңіз бе? Иә, бар да шығар. Бірақ, бәрінде емес. Себебі, оны сіз 24 сағат бойы көресіз. Қасындасыз. Ол емес, қасыңызда оның суреті, не істеп жүргені, саусақ сөздері қасыңызда. Сағат сайын көріп, жасанды бейнесіне қарай беріп, сіз сезімді де жоғалтасыз. Себебі, бұл шынайы емес.

Біз сағынудың қандай болатынын ұмытып қалдық... Сағынуға себеп жоқ. Тіпті жақындарымыз туралы ұмытып қалдық. Олардың бар екенін тек виртуалды өмір арқылы біліп отырамыз.

Бір қызық айтайын, сіздер экранға үңіліп келе жатып, қасыңыздан өткен бақытыңызды байқамай қалдыңыз. Өкініштісі, ол да үңіліп кетіп бара жатыр. 

Іздеңіз... сүйіңіз... кездесіңіз... хабарласыңыз... ескертіңіз... жанынан табылыңыз... САҒЫНЫҢЫЗ!

 

Марғұлан АҚАН

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.