Құрбан айт – рухани жаңғыру мерекесі

Вторник, 29 Август 2017 05:34 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 3744 раз

qurban ait

Мұсылман жұртшылығының асыға күткен қасиетті мерекесі – Құрбан айт үстіміздегі жылдың 1 қыркүйегі күніне сәйкеседі.

Құрбан – араб тілінде «жақындау» дегенді білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы – «шарттарымен санаса отырып құлшылық ниетімен мал бауыздау» дегенге саяды.

Қасиетті Құранда «Мен жындар мен адамдарды (Мені танып), маған ғана құлшылық жасасын деп жараттым» (Зариат сүресі, 56-аят) деп білдірген. Демек, құлшылық жасаудың түп мәні – Жасаған Иенің жарлығына бағыну, разылығына ұмтылу, сауап жинау.

Құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Сондай-ақ пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады.

Құрбандық шалу кімдерге уәжіп?

Төмендегідей төрт шартқа ие жандарға құрбан шалу уәжіп (міндет):

1. Мұсылман болуы;
2. Ақылды және балиғат жасына толуы;
3. Құрбан айт уақытында жолаушы болмауы;
4. Негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болуы.
Нисап мөлшері – 85 грамм алтын яки соның құнына тең келетін ақша. Зекет ғибадаты сияқты құрбанның уәжіп болуы үшін нисап мөлшеріне жеткен малға бір жыл толу шарт емес. Құрбан шалған уақытта міндетті түрде ниет ету керек. Өйткені, малды ғибадат үшін соятыны секілді, тек қана еті үшін де союға болады. Мұндай байлық мөлшері қолында жоқ адамдарға құрбандық шалу міндет болмағанмен жағдайы келсе құрбандық шалуына рұқсат.
Құран Кәрімде өзара таласқан Абыл мен Қабылдың кімнің ақтығын анықтау үшін құрбандық мал шалғандары, соңында Абылдың құрбандығының қабыл болғандығы айтылады. Осы оқиғадан бастау алған құрбандық шалу Аллаға ғибадат ретінде Жаратқанның елшілері арқылы жүздеген жылдар бойы жалғасып, Ибраһим (а.с.) мен Исмаилдың (а.с.) дәуірінен бүгінгі біздің дәуірімізге дейін келіп жетті.

Неге «Арапа» деп аталған?

Арапа күнінің уақыты – зүл-хижжа айының тоғызы, яғни құрбан айттан бір күн бұрын. Бұл күні қажылық парызын өтеуге барған кісілер түс ауғаннан кейін кеш батқанша Арафат тауына бір мезет тұрақтайды. Ал қажылыққа бармаған азаматтар осы күні бір күн нәпіл ораза тұтып, келер күнгі айт намазына дайындық шараларына дайындалады.
«Арапа» араб тіліндегі "білу", "түсіну" деген мағынаға саятын «ъарафа» етістігінен шыққан. Бұл күннің «арапа» деп аталуының себебі, зүл-хижжа айының сегізі күні Ибраһим пайғамбар түсінде құрбандыққа баласын Исмайылды шалу жайында түс көреді. Алғашқыда көрген түсін «жәй түс пе әлде аян ба» деп ойлаған Ол, ертесіне (айдың тоғызына) тағы көреді. Осыдан кейін оның Алладан келген аян екенін біледі. Осы себепті бұл күнді «арафа (арапа)» деп атап кеткен деседі.
Біздің елде арапа күні ертесі болатын айт күніне шелпек-бауырсақ пісіріп, дастархан әзірлігі жасалып жатады. Сонымен қоса, бір күн ораза ұстаған да дұрыс болады.

