«Үш ұрпақтың» кездесуі өтті

Пятница, 19 Май 2017 04:23 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 4600 раз

«Қарасу» шағынауданындағы «Отбасы аллеясында» «Үш ұрпақтың» кездесуі өтті. «Алтын той», «Күміс той» иелері мен жаңадан отау тіккен жас жұбайларға неке куәлігі тапсырылды. «Жасыл Қазақстан ЭКО» жобасы аясында «KAZSPACE» Инженерлік-Ғарыш мектебі ұйымдастырған бұл шараның жастарға берер өнегесі мол.

IMG 2795

Иә, 50 жыл бір шаңырақ астында тұрып, өмір өткелдерінен қол ұстасып өтіп келе жатқан ата-әжелерімізге де неке куәлігі тапсырылды. Шымкент қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің АХАТ секторының меңгерушісі Ақбота Қарнақбаеваның айтуынша, бұл шараның мақсаты жастарға алдыңғы буынның өнегелі өмірін үлгі ету, ұзақ жылдар бойы бірге тату-тәтті өмір сүрудің жолын нұсқау. 

IMG 2811

Жүздері бал-бұл жанған жастар, жанарынан мейірім шуағы төгілген ата-әжелер неке қию куәлігін алып, жүзігін бір-бірінің қолдарына таққанда бұл мекен бейне бір ғажайып баққа айналғандай әсер берді. 

«Алтын той» иелері Қалдарбек Батыров пен Күлдархан Әкімова қарапайым ғана отбасы. Бірі шопыр, бірі тігінші болып зейнеткерлікке шыққан қазыналы қарттар осы күндеріне тәубе етеді. 

IMG 2818

– Өмір бойы бәрі тамаша, оңай болды деп айта алмаймыз. Ауыр кезеңдер де басымыздан өтті. Бірақ, ондай қиын кездерде бір-бірімізді демедік, түсіністік таныттық. Ең бастысы, отбасында сыйластық, ынтымақ керек, – дейді олар. 

Неке қию куәлігін алған 9 жұп аллеяның ішіне кіріп, ағаш көшеттерін екті. Бұл жәй ағаштар емес, жібек талдардың көшеті. Киіз үйдің бір бөлшегі кереге бейнесінде дөңгеленіп, қиғаштанып егілген көшеттер өскенде әдемі жасыл желекке айналары сөзсіз.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.