Құда мың жылдық...

Среда, 07 Июнь 2017 06:07 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 6979 раз

Бірлікті биік қойған берекелі әулет

DSC 6962

Елімізде халқымызбен, біздің салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызбен біте қайнасып кеткен өзге ұлт өкілдері баршылық. Ұлты өзге болса да, жан-тәнімен, бар болмыс-бітімімен қазақ болып кеткен Теміровтер әулетін ұйғыр дегеннен гөрі қазақ деуге көбірек келетіндей. Бұлай дейтініміз, олардың ұрпақтары, балалары мен немере-шөберелері ұйғыр тілін білмейді, есесіне қазақша сөйлейді, қазақ мектебіне барады.

DSC 6954

Тағы бір таңданарлығы, бұл әулет қазаққа қыз беріп, қыз алған. 

Табалдырықтан аттағаннан-ақосы әулеттің келіні Динара бізге иіліп сәлем салды. Келген қонаққа иіліп сәлем салатын салт ұйғырларда да бар. «Журналистер келеді» деген соң әулеттің үлкені мен кішісі, құдалары Зәйтүнә әжейдің шаңырағына жиналыпты. Бәрі қаз-қатар тұрып, хал-жағдай сұрасып жатыр. Қонақжай шаңырақтың ыстық пейілі олардың әрбір іс-әрекетінен, сөзі мен лебізінен білініп-ақ тұр. 

DSC 6943Қонақ бөлмесінде басталған әңгімеміз әулеттің үлкендерімен сұхбаттасудан басталды. Келер жылы сексеннің сеңгіріне шыққалы отырған Зәйтүнә әжей бүгінде осы әулеттің ақ самайлы қариясы, ақылшысы. 

– Көп ұлтты қазақ жерінде ел қатарлы біздер, ұйғырлар да тату-тәтті өмір сүріп келеміз. Қазақ халқы ешқашан бізді кеудемізден итерген емес. Тілімізді, салт-дәстүрімізді сақтауға кедергі жоқ. Ол үшін Қазақстанда барлық жағдай жасалып, қамқорлық көрсетіліп келеді, – деді Зәйтүнә Темірова қазақ тілінде ағынан жарылып. Оның қасында отырған құдағиы Тұрниса Тұрдиеваны да бір қарағанда қазақ екен деп қаласыз. Ауылдағы өзіміздің жаулығы қарқарадай әжелеріміз сияқты екі құдағи әңгіме тиегін ағытты. Қос құлынын үйлендіріп, той жасағандағы қызықтарын еске алды. Бір байқағанымыз, қазақ пен ұйғырдың салты өте ұқсас. Келін түсіру, беташар жасау, құрсақ көтеру тойы, шілдехана, бесік той, азан шақырып ат қою, тұсаукесер, баланы ашамайға мінгізу, сүндет той, қыз ұзату, құда той, кит беру, т.б. салт-дәстүр түрлері оларда да бар. Содан да болар, ұйғырлардың достық пен ынтымақ дәнекері болып, қазаққа қыз беріп, қыз алғаны. 

– Өзімнің інілерім де, әпке-сіңлілерім де, ұл-қыздарым да қазақтармен бас қосты. Ешкім де қарсылық танытпады. Қазақтан алған келіндеріміз түскен күнінен-ақ біздің ортамызға үйренісіп кетті. Мәселен, інім Нижадтың үйіндегі Динара келіннің түскеніне 9 жыл болды. Қазір 4 баланың анасы, мақтаулы келіндердің қатарынан. Қыздарымыздың да барған жері риза. Құда-құдағиларымыздың көңілі толмай, алаңдағанын көрген емеспін, – деді Тұрниса Әбілахатқызы. 

DSC 6819

Теміровтер әулетінің келіні Гөзәл – Шымкенттегі ұйғыр этномәдени бірлестігінің төрайымы жұмысын негізгі адвокаттық жұмысына қосымша алып жүр. Өзінің төрт қызын, яғни, Зәйтүнә әжейдің 4 немересін түгел бесікке салып өсіріпті. Гөзәл әңгіме арасында ұйғыр тілін енді-енді үйреніп жүргенін айтып қалды. Ал қыздары тек қазақ және орыс тілдерінде сөйлейді екен. 

Қонақжай шаңыраққа бізбен қатар қалалық Ұйғыр этномәдени бірлестігінің жанындағы Әйелдер кеңесінің төрайымы Нұрғиса Ниязова да қонақ болып келген екен. Шымкентке отбасымен қоныстанғанына 50 жылдан асқан апамыз бірлестіктің жұмысына да тоқталып өтті. Өткен жылы «Ет асу» фестивалінде бірінші орынды иеленген аталған бірлестіктің басқа да түрлі жетістіктері жетерлік. 

Нұрғиса қажының айтуынша, Шымкент қаласының өзінде қазіргі таңда 2500-дей ұйғыр татулықта, бірлік пен жасампаздықтаөмір сүруде. Ұйғырлардың жергілікті халықпен араласып, біте қайнасып кетуінің көрінісі, қазақпен құда болғандығында болса керек. 

 

– Өзімнің отбасымда менен басқасының барлығы қазақ ұлтымен отбасын құрған. Туған әпкем мен екі сіңлім қазаққа күйеуге шыққан. Інім де қазақтың қызына үйленді. Қазір бәрі де немере көріп отыр, - дейді Нұрғиса Ниязова. 

Қызды-қызды әңгімемен отырғанда, Гөзәл барлығымызды дастархан басына шақырды. Біздің келе жатқанымызды ести салысымен, қазан көтеріп, ет асыпты. Теміровтердің мол дастарханынан ет жеп, сорпа іштік. Қазақтың кең көңілі мен дархан пейілінің лебі ескендей болды. Елдің амандығын тілеп, ынтымақ-бірліктің ұйытқысы болып отырған Теміровтер әулеті үлгілі, өнегелі ұрпақ тәрбиелеуді басты мақсат тұтады.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.