Тісім сау болсын десеңіз...

Пятница, 12 Май 2017 07:01 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 4233 раз

Биылғы ақпан айынан бастап, облыстық тіс емдеу емханасы тәулік бойы жұмыс істейтін болды. Бұл – халыққа медициналық қызмет көрсетудің тиімді бір үлгісі болса керек. Өйткені басқа ауру түрлері мазалаған кезде кез келген уақытта «жедел жәрдем» көлігіне сүйенуге болады. Ал тісіңіз түнде шыдатпай ауыратын болса тек стоматолог дәрігер ғана көмек бере алады. Біз жуырда аталған тіс емханасының жұмысымен танысып қайтқан едік.

DSC 8711

Бүгінде мұнда 4 бригада, 4 дәрігер, 4 медбике және 4 санитар түнгі мезгілде науқастарды қабылдауда. Шамамен күн сайын 350 адам тіс емдеу орталығының қызметіне жүгінеді. Жалпы мұнда 68 дәрігер келушілерге қызмет көрсетеді. Барлығы да тәжірибелі, білікті. 

Облыстық тіс емдеу емханасының бас дәрігері Ерғали Ормановтың айтуынша, ауыз қуысының қабынуын елемеген жағдайда флегмонаға айналып кетуі мүмкін. Бұл адам өміріне қауіпті. «Сондықтан аурудың алдын алу үшін жылына екі рет медициналық тексерулерден өтіп тұрған абзал» дейді дәрігер. 

DSC 8646Ерғали КЕРІМБЕКҰЛЫ:

– Қазір балалар арасында тіс жегіден зардап шегетіндер көбейген. Мұның басты себебі, тіс тазалау гигиенасының сақталмауы. Өйткені олар тісін қалай тазалау керектігін, түрлі қауіп-қатерден сақтану жолдарын білмейді. Негізінде тісті тәулігіне екі рет, таңертең және ұйықтар алдында міндетті түрде жуу қажет. Жасыратыны жоқ, көпшілік тісті таңертең тазалағанымен, кешкі тазалыққа мән бермейді. Ал кешке жатар алдында тісті тазалау өте маңызды. Өйткені кешкі астан ауыз қуысында қалған тағамның қалдықтары таң атқанға дейін тіске жабысып, содан тіс жегі пайда болады. Ол жан-жағын зақымдап, тісті жарамсыз күйге түсіреді. Сондықтан тісті дер кезінде дәрігерге тексертіп, тұрған жөн.

DSC 8734Стоматологтар арасында “Адамның тісі кішкене түтікше секілді. Бір шеті ауыз қуысында тұрса, екінші ұшы жүрекпен жалғасады” деген теңеу бар. Демек, адамға стоматологиялық көмекті дер кезінде көрсетудің маңызы зор. Осы орайда емханада 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге, жүкті әйелдерге, әлеуметтік топ мүшелеріне (мүгедектер, зейнеткерлер, тұрмысы төмен отбасылары) тегін медициналық қызмет көрсетіледі. Жалпы емханада тіс емдеу, жұлу, алдын алу шараларына қажетті 47 заманауи медициналық құрал жабдық бар. Жапония мен АҚШ-та шығарылған заманауи қондырғылармен жабдықталған 12 емдеу кабинеті жұмыс істейді. Атап айтқанда, пародонтологиялық кабинетте тіс еттерін емдеуге арналған «Вектор», эндодонтиялық кабинетте «Дендопорт» қондырғысы жарамсыз тістерді емдеп, қалпына келтіреді. Ал ортопаномограф аппаратына түсіру арқылы жақ тістерінің, сонымен қатар танау бөліктерінің рентген түсірілімін алуға болады. Сондай-ақ хирургиялық кабинетте тіс емдеуге қажетті құрал-саймандарды әрі залалсыздандырып, әрі таза сақтайтын «панмендтер» деп аталатын шкафтар пайдаланылады. 

DSC 8670

Яғни тіс ауруының алдын алуға, ауру сипатын дер кезінде анықтауға рентген түсірілімінің маңызы зор. Тіпті тісті тұтастай жақ сүйегімен түсіретін компьютер де бар. Ол арқылы қай тістің сау, қайсысы тіс жегіден зардап шеккенін, қайсысын емдеп, жұлу керектігін нақты білуге болады. Мұнда дәрігер Зульфия Дүйсенова оқушы Әлижан Нөкетке медициналық көмек көрсетті. Тістерін рентген аппаратына түсіріп, ем қабылдауға жолдама берді. Кейіпкеріміз Әлижанның тістері қисық біткен. Егер дер кезінде емделмесе, тіс жегіге айналуы мүмкін. Стоматолог Зульфия Дүйсенова күн сайын 50-60-қа жуық баланы қабылдайды. Сондай-ақ тіс өзектерінің асқынуларын емдеу кабинетінде де кезекте тұрған балалар мен жасөспірімдер көп. 1санатты дәрігер-стоматолог Айнұр Абжалова 12 жастағы Аружан Әріпбайдың тісін емдеуде. Түн аурудың асқынатын кезі емес пе?! Бүлдіршін қыздың тісі түні бойы ауырады. Дер кезінде емделмегендіктен, тісжегі асқынып кетіпті. Дәрігер сырқаттың тістерін тазалап, пломба салуға дайындап жатыр. 

Тіс емханасында алдын ала байқау кабинетінде де кезекте тұрған адамдар көп. Мұнда аурудың бастапқы диагнозы анықталады. Сонан соң сырқатына қарай, бөлімдерге жіберіледі. Тісін емдеу керек болса, дәрігер терапевтке, жұлдыру қажет болса, хирург дәрігерге жолдама беріледі. 7 сыныпта оқитын Рауан Нұржанды дәрігер-стоматолог Жазира Кенжибаева қабылдап жатыр. Жасөспірім созылмалы пульпитпен ауыратын болып шықты. Соның салдарынан жүйке талшықтары зақымданған. Дәрігер Рауанға жолдама жазып берді. 

DSC 8656

Бас дәрігердің орынбасары Сәуле Кәрібаеваның айтуынша, бұрын тіс жегі белгісімен ауыратындар аз болса, қазір тіс кеселінің бұл түрі жас талғамай көбейіп барады. Сондықтан бала кезден тіс гигиенасын сақтау қажеттігін айтады. 

– Кез келген тіс ауруы тамақты жеткілікті шайнамаудан басталады. Себебі ауыз қуысында қалған қалдықтар микробқа айналып, эмальды бұзады. Дұрыс шайналмаған тамақ асқазан жұмысын ауырлатады. Ауру асқынған кезде жүрекке жетеді. Бүйрек, бауырдың қызметін бүлдіреді. Сөйтіп тіс жегі пайда болады – дейді Сәуле Кәрібаева. 

Балалардың негізгі тістерінің тамырлары толық қалыптаспағандықтан ересектердің тістерінен өзгеше болады. Өте сезімтал. Егер тіс жегінін уақытылы емдемесе тамырдың өсуі жойылады. Тәулік бойы демалыссыз жұмыс істеуге көшкен облыстық тіс емханасы стоматологиялық кеселдің кез келген түріне бүгінгі медицина жетістіктерінің көмегімен емдейтін бірден бір орталық болып отыр.

Суреттерді түсірген
Данияр ҚОЖАБЕК

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.