Шымкенттік үлгілі отбасы Избранное

Среда, 31 Май 2017 07:41 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 4918 раз

республикалық байқауға қатысады

Шымкентте облыстық «Мерейлі отбасы-2017» Ұлттық байқауының марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ұ. Сәдібеков байқауға қатысушыларды арнайы құттықтап, жеңімпаз отбасыларға сый-сыяпат ұсынды.

mereili-otbasy

– Оңтүстік жеріндегі даналықтың үлгісін танытқан, ғажайып ұрпақ сабақтастығын көрсеткен мереке құтты болсын! Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Мен өз халқымды сүйемін. Оның мені бала кезімнен сабыр мен парасатқа баулығанын мақтан тұтамын. Сол үшін басымды иемін!» деген сөзі әр отбасына арналғандай. Отбасы – мемлекеттің бір бөлшегі. Елбасы бастамасымен өткізіліп отырған бұл байқаудың мақсаты – отбасылық құндылықтарды нығайту, өнегелі, тату шаңырақ иелерін насихаттау, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен өткен байқаудың қорытындысы бойынша шымкенттік Каналбай Сейілбекұлы мен Ордабасы ауданынан келген Омаш Шапаевтың жанұялары жеңімпаз атанды. Олар Астана қаласында өтетін республикалық байқауға жолдама алды. 

Мерекелік жиында байқау жеңімпаздарына облыс әкімінің дипломы мен қаржылай сыйлық табысталды. Байқауға қатысқан өзге 28 отбасыға бағалы сыйлықтар мен облыс әкімінің арнайы «Алғыс хаты» берілді.

Айта кетерлігі, республикалық байқауда Оңтүстіктің атынан сынға түсетін шымкенттік Каналбай Сейілбекұлы елге суырып салма өнерімен танылған қазыналы қария. Еңбек ардагері бүгінде 5 ұл, 4 қыз өсіріп, олардан 40 немере, 18 шөбере сүйіп отыр.