×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

Қыр басындағы қырмызы гүл Избранное

Пятница, 28 Апрель 2017 06:04 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 7307 раз

Ел болғалы «Қызыл төбешік» деп аталып кеткен төбе бір кездері «Красная горка» атымен де танылды. Тарих ағымымен бірге «төбешік» атауы қайта қазақшаланды. Қарымды қаламгер Мархабат Байғұттың бастамасымен грейг қызғалдағы өсетін бұл төбеге «Шұбайқызыл шоқысы» атауы берілді.

Грейг қызғалдағы Түлкібас, Қазығұрт, Төлеби, Бәйдібек өңірлерінің таулы аймақтарында кездеседі. Дегенмен Қаратау бөктеріндегі грейг қызғалдағының ең көп шоғырланған жері – Шұбайқызыл шоқысы. Жылына бір рет небәрі 10-15 күн ғана гүлдейтін қызғұмырлы қызғалдақтар тіршілік жаңарған шақта 20 гектар жерді жайнатып, алқап қызыл кілемге оранғандай әсем түрге енеді.

20170426 112658

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында Елбасымыз туған жердің табиғатын көздің қарашығындай сақтауға үндеді. Мемлекет басшысының бастамасына үн қосу мақсатында «Южный Казахстан» газеті мен Түлкібас ауданы әкімдігі бірлесіп Шұбайқызыл шоқысында «Шырайлым – Шұбайқызылым» атты фестиваль ұйымдастырды.

Фестивальға ерікті жастар қатысып, табиғатты аялау, қорғау, сақтауға шақыру мақсатында өлең оқып, таулы аймақта жайқалып өскен Шұбайқызылдың суретін салды. Сұлу табиғатқа еркелей ән шырқап, би биледі. Өнерлі жастардың байқауын «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығының қызметкерлері, Түркістан қаласы мен Сайрам ауданының үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері, БАҚ өкілдері мен ерікті табиғат жанашырлары тамашалады. Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары Жанар Бектаева жасөспірімдерді отансүйгіштікке тәрбиелейтін бұл шараның 10 күнге жалғасқанын айтты.

1- DSC4985

– Табиғат балалардың қиялына қанат бітіреді. «Шырайлым – Шұбайқызылым» фестивалі арқылы олардың бойында өнерді дамытумен қатар табиғатқа деген сүйіспеншілікті арттырамыз. Бала күннен-ақ табиғаттың сұлулығына тамсануды үйренеді. Гүлді жақсы көру – оны теріп алумен өлшенбейді. Жұлынған гүл 8-10 жылға дейін өсіп-өнуін тоқтатады. Шұбайқызыл шоқысы біреу ғана. Соған қарағанда осы қырдың ылғалдылығы мен күн сәулесінің түсуі грейг қызғалдағының өмір сүруіне қолайлы, – дейді аудан әкімінің орынбасары.

«Қызғалдақтың елімізде 36 түрі бар. Оның 18 түрі «Қызыл кітапқа» енген» дейді «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығының қызметкері Эльмира Пердебайқызы. 

– Көктем келгеннен табиғат аясында демалуға келетіндер көп-ақ. Алқызыл гүлдерді таптап, жұлатындар да бар. Жұлынған гүл жарты сағаттан соң солып қалады. Ал тамыры 10 жылға дейін өсуін тоқтатады. Бұл табиғатқа табыну емес, керісінше, құрту, жою. Кез келген адам қызғалдақты жұлу кезінде қолға түссе, ҚР Қылмыстық Кодексінің 339-бабымен қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Ал жұлынған, зақымдалған грейг қызғалдағының әр талы үшін 0,5 АЕК көлемінде, яғни 1 134 теңге айыппұл төлейді, – дейді табиғат қорғаушысы.

kenes

Расында, неге гүлдердің ортасында тауға, керім табиғатқа қарап терең тыныстап бой сергітпеске? Естелікке әдемі суретке түсіп, сол сұлулыққа тамсану ләззәтын келесі келушілерге сол күйінде қалдырудың өзі мәдениет емес пе?

Шұбайқызыл шешек атқанын көруге шетелдіктер де ынтық. Бұл күні біз швейцариялық қонақтарды кездестірдік. Қырғызстандағы қызына қонаққа келе жатқан зейнеткер жұптың біздің елде саяхаттап жүргеніне екі күн болыпты.

– Еуропаны түгел саяхаттап шыққанбыз. Ал Қазақстанға алғаш келуіміз. Екі күннің ішінде талай кереметті көріп үлгердік. Ал грейг қызғалдағы гүлдегенін көзбен көрудің сәті түскеніне өте қуаныштымыз. Сіздер шынында бай мемлекетсіздер! Мына табиғи байлықты сақтаңыздар. Бұл кереметті көруге әлі талай шетелдік қызығатынына күмәнім жоқ. Біз Швейцарияға қайтқанда Қазақстанда өткен екі күнді ұмытпаймыз, – дейді Ян Россет. 

1- DSC5008

Қаратау бөктерінде грейг қызғалдағы табиғат-ананың жаңадан түлеп, құлпырған кезі сәуір-мамыр айларында гүлдеп, мамыр-маусым айларында тұқымын шашады. Көпжылдық, пияз тамырлы грейг қызғалдағы Тянь-Шань тауында қар кеш еріп, маусым айына қарай гүлдейді. Ұйымдастырушылардың бірі Кеңес Исмаилов қызғалдақ ғұмыр толық өмір сүруі тиіс дейді

– Шұбайқызылды көбейтудің бір ғана жолы оның ұрықтауына мүмкіндік беруіміз керек. Егер адамзат соған кедергі келтірмей, теріп алмай, керісінше көбеюіне жағдай жасаса, біз бұл гүлдің жойылып кетуіне алаңдамаймыз. Естелікке суретке түссін, видеоға түссін. Бұл – қазына. Осындай мәдениет қалыптасса, біз грейг қызғалдағын ұрпағымызға табиғаттың кереметі ретінде осы қалпында жеткіземіз, – дейді К. Исмаилов.

Последнее изменение Пятница, 28 Апрель 2017 11:00
Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.