Асыл мұрамызды дәріптеген

Пятница, 02 Июнь 2017 09:14 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 4853 раз

Қазақтың тұрмыстық заттары ағаштан түйін түйген шеберлердің қолынан шыққаны мәлім. Бабадан қалған асыл мұрамызды ардақтаған жандар қолөнерді қайта жандандырып жатыр. Қазір ұлттық нақыштағы бұйымдар брендке айналған. Бүгінде Ұлжалғас Алибаеваның сапалы дүниелері көпшіліктің ризашылығына бөленіп жүр. Кәсіпкер бізбен өз кәсібінің қыр-сырымен бөліскен еді.

asyl-muramyzdy-dariptegen-43

Талпыныс табысқа жеткізеді

Бастапқыда шахмат, дойбы, нар тақтайларын жасаудан бастадық. Бұл заттар өте ме, өтпей ме деген ой да мазалады. Бірақ адамдардың қызығушылығы жоғары болып шықты. Неге ыдыс-аяқ шығармайсыңдар деп ұсыныстарын білдіре бастады. Сөйтіп алдымен кәсіпкер ретінде тіркеліп, кәсіпті бастап кеттім.
Бұрын қазақтың ет тартатын астау-табағы, сүт, қымыз құятын шарасы, шөміші және ыдыс-аяғы ағаштан жасалған. Ал сыйлы, қадірлі қонағына ұсынатын ыдыс-аяқтың жөні бөлек. Бабалардан қалған мұраны кейінгі ұрпаққа жалғасам деген идея келді. Ағаш ыдыстар ыстыққа да, суыққа да төзімді. Оған ұлттық нақышты қоссаң, әдемі дүние шығады. Содан жаңа бұйымдардың пішінін сызып, жасалатын материалын іздедік. Алғашқыда жұмысты жолға қою оңай болған жоқ. Біраз ізденіп, тер төктік. Сөйтіп ет салатын астауды шығардық. Кейін қажетті материалдарды аудандардан алатын болдық.

Сапаға көңіл бөлемін

Бұл кәсіпті күнкөріс тетігі ретінде ғана қарамаймын. Өйткені сан түрін дайындайтын шеберлер көп. Мұндай дүниелер сауда орталықтарында, базарлар мен дүкендерде толып тұр. Сондықтан алдымен сапаға көңіл бөлемін. Біздің ыдыс аяқтарымыз таза ағаш өнімдерінен дайындалады. Ал қолдан соғылған дүниелер ешқашан құнын жоймайды.

Өнім түрі көп болсын

Қазақ тойшыл халық қой. Етті астаудан жеу ерекше сезім сыйлайды. Бізде кішкентай табақтан бастап 20 адамға арналған үлкен астаудың үш түрі бар. Оны «Хан астау» деп атадық. Цехта жеке тапсырыстар бойынша да алуан түрлі жұмыстар атқарылады. Ал жұмысшыларымыз ағаштың тілін тапқан тәжірибелі шеберлер. Ыдыстарымыз негізінен жаңғақ, қарағай ағаштарынан дайындалады. Ал бұйымдарға түрлі түсті бояу қолданылмайды. Өйткені ағаштың түсінен артық ештеңе жоқ.

asyl-muramyzdy-dariptegen-43Бағаны төмен қоямын

Жалпы ағаштан жасалатын ыдыс-аяққа он-он бес күндей уақыт кетеді. Өзім бұйымдардың бір-бірін қайталамауын басты назарда ұстаймын. Дегенмен, эксклюзивті ағаш бұйымдары қымбат тұрады. Оны сатып алуға екінің бірінің қолы жете бермейді. Бірақ жоғары баға қоймаймын. Бір астаудың құны 20 мың теңгеден басталып, 50-60 мың теңгеге жетеді.

Жарнаманың маңызы зор

Кәсіпкер менеджерлікті де меңгеру керек. Менің сауда орталықтарында арнайы орным жоқ. Алайда өткізілетін көрмелерге жиі қатысамын. Қазір қалалықтар ыдыстарымызды жақсы біледі. Әрі ағайын, дос-жаран арасында кеңінен таныла бастады. Үлкен тойлар мен жиындарда біздің астаумен ет беріп жатады. Біреуден біреу көріп, сатып алып жатқандар да бар. Қоғаммен тығыз қарым-қатынаста болу кәсібіңді алға өрлетеді.

Бастаған ісіңді тастама

Негізінен қаламызда шеберлер өте көп. Бірақ көбісі бұл кәсіппен түбегейлі айналыса бермейді. Мен бұл жұмысты қызығушылықпен бастадым. Шеберханамызда компьютер, автоматика, станок жоқ. Бәрі қолмен жасалады. Ал санаулы құралдармен күрделі жұмыс істеуге болады.
Ұлттық өнерге тек бизнес ретінде емес, сүйіспеншілікпен қараймын.

Босаңсуға болмайды

Қандай іс бастасам да жоспармен жұмыс істеймін. Күн сайын атқаратын жұмысымның тиянақты орындалуын қадағалаймын. Ешқашан бүгінгі шаруаны ертеңге қалдырған емеспін. Ұлттық нақыштағы ыдыс-аяқтың түрлерін әлі де көбейткім келеді.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.  

Другие материалы в этой категории: « Өрісін тапқан «Procoffee» «ON DANCE» жастарға жат емес »