Бұл Рахымжан – бейбіт күннің батыры Избранное

Пятница, 05 Май 2017 05:21 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 534 раз

Кинолог мамандардың жұмысы – ит асырап, қызметке үйрету. Қарлы-боран, жауын-шашында итті ізге салып, жоғалғанды табу оңай емес. Әрі күн-түн демей, азаматтардың қауіпсіздігін, тұрғындардың тыныштығын қамтамасыз етуде кинологтардың біз білмейтін қырлары көп. ОҚО төтенше жағдайлар департаментінің жедел құтқару жасағының құтқарушы кинологы Рахымжан Сатылхановтан осы кәсіптің қызығы мен қиындығына қанықтық.

DSC 0845

Рахымжанды жедел құтқару жасағынан жолықтырдым. Ол: «Менің нағыз досым – Қайсар» – дейді, итін тордан босатып жатып. Кинолог жігіттің мұнда қызметке келгеніне көп болмапты. Оның итке қызығушылығы Ақтауда әскерде жүргенде-ақ байқалады. Рахымжан шекара қызметінде итпен жұмыс істейді. Кейін келісім-шартпен Шығыс Қазақстандағы Курчатов қаласында 35/14 әскери бөлімінде қызмет етіп жүргенінде овчарканы асырапты. 

Рахымжан күшігіне Қайсар деп ат қояды. Сөйтіп итпен бірге әскери бөлімде екі жыл қызмет атқарады. Кейін Алматыда ІІМ-нің кинология орталығындағы із кесу бағыты бойынша білімін жетілдіреді. Қайсар күшік кезінен алғырлығын байқатады. Курчатов қаласында овчарка пәтер тонаған ұрыны ұстап береді. Апат кезінде үйінді астында қалған адамды құтқарады. Өткен жылы Шығыс Қазақстан бойынша өңірлік кинологтар арасында өткен сайыста Қайсар үздік атанады. 

DSC 0876

Ит Рахымжанға қарап, құйрығын бұлғаңдатып қояды. Иесі досының басынан еркелете сипады. Неміс овчаркасының жасы 3-те. Өте зерек, батыл, әрі шыдамды ит. Бұл овчарка қазақша үйретілген. Рахымжан онымен адаммен сөйлескендей қазақша тіл қатса, Қайсар оның айтқанын мүлтіксіз орындайды.

Бұл мамандықты өзім таңдадым. Ел тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін қызмет ететініме қуанамын. Мен үшін Отаннан ыстық ұғым жоқ. Өйткені Қазақстанның әрбір ер азаматы елінің тірегі, – дейді кинолог жігіт. 

DSC 0864Биыл ҚР Қарулы Күштеріне – 25 жыл. Осыдан ширек ғасыр бұрын, яғни 1992 жылы 7 мамырда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлығына сай дербес әскеріміз құрылды.

Құтқарушылар жасағында 3 кинолог жұмыс істейді. Қазір жасақта неміс овчаркасынан бөлек, лавродор Рой мен Жасмин бар. Үш ит те епті. Олар – үйіндінің арасынан адам іздегенде немесе елсіз жерде кісі жоғалып кеткенде таптырмас көмекші. 

Рахымжан кинологтармен бірге жаттығуларға жиі шығады. Күн сайын иттердің қызметке дайындығын пысықтайды. Жуырда иттер сынақ тапсырады. Бұл ең алдымен олардың дағдыларын мықтап қалыптастыруы, апаттық жағдайда жақсы жұмыс істеуі үшін қажет.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.