Сайлаушылар депутатты емес, депутат сайлаушысын іздеуі тиіс

Пятница, 23 Декабрь 2016 00:00 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 3643 раз

image-22-12-16-18-47-1Халық қалаулылары жайлы әңгімеміздің бүгінгі кейіпкері – Шымкент қаласы мәслихатының VI шақырылымында сайлаушылардың басым даусына ие болған депутат Марат Сәрсекұлы Тамабаев. Менім мандатына ие болған халық қалаулысы жыл басынан бері нендей жұмыстар атқарды? Сайлаушыларымен байланысы қандай?


«Алдияр Геотон» ЖШС директоры Марат Сәрсекұлы бұған дейін ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінде ұзақ жыл қызмет етіп, полковник шенінде зейнетке шыққан. 14 348 сайлаушысы бар №21 сайлау округі бойынша 9352 дауысқа ие болып, 2016 жылдың наурыз айынан бері қалалық мәслихаттың депутаты міндетін атқарып келеді. 

 

№21 сайлау округіне – 2014 жылы Шымкент қаласының аумағына Сайрам ауданынан енген «Базарқақпа», «Абдулабад», «Тұрдыабад», «Шаңырақ» және Төлеби ауданынан енген «Тоғыс», «Айнатас», «Маятас», «Елтай», «Жыланбұзған» тұрғын алаптары қарайды. Депутат жыл басынан бері сайлаушыларымен 20 кездесу ұйымдастырып, нәтижесінде құзыретті мекемелерге 15 депутаттық сауал жолдаған. Онда ауызсу, электр энергиясы, жол құрылысы мен ережелері, мектеп, балабақша және медициналық қызметке жүгіну барысында туындаған мәселелер көтерілген. Ұсыныстың барлығы қаралып, өз шешімін тапқан. Атап айтқанда, тұрғындарға бұған дейін жергілікті амбулаторияда медициналық анықтама берілмеген. Еңбекке жарамсыздық парағын алу үшін қала орталығындағы емханаларға қатынауға мәжбүр болатын. Сырқаты дендеп, жұмысқа жарамай тұрған науқас күні бойы ауруханадағы кезекте тұруға мәжбүр. Депутаттың ең алғаш қолға алған жұмысы – қызуы көтерілген жандарды орталықтағы емханаға сабылудан құтқару болды. Еңбекші аудандық әкімдігі мен медицина саласының мамандарына халықтың сұранысын жеткізген М.Сәрсекұлы науқас адамның еңбекке жарамсыздық парағын немесе сабақтан қалғаны үшін берілетін үш күндік анықтама қағазын жергілікті амбулаториядан алуға мүмкіндік туғызды. Ветеринариялық қызметтің көмегімен қала сыртын жайлаған қабаған иттер мен иесіз мысықтарды аулау жұмыстары ұйымдастырылды. Қоғамдық көлік жүргізу жолға қойылып, олардың кестеге сай қозғалуы пысықталды. Қауіпті жерлерге жол белгілерін, бағдаршам орнату мәселелері оң шешімін тапты. «Тоғыс» тұрғын алабындағы Нефтеразведка тұрғындары жолға шығатын баспалдақ қала бюджетінің есебінен жаңартылды. «Елтай» тұрғын алабындағы тозығы жеткен көпірді қалпына келтіру жұмыстарын депутат қаржыландырған. Енді тұрғындар жүріп өтетін 3 шақырымдық жол үш есеге қысқарды.

20161206 123451

– Тұрғын алаптарда жол мәселесі әлі де өзекті. Орталық көшелер мен әлеуметтік нысандардың маңайын ретке келтіру, халықтың қауіпсіздігі үшін қажетті жол белгілерін орнату, жарықтандыру және аяқ жолдар салу бағытында жұмыстарды жалғастыра бермекпіз, – дейді Марат Тамабаев.

 

Үшемге көмек бере аламыз ба?

М. Тамабаев тұрғын алаптардың жайынан бөлек жеке мәселесімен қабылдауына кіретіндерге де уақыт бөледі екен. Соның бірі – Гүлноза Орынбаева. 2014 жылы үшемдерді дүниеге әкелген жас ана бір шаңырақты 4 отбасы паналап отырғанын айтып, көмек сұрады. Бала күтіміне байланысты үйде отырған Гүлноза сол күнге дейін ешкімнен ешқандай жәрдем сұрамағанын алға тартып, баспана мәселесін шешіп беруді өтінді.

daputat 27

– Г. Орынбаеваның отбасындағы жағдайымен таныстым. Мұқтаждық басым екеніне көз жеткізгендіктен әзірге тек тұрғын үй кезегіне тұруға көмектесе алдым. Ал баспана мәселесін шешіп беру қыруар қаржыны талап етеді. Дегенмен, пәтер кезегінде тұрғандардың аз емес екенін ескерсек, кезек жуық арада келмесі анық. Орынбаеваның отбасылық жағдайына байланысты үшемдердің анасына пәтер беру мүмкіндігі болмаса да, үй салып алу үшін жер телімі берілгені дұрыс деп есептеймін, – дейді Марат Сәрсекұлы.

Бір қазаннан тамақтанатын 20 жанның жағдайы мен ерекше сүйіншіден үміті бар үшемдердің тіршілігі бізді «мәселенің барлығы халық қалаулысының ұсыныс хатымен шешіле салар ма екен?» деген ойға тіреді.

