Cауабы мол амал

Среда, 14 Июнь 2017 07:02 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 319 раз

Жақсылыққа жол сілтейтін Ораза – мұсылман жамағатына нәсіп еткен бес парыздың бірі. Дәл осы Рамазан айында Кәлимаға тіл келтірген әрбір жан сауапты істің басы-қасынан табылуға асығады. Қасиетті айда алғашқылардың қатарында жомарттық танытқандардың бірі өңірімізге белгілі кәсіпкер Қайрат Сүлейменов болды. Дегдар азамат №3 балалар үйіне барып, жүрек жылуына зәру жәудіркөздерді құттықтады. Оларға тарту-таралғы жасады.

photo-1

«Жетім көрсең, жебей жүр» деген халық нақылы тектен-текке айтылмаған. Қолы ашықтың – қашанда жолы ашық. Күнделікті қауырт жұмыстан қолы қалт етсе, кәсіпкер азамат бала жанын жадыратқысы келеді. Қамқор ағаны көріп, көз қуантқан балалар бүгін де әсем ән, тәтті күйін аямады. Қолдан келгенше балапандарды шаттыққа бөлеу, рухани демеу – сауаптың үлкені. Жомарт кәсіпкер: «Баланың тәтті ұйқысы мен риясыз күлкісі жан жадыратпай қоймайды», – дейді. Ата-ана мейірімі мен сүйіспеншілігіне шөліркеген бар баланы бауырына тартты. Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің. Шымкенттік кәсіпкер Қайрат Сүлейменовтың келесі аялдаған жері -- Көксәйектегі тірек-қимыл жүйесі бұзылған балаларға арналған медициналық – әлеуметтік мекемесі болды. Жомарт азамат мекемені керек-жарақ заттармен қамтамасыз етті. Өздеріне көрсетілген қамқорлыққа балалар да мәз-мәйрам. Дәмі тіл үйірер тәттілер, бастан аяқ жаңа киім, ас үйде де жаңарған ыдыс-аяқ... Бұл балалардың денсаулығына байланысты туындайтын кейбір қиындықтарын, ине егу, дәрі ішу сынды процедураларын бір сәтке ұмыттырды. Бос уақытын сауапты іске сарп етуге ұмтылатын жанашыр жігіт денсаулығының кінәраты бар балалардың көңілін осылай аулады. 

Бұл орталықта өздігінен жүріп тұра алмайтын 130 бала тіркелген. Білікті дәрігерлердің емінің арқасында көпшілігі сырқатты жеңуге талпынуда. Жарымжан бұл балғындардың мұнда әлдебір дүниеге мұқтаж екендіктері байқалмайды. Өйткені, демеушілердің көмегі, жылы қабағы мен қамқорлығы олардың өмірін өзгертіп, бір сәтке қайғысын сейілткендей. «Жақсы сөз – жарым ырыс». Игі-жайсаңның жылы сөзі мен ыстық мейірімі жан семіртеді. Оны әсіресе, осы балалар анық сезеді.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор-Бас редакторы – Айгүл Қапбарова. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.