Бұйымдарын оюмен әшекейлеген шебер

Среда, 17 Май 2017 05:16 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 5476 раз

Шымкентте көпке таныс қолөнер серіктестігінің бірі – «Шапағат». Мұнда ұлттық нақыштағы көрпе, жастық бұйымдары тігіледі. Кәсіпкер Гүлбахыт Ахметованың өнімдері сұранысқа ие. Жаз маусымы басталысымен, тігін цехында жұмыс қызады. Серіктестегі қыз-келіншектер түскен тапсырыстарға білек сыбана кіріседі. Қазір қыз жасауы әзірленіп жатыр. Түрлі ою-өрнектермен бұйымды көмкерудің шебер үшін қиындығы жоқ. Алдымен материалын өлшейді. Кейін, оны түрлі өрнектермен сәндейді.

18096647 820155148135320 2494513389154336768 n

Гүлбахыттың негізгі мамандығы – экономист. Бірақ жастайынан анасынан тігін тігуді үйреніп, қолөнермен айналысып келеді. Оның алғашқы еңбегі тұрмыстағы көрпешелер болды. Бірақ кәсіп ашамын деп ойламайды. Анасы Зәуре апайдың қолынан шыққан заттар үнемі сұранысқа ие болады. Кейін анасына осы жұмысты жандандырсақ деген ой келеді. Бірақ көпке дейін өз жоспарын жасауға батылы бармайды. Уақыт өте келе апайдың бұйымдарын тұтынушылардың қатары көбейіп, тапсырыс саны артады. Сөйтіп бұл бастаманы шағын бизнеске айналдырады. Алдымен Гүлбахыт ұзатылатын сіңлісіне жасауды анасымен бірге дайындайды. Сөйтіп қызығушылықпен басталған іс сүйікті жұмысына айналады. Көп ұзамай шеберлердің жұмысы алға басып, мақсаттары орындалды. Қазақтың ұлттық ою-өрнегі Гүлбахыттың еңбегінің арқасында жаңа форматқа ие болды. Қазір кәсіпкер келіншек сан алуан ою-өрнек және құрақпен жұмыс істеп келеді. 

17267598 294956884256843 8432601689315344384 n 1

– Екінің бірі ою-өрнектің мәніне терең үңіліп жатқан жоқ, сондықтан білмейді. «Бастысы, ұлттық нақыш қой» деген ой басым. Дегенмен қолөнер – адамның ерекше ықыласын қажет етеді. Алайда сапасы мен өрнегіне қарап, қолдың жұмысы емес деп ренжітетіндер де бар. Қазір оюларға назар аударсам, олардың дені қазақтың оюларына келе бермейді. Көбісі ойдан құрастырылып шығарылады. Ал біздің ұлттық ою-өрнек салт-дәстүр, әдет-ғұрпымыздың көрінісі емес пе? Содан оюлардың үлгілерін, құрақтың түрлерін пайдалануды қолға алдым. Біз оюларды сақтауымыз керек. Себебі, қазақтың ертеден келе жатқан оюларында терең мағына жатыр. Олардың әр элементі, өрнек-нақышы ұлттық ерекшеліктерді бедерлеп, бейнелейді. Ізденісім, өзім қалаған кәсібімді жетілдіруге себеп болды. Қазір бұйымдарымыз халық арасында кеңінен танылуда. Еңбегіміздің жанғанына қуанамыз. Қазақтың ою-өрнегі ұлттық бренд болуы тиіс, – дейді Гүлбахыт Ахметова. 

18013388 1267354946717428 3107841157179113472 nШынында да қол еңбегі нағыз еңбекті талап етеді. Көбіміз «Қошқар мүйізден» басқа оюларды біле бермейміз. Шындығында қазақ оюларының түрлері көп. Балаларға, ерлер мен әйелдерге арналған оюлар бар. Бас киімге, камзолға, шапанға салынатын ою түрлері қаншама?! Серіктестікте көз жауын алатын ою-өрнектер бар болғаны қайшымен пішіліп, машинамен тігіледі. Әйтсе де, сан түрлі ұлттық нақыштағы оюлар шыдамдылық пен төзімділікті талап етеді. 

18011685 130419444168497 1194912205858930688 n

Әуелде, осы жұмысты бастағанда күнкөріс үшін арзан өнімдерді пайдаланатын Гүлбахыт қазір сапасы жоғары, құны қымбат, өңі әдемі бұйымдарды қолданатынын айтады. Бүгінде шебердің қолынан шыққан бұйымын шымкенттік жұртшылық көп тұтынады. Тіпті ұлттық өнерден ескерткіш болсын деп арнайы іздеп келеді екен. Ол кәсіппен айналысу үшін бағыт-бағдарды анықтап алу керектігін айтады. Кез келген істі бастау үшін қаражат, нақты жоспар керек. Ал оны қалай бастауға болады? 

17333011 189672104855592 483467271461666816 n 1

– Не қызықтырады, сол саланы таңда. Сонда өзің күткен нәтижеге қол жеткізесің. Менен жақсы экономист те шығатын еді, оған қабілетім де, білімім де жетеді. Бірақ мені мамандығым қызықтырған жоқ. Менің кәсіпте еңбегім жанды. Нені жасасам да, сапалы дүниені ұнатамын. Өйткені шеберлерге ешкім ешнәрсе үйретпейді, – дейді кәсіпкер келіншек. 

Он саусағынан өнері тамған Гүлбахыт 10 жылдан бері талай бойжеткеннің жасауын әзірледі. Ол ұлттық нақыштағы ою-өрнектеріміз арқылы халқымыздың өркениеті мен мәдениетін, салт-дәстүрін насихаттап жүр. Биыл шебер «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының көмегімен тігін цехын одан әрі ұлғайтуды жоспарлап отыр. Енді ол көпшілікке қыз жасауының қайталанбас түрлерін жасағысы келеді.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.