ХҚКО: кез келген құжат қолжетімді

Среда, 23 Август 2017 06:10 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 4206 раз

Күнгейдегі Халыққа қызмет көрсету орталықтарында күн сайын жаңалық көбеюде. Мәселен мобильдік, тұрғындар автокөлік құралдарын тіркеу және жүргізуші куәлігін алуға қатысты барлық мемлекеттік қызметтерді бір мезетте бір кешеннен алатын мамандандырылған, тіпті тәулік бойы жұмыс істейтін ХҚКО-ы ашылды. Қазір құжат рәсімдеудің барлығы осы ХҚКО арқылы шешілетін болды. Ешкім бұрынғыдай ұзын-сонар кезек күтіп отырмайды. Мүмкіндігі шектеулі адамдарға да арнайы мамандар қызмет көрсетеді. Жүргізуші куәлігін де тез арада ХҚКО-нан ала алады. Баланың туылуы мен балабақшаға баруына дейінгі өтініштерді де аз уақыттың ішінде толтыруға болады. Әсіресе, электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) алуды көпшілік енді ұғынып келе жатқандай.

DSC 4091

3 млн-ға жуық халқы бар облысымызда 33 Халыққа қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. 2017 жылдың 6 айында Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Халыққа қызмет көрсету орталығы 3 млн-нан астам қызмет көрсеткен.

ЭЦҚ-ны қалай алады?

Осы уақытқа дейін өңірімізде 323 777 мыңнан астам адам электрондық цифрлық қолтаңба алған, олардың барлығы «Connection point» өзіне-өзі қызмет көрсету секторында е-қызметтерді өздігінен ала алады. ОҚО бойынша «Халыққа қызмет көрсету орталығы» басқармасының құжаттарды қабылдау маманы Мұрат Мамытов электронды цифрлы қолтаңба алу үшін ең алдымен www.pki.gov.kz сайтына кіру керектігін айтады.

– Осы сайттың басқы бетіне бассаңыз, ішінде ЭЦҚ кілттерін алу деген қатар бар. ЭЦҚ алу төрт бөлікке бөлінеді: 1. Жеке тұлға; 2. Заңды тұлға; 3. ҚР-ның резиденті еместерге; 4. SSL техникалық сертификаты. ҚР резиденті емес дегенді түсіндіре кетсек, ол ҚР азаматы емес, уақытша тіркелгендерді айтады. Ал SSL техникалық сертификаты елімізде сайт ашатындарға беріледі. Өтінімді on-line режимде сәтті беру үшін, Сізге бағдарламалық қамтамасыз етуді жүктеп орнату керек, – дейді ол.

DSC 4058

Мұрат Әбиболлаұлының айтуынша, бұл бағдарламаларды орнатқаннан кейін өтінім беріледі. Ол үшін ЖСН мен электрондық поштаны жазу керек. Поштаға анықтамалар келіп тұрады. ЭЦҚ алу үшін кез келген адам өтінім беріп, оны қағазға шығарып, міндетті түрде ХҚКО-на келіп, тапсыруы тиіс. Онда азаматтың ЭЦҚ-ын растайтын мәлімет, заңды тұлғаларға БИН нөмірі беріледі.

Айта кету керек, ЭЦҚ бір жылға дейін жарамды. Бұл кілтті мерзіміне жетпей, үйде отырып-ақ ұзартып отыруға болады. ЭЦҚ алғаннан кейін е-gov.kz электрондық порталы арқылы берілетін кез келген анықтаманы алуға мүмкіндік бар. 

Электрондық үкімет порталынан ЭЦҚ-ға байланыстырмай-ақ анықтама алуға болады. Мемлекеттік органдардан бұл ноу-хауды сынауға әзірше тек Бас прокуратура ғана бел байлады. Енді электрондық үкімет порталынан соттылығы жоқ туралы анықтама алу үшін электрондық-цифрлық қолтаңбаның болуы міндетті емес. Қазақстандықтар оны еgov.kz порталына авторлану кезінде қызметті алушының ұялы телефонына түсетін бір реттік sms-паролінің көмегімен алуларына болады. 

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Басқарма төрағасы Абылайхан Оспановтың айтуынша, бұл жаңалық порталдан қызметтерді алуды едәуір жеңілдететін болады. «Қазақстандықтардың барлығында ЭЦҚ бола бермейді, ал ЭЦҚ барлары оны әрқашан өзімен бірге алып жүрмейді, сондай-ақ бір анықтама алу үшін ХҚКО-ға бару барлығына бірдей қолайлы емес. Мұндай жағдайларда, қызметті бір реттік парольдің көмегімен алу – оңтайлы жол. Бір реттік парольді ЖСН-ді телефон нөміріне байланыстыра отырып, ХҚКО-дан да алуға болады», – деді А.Оспанов.

DSC 4084

Айтпақшы, бір реттік парольді алу үшін азаматтар электрондық үкімет порталында m-gov телефон нөмірлері базасына тіркеле алады. 

Мобильдік ХҚКО өткен жылы облыстың шалғай елдімекендеріне өз жұмысын бастады. Ағымдағы жылдың басынан бастап мамандар шалғай елдімекендерге шамамен 31 мыңнан аса баламалы қызмет көрсеткен.

