Ардагерлер – ардақты ерлер! Избранное

Пятница, 05 Май 2017 05:34 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 10328 раз

Ұлы Жеңістің 72 жылдық мерейтойына орай қаламыздағы «Grand Holiday» мейрамханасында кең дастархан жайылып, концерт қойылды. Кеудесі ордень-медальға толған тарихымыздың тірі куәгерлерінің бірі мейрамхана ішіне таяқтарын сүйеніп әупірімдеп кіріп келе жатса, енді бірін ұрпақтары қолтығынан демеп дастархан басына жайғастырып жатты.

DSC 0988

DSC 0997Мерекелік жиынды облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр ашып, сөз сөйледі. 

– Осынау Ұлы Жеңістің 72 жылдық мерекесінде өткенімізді зерделеу, майдангерлер рухына тағзым ету – біздің перзенттік парызымыз. Ұлы Отан соғысына облыстан 140 мыңнан астам азамат аттанып, оның 71-і елге оралды. Оның ішінде 51 «Кеңес одағының батыры», 1 «Халық қаһарманы» және 8 «3-ші дәрежелі Даңқ орденінің ковалері» атағын алған. Биылғы Жеңістің 72 жылдық мерекесінде 233 ҰОСА мен 19 мыңнан астам тыл еңбеккерлеріне құрмет көрсетілуде. 

Құрметті Ұлы Отан соғысының ардагерлері! Сіздердің қан майдан шебіндегі ерліктеріңіз, тылдағы ерен еңбектеріңіздің арқасында бүгінгі ұрпақ келісіммен бейбіт өмір сүруде. Отан үшін отқа түсіп, қан майдандағы жеңіске деген табандылықтарыңыз үшін Сіздердің алдарыңызда бас иіп, алғыс білдіреміз, – деді Ербол Әбілхайырұлы.

DSC 0897

Шымкент қаласының мәслихат хатшысы Нұрлан Бекназаров пен қала әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова да ардагерлерге алғысын білдірді. 

Есімі ел есінен кетпейтін ерлермен, ардақты ардагерлердің бір-екеуін сөзге тарттық. 

Сарыағаш ауданы, Ошақты ауылынан келген Жаңбырбай Байдаров Ұлы Отан соғысының басынан аяғына дейін қатысқан. Берлин түбіне дейін барып, Жеңісті сол жақта тойлаған. Сталинград майданы даласындағы өшпес ерлігі үшін Жаңбырбай атамызға «Қызыл жұлдыз» медалі берілген. 

DSC 0977

– Соғыс аяқталғаннан кейін де екі жыл қираған қалаларды қалпына келтіру үшін еліміздің батыс өңірінде қызмет атқардым. Содан 1947 жылы туған жерге жалғыз өзім аман оралдым, – дейді соғыс ардагері. Елге оралғаннан кейін 33 жыл мұғалімдік қызмет атқарып, зейнеткерлікке шыққан. 

Ізет Тұрғынова – Тыл ардагері. 1941 жылы соғыс басталысымен, жаңадан отау құрған екі жас тағдырдың тәлкегімен екіге айрылады. Күйеуін майдан даласына алып кетеді. Өзі бес жыл бойы күн-түн демей колхозда жер жыртып, бидай орады. – Соғыс аяқталып, жұбайым елге аман оралған соң төрт ұл, төрт қыз дүниеге келді, қазір солардың ортасындамын, – дейді Ізет апамыз тағдырына тәубе етіп. 

DSC 0969Бүгінде сұм соғыстың сұрапылын бастан өткерген олардың әрқайсысы ел назарынан тыс қалған емес. Ұлы Жеңістің 72 жылдық мерекесіне орай, 105 Ұлы Отан соғысының ардагеріне 226 900 теңге (100 АЕК) көлемінде 23,8 млн теңге біржолғы материалдық көмек көрсетілді.

Сонымен қатар, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне қосымша өмір сапасын жақсартуға 100 мың теңге төленді. 

Шымкент қаласында 5186 ҰОСА теңестірілгендер мен тыл еңбеккерлеріне 11 345 теңге (5АЕК) көлемінде 58,8 млн теңге жергілікті бюджет есебінен біржолғы материалдық көмек берілді. 

7 мамыр Отан қорғаушылар күніне орай, 1913 Ауған, Семей, Чернобыль қатысушылары мен мүгедектеріне 453 480 теңге (20 АЕК) көлемінде 86,3 млн теңге біржолғы материалдық көмек ұсынылды.

Последнее изменение Пятница, 05 Май 2017 05:46
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.