Ашығудың ағзаға әсері қандай?

Пятница, 09 Июнь 2017 05:39 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 23406 раз

20170605 125049Қазір сауабы мол Рамазан айы кезінде қаншама мүмін аузын бекітіп, ішіп-жеуден тыйылып, мұсылмандық парызын орындап жатыр. Әрине, оразаның мұсылман қауымына парыз болуының мәні тек ішіп-жеуден тыйылу ғана емес. Тәніміз бен рухымыздың толық үйлесім тапқан оразасы ғана кәміл ораза қатарына жататынын жете ұғынған ләзім. Жалпы, ашығудың адам ағзасына әсері қандай? Бүгін осы сауалға жауап іздеп көрмекпіз.

Шолпан ӘБСАМАТОВА

Дәрісіз емделгіңіз келсе...

Шымкентте Ш.Әбішұлы атындағы «Халықтық және аштықпен емдеу орталығы» бар. Бұл – еліміздегі аштықпен емдейтін жалғыз мекеме. Ашылғанына жиырма жылға жуық уақыт болған емхана жылына – 1400-1500, айына – 110-120 адамды емдеп, дертіне шипа беріп жатады. Еліміздің түкпір-түкпірінен һәм Ресей, Қырғызстан, Өзбектан, тіпті, Қытай мен Түркиядан да адамдар осы орталыққа емделуге келеді екен. Сондай емделушілердің бірі – Петропавлдан келген М. есімді науқас. Емхананың Бас дәрігері, осы орталықтың ең білікті дәрігері Шолпан Әбсаматованың айтуынша, бұл науқастың әу бастағы салмағы 190 кг. Гипертониямен және тізе буындарының артрозымен бірнеше жыл бойы ауырған. Халықтық және аштықпен емдеу орталығының стационарында 25 күн жатып, 25 кг салмақ тастаған. Қан қысымының деңгейі бір қалыпқа түсіп, тізе буындарының ауыруы басылып, қимыл-қозғалысында белсенділік арта бастайды. Екінші рет төрт айдан кейін орталыққа тағы 15 күн жатып, 17 кг салмақ тастайды. Соның нәтижесінде науқастың тыныс алуы реттеліп, қан қысымы 130/80-ге түскен. Оның өмірге құлшынысы артып, жеке көлік жүргізе бастағанын әрі жаяу көп жүруге тырысатынын, дене жаттығуларымен көп айналысатынын айта кеткен жөн.

20170607 153906

Емделудің ең аз уақыты – 10 күн

Мұндағы науқастардың дені ашығу арқылы денсаулығын қалпына келтіргісі келеді. Тіпті, дені сау адамдарды да көзіміз шалды. Қандай да бір аурудың алдын алу үшін осы емханаға ат басын бұрған. Аяғы ауыр әйелдер де 7-10 күндік аштық ұстаса, өзіне де, ішіндегі балаға да пайдалы болады екен. «Жерігі қатты келіншектер осы жерге арнайы келіп, 7-10 күн емделіп, жерігі басылып шығып жатыр», – дейді бас дәрігер. 

Шолпан Медетқызының сөзінен ұққанымыз, ашығудың адам ағзасына пайдасы болмаса, зияны жоқ. Ал әлемде ашығудың түрі өте көп. Қазақстанда ашығуды ғылыми зерттеген ғалымдар жоқтың қасы. Көрші Ресейде 1932 жылдан бастап ашығуды ем ретінде енгізген. Ол жақтың барлық ауруханалары мен институттарында арнайы ашығу бөлімдері жұмыс істейді. Бір ғана Санкт-Петербургтың өзінде 5 мемлекеттік емхана аштықпен емдейді. Ресейдің көптеген ауруханалары ғылыми негізде аштықпен емдеуге маманданған. «Қаламыздағы бірегей емхана ашығудың қандай әдістемесіне сүйенеді?» деп сұрағанымызда, Ресейдің белгілі профессоры Надежда Семенованың әдісімен емдейтінін білдік. Емделудің ең аз уақыты – 10 күн. 20 күннен 30 күнге дейін емделіп жатқан адамдар да бар екен. 10 күннің ішінде 2 рет бауыр мен өтті жуады. Алғашқы күндері май мен лимон шырыны, екінші жартысында магнезия беріледі. 

Емделу ақысына келсек, күндігі – 5000 теңге. Қазіргі нарыққа оңтайлы баға. Себебі, оның ішіне клизма, массаж, емдік сауна кіреді, қосымша шөп дәрілер беріледі. 

– Адам бір күн ашықса да, ағза өз-өзін емдейді. Әсіресе, асқазан-ішек жолдарына өте пайдалы. Тазаланып, өз қызметін жақсарта алады. Жалпы ашығу дегеннің өзі – тазалану дегенді білдіреді. Пайғамбарларымыздың кезінде 40 күндік ораза болған. Онда да тек сумен ішкен. Кейіннен ораза уақыты 10 күнге қысқарып, 30 күн болды. Ораза кезінде адам барлық күш-қуатын қалпына келтіреді. Адамның тәні ғана тазаланбай, оның жаны да тазарады, – дейді Ш.Әбсаматова. 

Тобықтай түйін. Бір таңғаларлығы, өткен ғасырлардағы ашаршылық, қиын-қыстау кезеңдерде өмір сүрген ата-бабаларымыздың өмір жасы ұзақ әрі дені сау болған. Мәселен, Ленинградта блокадада 100 күн қамауда болғандардың қай-қайсысы да ұзақ өмір сүрген. Ал АЛЖИР түрмесіндегі Алаш зиялыларының жұбайлары ше?! Олар да аштық пен қорлықта өмір сүрді. Алайда ұзақ та мағыналы ғұмыр кешті. «Адам ашықса, аштан өледі» дейтін қасаң түсінік көп пенденің көкейінен кетпейтіні шындық. Әсілі, олай емес. Ашыққан кезде, ағза тазаланып, иммунитетін көтереді. Бірақ, ашығумен емделуге тыйым салынған науқастар да бар. Қатерлі ісік және қант диабетінің І-сатысындағы науқастарға ашығуға болмайды. Осыны естен шығармаған абзал.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.