Айнаштың арманы – «Құртафеллоны» әлемге таныту

Пятница, 19 Май 2017 05:25 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 6299 раз

Шымкентте «Құртафелло» тауар белгісі танымал өнімдердің бірі. 2 жыл бұрын жас кәсіпкер Айнаш Убайдуллаеваның идеясы көпшіліктің қызығушылығын туғызды. Қазір ұлттық бренд тұтынушылар арасында сұранысқа ие.

qurtafello-3Айнаш Медетханқызы кәсіппен жастайынан айналысады. Алғашқыда әпкесінің қымызханасына көмектеседі. Кейін жұмысты өзі жалғастырады. Күн сайын қымыздан айтарлықтай жақсы табыс түседі. Көбіне өзге елдерден келетін туристер киіз үйге жиі бас сұғады екен. Олар қымыз ішіп, құрттың дәмін көріп таң-тамаша қалады. Риза болғаны соншалық алғысын білдіретіндер көп. Шымкенттен бөлек басқа қалалардан келген қонақтар да қымызхананың тұрақты тұтынушыларына айналады. Бірде Айнаш келушілерге тың нәрсе ұсынуды ойлайды. Интернетті қарап, «Құртафелла» атауын көреді. Жаңа идея Айнашқа ұнайды. Әкесі Медетхан Убайдуллаев қызының талабын құптап, қолдау көрсетеді. Жас кәсіпкердің айтуынша, «Құртафелло» тауар белгісін «Raffaello» шоколадының атауымен шатастыруға болмайды. Өйткені, қораптың дизайнын өзгертіп, Астанадағы авторлық құқық саласының мамандарымен кеңесіп, тіркеуден өткізген. Десе де, алғашқыда өнімнің жұмысын жолға қою оңай болған жоқ. Өйткені Айнаш ұлттық брендті танымал болу үшін жасамағанын айтады. Алайда дәмді құрт тұтынушылардың көңілінен шығады. Күн сайын қызығушылардың қатары артпаса, кеміген емес. Бүгінде ұлттық бренд 100-600 теңге аралығында сатылып жатыр. Идея авторының арманы көп. Ұлттық тағамды шетелге кеңінен танытқысы келеді. «Құртафелло» тек қымызханада емес, сауда орталықтарының сөрелерінде тұрғанды қалайды. 

qurtafello

– Құрттың адам ағзасына тигізер пайдасы зор. Себебі, тағам – кальций мен ақуызға өте бай. Ал кальций ағзадағы зат алмасуды жақсартып, сүйек тіндерін бекітеді. Иммунитетті күшейтеді. Әрі сақтау мерзімі де шектеусіз, дәмі өзгеріп, бұзылмайды. Түрлі кәмпиттің орнына ұлттық тағамды неге пайдаланбасқа?! – дейді кәсіпкер.

Айнаш тек «Құртафелломен» шектеліп отырған жоқ. Бүгінде өзінің «Ақсұңқар» жарнама агенттігінің жұмысын дөңгелетіп отыр. Онда балабақшалар мен білім ордаларына және мекемелерге көрнекілік құралдарын жасап, дизайнерлік қызмет көрсетеді. Басында екі компьютермен кішкентай кеңседе жасалған жұмыс әрі қарай ұлғая берді. Жиналған қаржыға үлкен көлемдегі қағаздарды шығаратын аппаратты сатып алады. Енді ғана аяққа тұрып келе жатқанда кеңсеге ұры түсіп, құнды заттары мен дизайн үлгілері қолды болады. Бірақ алдына мақсат қоя білетін іскер қыз мойымады. Жаңа кеңсеге көшіп, 5 қызметкерді жұмысқа алды. Айнаш тіпті Қытайдың Гуйлин қаласында білімін де жетілдіріп қайтты. Тіл үйреніп қана қоймай, ұлттық брендіміз құртты да жарнамалады. 

Жас кәсіпкер кәсіпті несие арқылы бастағанды қолдамайды. Өнімге сұраныс арту үшін жарнаманың рөлі зор екенін айтады. Қолдан келген жұмысты аз-аздан дамытуға болады. Жуырда ол тағы бір кәсіп ашуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ алдағы уақытта бағдарламалаушы жастарды жұмыспен қамтығысы келеді.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.