Дәрігер Зарифа

Пятница, 16 Июнь 2017 09:18 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 4558 раз

Шымкентте дәрігер Зарифа Мамырбаеваны білмейтіндер кемде-кем. Ол қаламыздағы медициналық жедел жәдем стансасының №4 бекетінде жемісті еңбек етіп келеді.

DSC 8877

Еңбек жолындағы 20 жылына көз жүгіртсе Зарифа талай қиын да, сәтті де сәттерді басынан өткерді. Ол дәрігер мамандығына өз таңдауымен келді. Институтты аяқтаған соң, алғашқы жұмысын осы жедел жәрдем стансасының №4 бекетінен бастады. Мұндағы әріптестері оны жатырқамады. Білгенін үйретіп, біліктілігін арттыруға көмектесті. 

Зарифа Мамырбаева күн сайын шақыртуларда мінез-құлығы сан алуан адамдармен тілдеседі. Таңертең мен кеш қарайған шақ жедел жәрдем үшін қиын уақыт. Ал оған нөмірі түгілі, атауы жоқ көшелерді қосыңыз. 

– Кейде мекенжайлар шақырту бойынша дұрыс берілмейді. Талап бойынша көлік 20 минут ішінде жетуі тиіс. Әрине, жол кедергілері болмағанда, – дейді Зарифа Сейткәрімқызы. 

Дәрігердің айтуынша, бекетке қайта-қайта хабарласып, үйіне жиі шақыратын зейнеткер тұрғындар көп екен. Мәселен, 86 жастағы Елизавета Кирьянова. Әжейдің ауруханаға жатқысы жоқ. Созылмалы бронхиті бар кісі бекеттің қыз-жігіттерін көргенде сырқатын ұмытатын көрінеді. Тіпті сендер болмасаңдар не істеймін? деп мақтап қояды екен. 

– Ара-тұра қан қысымын өлшету үшін мазалайтын жалғызбасты әжелер де бар. Біз оларға түсіністікпен қараймыз. Жалғызілікті жандар ғой, қолдан келгенше жәрдем береміз,– дейді білікті маман. Жұмысына тиянақты, өз мамандығына деген сүйіспеншілігін, дәрігерлік антына адалдығы мен науқасқа деген жанашырлық ниетін көргенде Зарифаға іштей сүйсінесіз. Ол екі ұл, 1 қыз тәрбиелеп отырған аяулы ана. Үлкені Қайсар 1 курс студенті болса, Санжар 10 сыныпта, қызы Айшабибі 5 сыныпта оқиды. Отбасындағы парызы мен қоғамдағы міндетін ұмытпайтын дәрігер қала тұрғындарына қалтқысыз қызмет көрсетіп келеді.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.