Тәрбие – адам тағдырын шешетін ұлы іс

Среда, 24 Май 2017 05:55 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 11060 раз

«Балаларды тәрбиелеу – еңбек әрі борыш», «Баланың балалығын тыйдым дегенше, ер жеткендегі даналығын тыйдым деңіз», «Өзінің балалық шағын ұмытқан тәрбиеші – нашар тәрбиеші», «Тәрбиешінің өзі тәрбиеленген болуға тиіс»...

Бұл бізге дейінгі ғұламалардың тәрбие жөнінде айтып кеткен нақыл сөздері. «Жаста берген тәрбие жас қайыңды игендей» деген даналықты аталарымыз текке айтқан ба? Дегенмен баланы дұрыс жолға баулуда әр халықтың өзінің табиғи тек-болмысына қарай әр түрлі ұстанымы болған. Ертеректе спарталықтар балаларының жауынгер, өжет, ержүрек болып қалыптасуына көңіл бөлсе, Мысыр халқы баланың шаруаға, жұмысқа бейім болып өсуін қалаған.

Қазір де әр мемлекеттің бала тәрбиесіне көзқарасы түрліше. Әркім өз ұлтының өмір сүру салтына, мәдениетіне қарай бейімдеген. Мысалы, еврейлер мен америкалықтар баланың талғамы мен талабына шектеу қоймайды. «Болмайды» сөзін айтуға болмайды. Тек «Сен жақсысың, сен бәрінен мықтысың» деп баланы қанаттандырып отыруды жөн санайды. Бала өз бетімен өмір сүріп үйренуі керек. Қайда барамын десе де ерік беруі керек. Ал Үнді халқында керісінше. Тәрбие қатал. Ата-анасы таңдаған оқуды оқиды, қыз бала солардың қалауымен тұрмысқа шығады. 

Қытай халқының да бұл тұрғыда өзіндік ұстанымы бар. Олар балалары қанағатшыл, адамгершілігі мол, мейірімді болуы үшін Дао ілімінің өсиетін құлақтарына құйып жүреді. Оның негізі балаға 10 кәмпит ұсынсаңыз, ол тек аз ғана бөлігін алады. Неге барлығын алмадың деген сұраққа «Мен әлі кішкентаймын, сондықтан маған аз ғана бөлігі жетеді», – деп түсіндіреді.

Африкалықтардың, оның ішінде Масай тайпасының өзіндік өмір сүру қағидасы бекітіліп қойылған. Бала он бес жасқа келгенде әскери шен алып, отыз жасқа дейін қызмет етеді. Ордалы жасқа келген соң отбасын құрып, бала-шағаның қамына кіріседі. 45 жасында тәрбие берумен айналысып, 60 жасында тайпаның «рухани көсемі» атанады екен. 

Ал Франция халқы нәресте дүние есігін ашқанда ата-анасымен ауылда болып, суын ішіп, ауасын жұтып, аймақты аралап, танысады. Бұл процесс бала оқуға барғанға дейін жалғасады.

Қазақтың ұлттық тәрбиесінің де өзіндік құндылықтары жетерлік. Қазақ жерінде туылған бала қазақы тәрбие алуы керек. Бұл жөнінде қазақ әдебиетінің жарқын жұлдызы Мағжан Жұмабаев «...Әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында өз ұлты үшін қызмет қылатын болғандықтан, тәрбиеші баланы сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті» деген.

Қазақта тәрбие бесікте жатқанда ананың ақ сүтімен, әлдиімен келеді. Солай нәр алып, ана тілінің үнін естиді. Мұхтар Әуезов «Ел боламын десең, бесігіңді түзе!» деп қалай дөп басып айтқан десеңізші. Бала титтей кезінен қазақтың күй-жырын, ертегі-аңыздарын, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарын құлағына құйып, көкірегіне түйіп өсуі керек. Сонда ғана ол текті бабалары секілді адамгершілігі мол, намысты, қайратты, білімді азамат болады. Ал қыздарымыз ибалы, инабатты, ақылы көркіне сай бойжеткен болып, ұлттың ұятына дақ түсірмейді.

 

Сурет el.kz 
сайтынан алынды

Сапарғали ҚАНАТ

2015 жылы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «J-Group Production» аутсорсинг компаниясында журналист, сценарист, «Білім-Инновация» ХҚҚ-на қарасты «Сана» журналында журналист болып еңбек еткен. 2017 жылдың қаңтарынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.