 

Онлайн сурдоаударма қызметі

Мүмкіндігі шектеулі адамдарға мемлекеттік қызметтер көрсету бойынша жұмыстар да тоқтатылмаған. Осылайша 1 және 2 топ мүгедектігі бар адамдар мемлекеттік қызметтерді үйлерінде алады. Мұндай сапарлар барысында ХҚКО қызметкерлері құжаттарды беру мен қабылдауды, сондай-ақ электрондық цифрлық қолтаңба беруді жүзеге асырады. Қажет болған жағдайда олар ХҚКО арқылы көрсетілетін барлық мемлекеттік қызметтер бойынша кеңестер өткізеді. Ал есту және сөйлеу қабілетінде кемшіліктері бар адамдарға кедергісіз қызметтер ұсыну үшін ХҚКО бөлімдерінде сурдоаударма дағдыларын меңгерген 89 маман жұмыс істейді. 

DSC 4072

Осы орайда ОҚО бойынша «Халыққа қызмет көрсету орталығы» басқармасының басшысы Еркебұлан Әлсейітов «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы жылдың басынан бірнеше жаңа пилоттық жобаны іске қосылғанына тоқталды. 

– Жобаның бірі – Онлайн сурдоаударма қызметі, сөйлеу және есту қабілеті бұзылған азаматтарға мемлекеттік қызметтердің сервисі. ХҚКО-ның жеңілдік терезесіне жүгінген сөйлеу және есту қабілеттері бұзылған тұлғалар ым-ишарат тілінде қажетті құжатты қалай алу керектігін шынайы уақыт режимінде айтып беретін, онлайн сурдоаударма арқылы қызметті ала алады, – дейді Еркебұлан Асанбайұлы.

Сондай-ақ, жақында дайын жүргізуші куәлігін Шымкент қаласының кез келген ХҚКО-да алуға болатын жоба іске қосылған. Қала тұрғындарының мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында дайын жүргізуші куәлігін алу үшін күтуі қажет емес. Бұл үшін жаңа жүргізуші куәлігін ресімдеу кезінде клиент өтініш толтырып, онда дайын құжатты алу ыңғайлы болатын бөлімнің нөмірі мен мекенжайын көрсетуі тиіс. Пилоттық жоба қызмет алушылардың уақытын үнемдеуге және мамандандырылған ХҚКО-лардағы кезекті азайтуға мүмкіндік береді.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы 2016 жылғы қыркүйек айының соңында жаңа пилоттық жобаны іске қосып, соның шеңберінде мемлекеттік корпорация қызметкерлері перзентхана ғимаратында бірден 4 қызмет көрсетуге өтініш қабылдай алады. Бүгінгі таңда жобаға Оңтүстік Қазақстан облысының 22 перзентхана мен перинаталдық орталықтар жұмылдырылған. 

DSC 4101

Жылдың басынан 22 мыңнан астамы баланың туылуын тіркеуге, 7 мыңнан астамы бала тууға және оның күтімі бойынша жәрдемақы тағайындауға, 1 883 өтініш бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтiк төлемді тағайындауға және 4 мыңнан астам өтініш балабақша кезегіне тұруға берілген.

 

Әлеуметтік мәртебеңізді білесіз бе?

Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша ХҚКО-да 15-наурыздан бастап ХҚКО департаментінің бөлімдерінде жұмыспен қамту орталықтарының мамандары міндетті медициналық сақтандыру қызметіне қатысты кеңес береді.

Еліміздің әрбір тұрғыны өзінің медициналық ұйымдарда бар болуын тексеруі керек және медициналық сақтандыруды өңдеу үшін өзінің қай санатқа жататындығын мәлімдеу қажет. Әлеуметтік мәртебесін тіркеу үшін жеке кәсіпкер, өзін-өзі қамтушы немесе еш жерде жұмысшы ретінде тіркелмегендігі жайлы толыққанды ақпарат беруі тиіс.

Айта кету керек, азамат өз мәртебесін egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы «Әлеуметтік мәртебесін тексеру» қызметін таңдау арқылы біле алады. Сондай-ақ жақын жердегі орналасқан ХҚКО куәлігімен жүгінуге болады. 

DSC 4051

Жақында жаңа пилоттық жоба іске асырылды, бұл – «Тәулік бойы» жұмыс істейтін ХҚКО. Шымкент қаласының тұрғындары тәулік бойы мемлекеттік қызметті алуға өтініш беру немесе дайын анықтаманы алу мүмкіндігіне ие болды. Қала тұрғындары мен қонақтары сағат 20.00 мен 24.00 аралығы кезеңінде мемлекеттік қызметтерді алуға жүгіне алады. 

Жұмыс кестесі дүйсенбі мен жұма аралығында сағат 08.00-ден 24.00-ге дейін. Кеңсе Қаратау ауданы, «Нұрсәт» шағынауданы, 24 мекенжайы бойынша орналасқан. 

Айтпақшы, қызметті алушыларға ыңғайлы болу үшін, мемлекеттік баж салығын осы бөлімдерде сағ. 24.00-ге дейін төлеуге болады, себебі кассалар да «тәулік бойы» жұмыс режиміне ауыстырылған. Сенбі күні бұл бөлімдер сағат 20.00-ге дейін жұмыс істейді. 

Өткен жылдың аяғында Шымкентте халыққа қызмет көрсететін бірнеше орталықтардың ашылу салтанаты өтті. Шаһарымызда ХҚКО-ның 8-бөлімінің ашылуына қала әкімінің үлкен қолдау білдіргенін де айта кеткеніміз жөн. ХҚКО-ның жаңа бөлімдерін ашу тұраққа қою, жайпақ пандустар және тар үй-жайлар мәселелерін шешуге мүмкіндік берді.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.