Сәбидің «іңгәсімен», ананың бақытымен тербелген мекен

Пятница, 16 Июнь 2017 09:25 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 9050 раз

Мына жарық әлемде ананың омырауын жібітіп, алпыс екі тамырын идірген сәбидің қылығына жетер қандай қуаныш бар екен?! Өмірге дені сау, он екі мүшесі бүтін бала әкелу әрбір ананың арманы. Іңгәлаған нәресте, іңкәр сезіммен бөпесін бауырына қысқан ана...Күн сайын бұл орталықта қаншама сәби дүние есігін ашады. Ал нәресте жарық дүниеге келгенде оның кіндігін кесіп, алдымен қолға алатын акушер, гинеколог дәрігерлердің еңбегі тіпті ерен.

DSC 9542

Ана мен бала өмірінің сақшылары

Бүгінде №4 облыстық перинаталды орталық аймақтағы заманауи үлгідегі перзентхананың бірі саналады. Бұл жерге жедел дәрігерлік көмек алып, өмірге ұрпақ әкелу үшін қала, облыс аумағынан күн сайын қаншама әйел келіп жатады. Соңғы үлгіде салынған №4 облыстық перинаталды орталық ана мен балаға көмек көрсетудің үшінші деңгейлі сатысына жататын мекеме. Өздігінен табиғи жолмен босана алатындарды қабылдайтын перзентханалар бірінші, екінші деңгейлі болып саналады. Ал, жүктіліктің асқыну қауіптілігі жоғары аналар осы орталыққа жіберіледі. 

Перзентханада замануи УДЗ, рентген аппараттары, босанған аналар мен нәрестелерге көмек көрсететін мамандандырылған заманауи техникалардың барлығы бар. Мұнда халыққа 500-ден астам маман медициналық қызмет көрсетеді. Оның 78-і жоғары санатты дәрігер, 276-дан астамы орта буынды медицина маманы.

Бұл орталықта 2011 жылдан бүгінге дейін 46449 бала дүниеге келіпті. Жыл басынан 3343, ал күніне 25-30 бала туылатынын ескерсек, осы көрсеткіштің өзінен мекеменің ел демографиясына қосып келе жатқан үлесінің қаншалықты қомақты екенін аңғаруға болады.

DSC 9581

Гүлбану Сыздықова тек бас дәрігер ғана емес, тәжірибелі акушер-гинеколог. Ол өз қызметінің басты өлшемі – ана мен баланың өмірін сақтау екенін жан-жүрегімен түсінеді. Дәрігерлер үшін мұнда жүкті әйелдер келіп түскеннен бастап, олардың өмірге сәби әкелетін алғашқы минуттары өте маңызды. Себебі баланың өмірге келуі күрделі процесс. Сондай-ақ орталықтың әрбір бөлімшесінде диагностика және емдеу алгоритмі бойынша жұмыс жүргізіледі. Егер жүкті әйел ауыр жағдайда түссе, дәрігерлер шұғыл медициналық көмекке кіріседі. Ең бастысы акушер-гинеколог дәрігер ана мен баланың денсаулығын басты назарда ұстайды. Орталықтың медицина қызметкерлері жыл сайын республиканың және басқа шет мемлекеттердің алдыңғы қатарлы түрлі клиникаларында арнайы және біліктілігін арттыру курстарынан өтеді.

 

Акушер және ана

Перзентханаға күніне 20-30 әйел жеткізіледі. Әртүрлі диагнозбен түскен аналар паталогиялық жүктілік бөлімшесіне, ал, ай-күні жеткендері босану залына жіберіледі. Мұндағы ортада, әйелдердің көңіл күйі де өзгеше. Іңгәлаған сәби үні... Перзентіне мейірленген жас ананың сәбиін қолына алып, аналық бақыттың балшырын сәтін сезінуі... Әне, жарық дүние есігін ашқан нәресте анасының құшағында тырбаңдап жатыр. Бұл ана мен баланың арасын махаббат сезімінімен жалғаған алғашқы қадам. Сәбидің салмағы мен бойы өлшенеді, денсаулығы тексеріледі. Сосын биркасы толтырылады. Босандыру бөлімінің акушері Паризада Жабаева босанған бала мен ананың жағдайы жақсы екенін айтты. Ал босанған әйелдер 2 сағаттан соң, палатаға ауыстырылады.

DSC 9536

Дәрігер, акушер-гинеколог Гүлжан Рысқұлбекованың мәлімдеуінше қажет болған жағдайда физиотерапиялық процедуралар, массаж, сонымен қатар психологиялық көмек те көрсетіледі. Мұндағы жұмыс қарбаласқа толы. Тәулік бойы дамылсыз қызмет бір сәтке де толастамайды. Тіпті кейде дәрігерлердің тапшылығы да байқалады. 140 төсекке арналған орыннан босанатын әйел саны асып та кетеді. Бірақ соған қарамастан ана мен бала өмірінің сақшылары бәріне үлгереді. 

– Өмірге дені сау ұрпақ әкелу бірінші кезекте анаға байланысты. Әйел бақыты ана атану болғанымен, ауру әйелден сау сәбидің тумайтынын да ұмытпаған жөн. Болашақ аналарға айтарым, баланың өмірге келуі – бұл тек қуаныш қана емес, үлкен отбасылық жауапкершілік. Жүктілікті алдын ала тексеруден өтіп, денсаулығын түзеген соң жоспарлаған дұрыс,– дейді акушер-гинеколог Гүлжан Рысқұлбекова. 

DSC 9591

Перинаталды орталықтың қызметкерлері үшін тәуліктің әр минут, сағаты қарбалас сәтпен жалғасып жатады. Ол – бақытқа, қуанышқа, нәрестенің үніне, ананың қиналысы шаттыққа ұласқан сәтіне толы тәтті шақтар...

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.  

Другие материалы в этой категории: « Дәрігер Зарифа 29 жаңа автокөлік берілді »