×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

1666 бос жұмыс орны ұсынылды Избранное

Вторник, 29 Август 2017 04:49 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 4589 раз

Жұмыс істеуге ниеті бар жандар үшін Шымкентте жұмыс көп. Мәселен, білім саласы бойынша қазірдің өзінде 100-ге жуық бос орын бар екен. Бұл «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын» жүзеге асыру мақсатында Шымкент қаласының Халықты жұмыспен қамту орталығының ұйымдастыруымен «Орталық» саябақта өткен бос жұмыс орындарының кезекті жәрмеңкесінде белгілі болды.

DSC 6801

Жәрмеңкеге қала аумағында орналасқан 256 кәсіпорын қатысып, 1666 бос жұмыс орындарын ұсынды. Атап айтқанда, білім саласы бойынша – 220, денсаулық сақтау саласы – 92, өнеркәсіп – 202, құрылыс – 62, транспорт және логистика – 21, мәдениет және спорт – 55, қызмет көрсету саласы 1014 бос жұмыс орындарын ұсынды. Сонымен қатар, 20 ірі кәсіпорын өндіріске қажетті мамандар іздеді.

– Сәуір айында өткізілген жәрмеңкеде 2 мыңға жуық бос орын ұсынылып, 520 адамға жолдама берілген болатын. Соңғы 7 айдағы қорытынды бойынша түрлі мекемелер ұсынған бос жұмыс орындарына 7 мың адам орналасты. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында кәсіби оқытуды дамыту жұмыстары да жүзеге асуда. Еңбек нарығына дайын болуы үшін бірінші жартыжылдықта 32 мамандық бойынша 1739 адамды 3 айлық курсқа оқуға жолдадық, – деді Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Бауыржан Қуанышбаев. 

DSC 6822

Жәрмеңкеге қатысушылардың да қарасы көп. Қолдарына енді диплом алған жастар ғана емес, ересектерді де байқауға болады. Шымкент қаласының тұрғыны Талғат Оразбаев 3 жылдан бері жұмыссыз екен. Жәрмеңкенің өтетіндігін кеше естіген. «Негізгі мамандығым дәнекерлеуші. Ата-анамның денсаулығына қараймын деп біраз жылдар жұмыссыз жүріп қалдым. Арнайы кітапшадағы тізімге қарасам «Химфарм» АҚ-да жүк тасушы қажет екен. Қазір сол жаққа жолдама берді», – дейді Т. Оразбаев.

Денсаулық сақтау, білім, өндіріс саласына жұмыс ұсынған мекемелер алдында жұмыс іздеушілер ұзын-сонар кезекте тұрды. Шымкент қаласының білім бөлімінің кадр бөлімінің маманы Нұрбол Елтаев мектептерге орыс тілі пәнінің мұғалімдері жетіспей жатқандығын алға тартты. Сондай-ақ, білім саласына жұмысқа қабылданудың жаңа жүйесі «T-Hunter» ресми сайты арқылы құжат тапсырудың жолдарымен таныстырды.

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.