Қос қаламгерге – қос мүйіс Избранное

Пятница, 23 Июнь 2017 05:58 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 476 раз

Журналистердің төл мерекесіне орай облыстық ғылыми-әмбебап «Отырар» кітапханасында айтулы шара өтті. Кітапхананың екінші қабатында журналистерге арналған «Мерзімді баспасөз» бөлімі ашылды. Онда белгілі қаламгер, Оңтүстік журналистикасының корифейі саналған Әмірсейіт Әлиев пен Жұмамұрат Тұяқбаевқа арналған қос бұрыштың салтанатты таныстырылымы болды.

DSC 1896

Маңызды жиынға елімізге белгілі ақын-жазушылар мен зиялы қауым өкілдері, қос қаламгердің ұрпақтары қатысты. «Мерзімді баспасөз» бөлімінің ашылу салтанатының лентасын ҚР Парламенті Мәжілісінің экс-депутаты, қоғам қайраткері Шалатай Мырзахметов пен Оңтүстік журналистикасының абыз ақсақалы Байдулла Қонысбек қиды. 

Журналистер күнінің қарсаңында ашылған «Мерзімді баспасөз» бөлімі жалпы оқырманға, әсіресе қолына қалам ұстаған қауымға қымбат тосын сый болғаны рас. Залдағы қос мүйістің оң жағы – «Шымкент келбеті», «Панорама Шымкента» газеттерін ұзақ жыл басқарған Жұмамұрат Тұяқбаевқа арналса, сол жағы – облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде ширек ғасырға жуық бас редактор қызметін атқарған Әмірсейіт Әлиевке бағышталған. Қос қаламгердің үлкен портреті мен кітап сөрелері, жазу үстелі мен орындығы залға кіргеннен-ақ көз тартады. Бұл екі тұлғаның да өткен өмір жолы, қаламгерлік ізі оңтүстік журналистикасының қазыналы тарихы.

DSC 1864

Қос редакторға арналған мүйіске қарымды қаламгерлердің авторлық кітаптары мен алған марапаттары, тұтынған заттары қойылған. Кітапхана басшысы Күлия Айдарбекованың айтуынша, қос қаламгердің жазу үстелі мен орындығы үйлерінен арнайы алдыртылған. 

«Мерзімді баспасөз» залында өңір журналистикасының қара шаңырағы «Оңтүстік Қазақстан» газетін басқарған басқа да бас редакторларға арналған мүйістер бар. 

DSC 2031

Жиында Әмірсейіт Әлиев пен Жұмамұрат Тұяқбаев жайлы баяндамалар оқылып, сағынышқа толы естеліктер айтылды. Солардың ішінде 90 жылдан астам тарихы бар «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бүгінгі бас редакторы Абай Балажанның сөзі жиналған қауымды бей-жай қалдырмады. Абай Бекназарұлы қос қаламгердің табиғаты ұқсас болмағанымен, ұлттық мүдде, ел намысы тұрғысында сіңірген еңбек жолы ұқсас екенін айтты. Өзінің журналистикаға енді қадам басқан кезіндегі редакторы Жұмамұрат Тұяқбаевпен кезекті лездемеден кейінгі 7-8 минуттық әңгіме қағаз бен қаламның қадірін ұқтырғанын тебірене жеткізді. Ал газетті 22 жыл үзіліссіз басқарған редактор Әмірсейіт Әлиев хақында да қандай биік баға, құрметке лайық тұлға екенін ерекше атап өтті. 

DSC 1950

Оңтүстік журналистикасының айтөбелі Байдулла Қонысбек қос тұлғамен ұзақ жылдар бірге қызметтес болғанын, олармен қоян-қолтық араласқанын мақтанышпен жеткізді. 

– Ол кезде таңертең сағат 9.00-де жұмысқа келсек, түнгі 4-5-тер шамасында үйге әрең жететінбіз. Екі-үш сағат көз шырымын алар-алмас қайта жұмысқа келеміз.

Жұмамұрат ағамыз да, Әмірсейіт ағамыз да газеттің қара жұмысына күн-түн демей төзді. Басылымға реформа жасады, оқырман санын арттырды. Ол кезде «Оңтүстік Қазақстанның» тиражы – 90 мыңнан асты, – деді белгілі журналист.

Шара соңында қос әулеттің ұрпақтары сөз алды. Әмірсейіт Әлиевтің кенже ұлы Дәулетияр Әлиев әкесі хақындағы естеліктерімен бөлісіп, Шалатай Мырзахметов, Еркінбек Тұрысов, Байдулла Қонысбек, Абай Балажан ағаларының иығына шапан жауып, құрмет көрсетті. Ал Әмірсейіт атамыздың шөбересі Айлун Әмірсейіт «Менің атам неге жақсы?» атты эссені оқып берді.

Последнее изменение Пятница, 23 Июнь 2017 08:38
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.