Бабалар ізін жаңғыртқан автокеруен

Пятница, 25 Август 2017 06:36 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 4202 раз

Қазыбек бидің 350 жылдық мерейтойына орай Қарағанды облысынан жолға шыққан «Қаз дауысты Қазыбек би жолымен: Бабаларға тағзым!» атты халықаралық автокеруені Түркістанға аялдады. Қ.А.Ясауи кесенесінде жерленген қазақтың хан-сұлтандары, би-абыздары, батырлары мен игі жақсыларының есімдері жазылған пантеон алдында қала тұрғындары құрметті меймандарды шашу шашып, мерекелік көңіл күймен қарсы алды.

shymkala kz-5-67

Балқантау баурайынан бастау алып, Түркі дүниесінің астанасында жалғасын тапқан іс-шараны Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Өсербаев ашып, өз құттықтауын жеткізді. Сондай-ақ, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің жастар саясаты департаментінің директоры Ғ. Оспанқұлов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Олимпиада чемпионы С. Сәпиев, Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы М. Құттыбай бастаған керуен мүшелері де жылы лебіздерін білдірді.

shymkala kz-4-67

– Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласы ел назарында. Мақала аясында елімізде көптеген шаралар өтуде. Қазақ халқы үшін үш бидің орны бөлек. Олар Төле би, Әйтеке би, Қазыбек би. Осыған орай, Қазыбек бидің өскен өлкесі Қарағандыдағы, Егіндібұлақ деген жерде үлкен мерекелер бастау алды. Айтулы мейрамға Қазақстанның әр бұрышынан 20 мыңға жуық халық келсе, оның ішінде Оңтүстіктен 50-ге жуық азамат келіп, бабамызға тағзым етті, – деді ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Рымбала Кенжебалақызы. Сонымен қатар, Қазыбек би бабамыздың мерейтойына орай Елбасы Н.Назарбаевтың жолдаған құттықтау хатын Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықова халыққа жеткізгенін де айтып өтті. 

shymkala kz-8-67

Салтанатты қарсы алу рәсімінен соң, жиылған қауым Қ.А.Ясауи кесенесінде жерленген тұлғаларға және Қазыбек би Келдібекұлына арнайы құран бағыштады. Одан соң ас беріліп, қонақтарға сый-сыяпаттар табысталды. Сондай-ақ, іс-шара аясында облыстағы жастар көшбасшыларының қатысуымен дөңгелек үстел өтіп, екі облыс жастар саясаты басқармалары меморандумға қол қойды. Жиын соңы Қаз дауысты Қазыбек бидің 350 жылдығына арналған «Ұлы дала үні» мерекелік концертіне ұласты. Концерт барысында қала әкімі Ә.Өсербаев ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаевтың алғыс хатын оқып берді. Ал Түркістан әкімі Әліпбек Шәріпбекұлына Қарағанды облыс әкімдігінің алғыс хаты табысталды.

shymkala kz-9-67

– Еліміздегі үлкен іс-шаралар Түркістан қаласынан айналып өткен емес. Ұлы үш биіміздің бірі Қаз дауысты Қазыбек би бабамыздың 350 жылдығына орай ұйымдастырған «Ұлы дала үні» мерекелік концерті Түркістан қаласына рухани күш-қуат берді деп толық сеніммен айта аламын. Жаңа ғана өздеріңіз үлкен шаралардың куәсі болдыңыздар. Сонау Қарағанды облысындағы Егіндібұлақ ауылынан бауырларымыз келді. Зияраттарыңыз қабыл болсын, – деді Түркістан қаласының әкімі. 

shymkala kz-6-67

7 көлік, 28 адамнан құралған «Қаз дауысты Қазыбек би жолымен: Бабаларға тағзым!» атты халықаралық автокеруен 19 тамызда Қарқаралыдан шығып, Жаңарқа, Жезқазған, Сәтбаев, Ұлытау, Қызылорда өңірлерін жүріп өтіп, киелі Түркістанға ат басын бұрды. Енді Оңтүстік арқылы Өзбекстанға барып, сол жақта жатқан Төле би мен Әйтеке бидің рухына тағзым етеді. Одан кейін Тараз арқылы Балқашқа, Ақтоғай елдімекеніне барып, Шет арқылы 30 тамыз - Конституция күні Қарағанды қаласында өз мәресіне жетеді.

Шымкент – Түркістан – Шымкент

Последнее изменение Пятница, 25 Август 2017 09:53
Сапарғали ҚАНАТ

2015 жылы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «J-Group Production» аутсорсинг компаниясында журналист, сценарист, «Білім-Инновация» ХҚҚ-на қарасты «Сана» журналында журналист болып еңбек еткен. 2017 жылдың қаңтарынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.