 

20160806 193245Қабылдау қалай өтуде?

Халық «бізге керегі заңды білу» дейді. Олар заңды жетік меңгерген маманнан кеңес алып, құқықтық көзқарастарын қалыптастыра алғанына дән риза. Депутаттың қабылдауына қатысып, әр азаматтың сұрағын мұқият тыңдап, заңды түрде қандай қадамдар жасауға мүмкіндігі барын түсіндіретініне куә болдық. Бір қызығы, Марат Сәрсекұлы қабылдау уақытын шектеуге асықпады. Әр айдың бірінші сейсенбісі, сағат 10:00-ден 13:00-ге дейінгі аралықты «Базарқақпа», «Абдулабад», «Тұрдыабад», «Шаңырақ» тұрғындарына арнаса, келесі күнгі қабылдауын Қазығұрт аумағы бойынша халықпен жұмыс жүргізу бөліміне қарасты «Тоғыс», «Айнатас», «Маятас», «Елтай», «Жыланбұзған» тұрғындамен өткізеді екен. 

Шымкент қаласына жаңадан қосылған тұрғын алап халқы түрлі сұрақтарымен депутатқа күнделікті қоңырау шалып хабарласа алады. Сонымен бірге, Whatsapp қызметі арқылы да сұрақтарына тиісті жауап алып отырады.
«Депутат дидары» айдарының қонағы Марат Тамабаев сайлаушыларды өзі іздеп баратынымен ерекшеленді. Депутатты кеңсесіне іздеп бармай, жергілікті халықпен жұмыс жүргізу бөлімінде күтудің тағы бір артықшылығы – алға тартқан мәселесінің тағдыры не болатынын апталап күтпейтінінде.

 

20161206 114847Самат ЖҮНІСБАЕВ,
Қаратөбе аумағы бойынша халықпен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы:

– Марат Сәрсекұлы депутаттық мандатын алғаннан кейін халықты біздің бөлімде қабылдауға және бөлім қызметкерлерінің де қатысуына ұсыныс жасады. Біз қуана келістік. Себебі, қала аумағына қосылғанына екі жыл ғана өткен бұл елдімекендерді қала деңгейіне жеткізу үшін қордаланған мәселелерді шешуіміз қажет. Ол үшін халықтың басын қосып, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап жүйелеу керек. Осы орайда депутаттың халықты қабылдау жүйесі бізге зор көмек болып, жұмыстың жандануына септігі тиюде. Халық қандай мәселемен келгенін депутат қабылдауында бірге отырып тыңдаймыз.

 

20161206 121128Акрам ИСМАИЛОВ,
Қаратөбе аумағы бойынша халықпен жұмыс жүргізу бөлімінің нұсқаушысы:

– Өзекті мәселелерін алға тартып, шешімін іздеген әрбір тұрғын депутатпен қай күні, қай жерде кездесетінін жақсы біледі. Қабылдау тәртібіне сай сұрақтарын міндетті түрде қағазға түсіріп әкеледі. Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Марат Тамабаевтың қабылдауына бөлім қызметкерлері түгел қатысамыз. Мәселен, халық судың жайын айтса, біз кейінге қалдырмай бөлімдегі ресми мәліметтерді бірден ұсынамыз. Сол мәліметтер негізінде хаттама толтырып, М.Сәрсекұлына тапсырамыз. Мұндай тәртіппен су мәселесі шешілді. «Базарқақпа» тұрғын алабындағы Терекзар көшесінде 55 метрлік орталық құбырдың жарамсыз болып қалуына байланысты халық ауызсу тапшылығына тап болды. Жаздың күні, ораза айы еді. Бюджеттен қаржы бөлуге ұзақ уақыт кететінін ескерген депутат бұл жұмыстарды өзі қаржыландырды.

 

20161206 121438Сәуле ШАПАЛЕВА,
Қаратөбе аумағы бойынша халықпен жұмыс жүргізу бөлімінің бас маманы:

– Біздің бөлімге қарасты тұрғын алаптарда жылжымайтын мүліктерді қайта заңдастыру, коммуналдық қажеттіліктер, қоғамдық көлікке деген сұраныс кезек күтірмейтін мәселелер еді. Өйткені, жұмысқа орналасу, әлеуметтік, басқа да қызметтерге жүгіну, несие алу, жалпы кез келген мәселе тұрғылықты мекенжай анықтамасымен шешіледі. Ал мекенжай анықтамасын алу үшін облыс аумағынан қалаға енген елдімекендердің құжаты қайта рәсімдеуден өтуі тиіс. Бұл – бір. Екіншіден, ауызсу тапшылығы, жарықтың сапасыздығы және тұрмыстық қалдықтарды тазарту қызметіне байланысты жасалған келісімшарт мәселесі халықтың көкейкесті сауалына айналған. Үшіншіден, аталған мәселелерді шешу немесе медициналық қызметті пайдалану, оқуға, жұмысқа қала орталығына қатынау үшін қоғамдық көлік қажет болатын. Міне, осы айтылған халықтың сұранысын тыңдаған депутатымыз М.Сәрсекұлы бірқатар мәселе бойынша тиісті мекемелерге ұсыныс жасап, қадағалап, жүйелі түрде шешімін табуға ықпал етті.

Последнее изменение Пятница, 07 Апрель 2017 11:48
Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.