Құрбандыққа шалынатын малдар және олардың ерекшеліктері

Кез-келген мал құрбандыққа жарамайды. Құрбандық ретінде шалынатын малдың ерекшеліктері мынадай болуы қажет:
1. Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр, түйе секілді малдар жарамды. Ал, үйрек, қаз тауық, түйетауық, елік секілді т.б. аң-құстар құрбандыққа жарамсыз. Бұларды құрбандық ретінде шалу харамға жақын мәкрүһ болып табылады. Өйткені мұнда мәжусиларға (отқа табынушылар) еліктеушіліктің нышандары бар. Қой, ешкі, сиыр және түйенің еркектері де, ұрғашылары да құрбандыққа жарамды.
2. Құрбандыққа жарайтын қой мен ешкі ең кемі бір жасар болуы қажет. Дегенмен алты айлық қозы бір жасар қой секілді ірі, қоңды болса құрбандыққа жарамды. Ал ешкінің міндетті түрде бір жасқа толған болуы қажет. Сиыр екі жасқа, түйе бес жасқа толғанда құрбандыққа шалуға болады.
3. Құрбандық малдың дені сау, етті және дене мүшелері түгел болуы керек. Оның бойында құрбандық ретінде шалуға кедергі келтіретін кемшіліктер болмауы қажет.
4. Құрбандық мал ғибадат ретінде бауыздалуы шарт. Шын мәнісінде Алла пенделердің құлшылығына да, құрбандық шалуына да зәру емес. Құрбан шалудың бізге мәлім әрі беймәлім көптеген пайдалары мен хикметтері бар. Дегенмен негізгі мақсат – Алла тағаланың разылығына бөлену. Мал шалғанда пенделердің ниетінің негізге алынатындығы Құран Кәрімде былайша баяндалған: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін жалғыз нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалық, Аллаға деген құрмет» (Хаж сүресі, 37).

Малды құрбандыққа жарамсыз ететін кемшіліктер

  •  Екі немесе бір көзінің соқыр болуы;
  •  Бауыздалатын жерге өздігінен жүріп бара алмайтындай әлсіз, көтерем болуы;
  •  Екі құлағының не бір құлағының басым бөлігінің жоқ болуы;
  •  Тістері түгелдей немесе бір бөлігі түсіп қалған болуы;
  •  Қос мүйізі немесе бір мүйізі түбінен сынып қалған болуы;
  •  Желін ұшының түсіп қалуы;
  •  Құйрығының жартысы немесе үштен бір бөлігі кесілген болуы;
  •  Жілігі майсыз, ауру болуы;
  •  Тумысынан құлағы мен құйрығының болмауы;
  •  Жетекке көнбейтін және үйірге қосуға жарамайтындай немесе жем беруі қиын тентек болуы;
  •  Ауру екендігі анық белгілі болуы.
  •  Құрбандық шалуға ниеттенген адамның, сатып алған малында жоғарыда аталған кемшіліктер сатып алғаннан кейін пайда болса, орнына басқа мал алып бауыздағаны абзал. Алайда жағдайы төмен жандарға сатып алған құрбандық малында жоғарыда аталған кемшіліктер пайда болса, орнына басқасын алудың қажеті жоқ. Алған малын құрбандық ретінде бауыздай беруіне болады. Тіптен осындай кемістігі бар малды сатып алып құрбан ретінде бауыздауына да болады. Себебі жоқ-жітік жанға құрбандық шалу – нәпіл ғибадат болып саналады. Ал нәпіл ғибадаттар үшін дінімізде кеңшілік пен жеңілдік бар.

 

Құрбандық шалудың жөн-жобасы

Мүмкін болса құрбандық шалатын жан өз құрбандығын өзі шалғаны – мұстахаб (ұнамды іс). Дегенмен өкілеттік беру арқылы басқа адамға да бауыздатуға болады. Құрбандық шалатын жанның мұсылман болғаны абзал.
Құрбандық шалған кезде төмендегі жәйттарға да назар аударған жөн:
– Құрбан шалынатын жердің таза болуына көңіл бөлу;
– Құрбан шалатын жерге малды ұрмай-соқпай апару;
– Құрбан малын құбылаға қаратып, сол жағымен жатқызу;
– Құрбан шалатын адам малды қинамай жұмсақ бауыздауға көңіл бөлуі керек. Малдың көзінше жалаңдатып пышақ қайрауға болмайды. Пышақ өткір болуы тиіс;
– Малды құбылаға қарата жатқызғаннан кейін оң қолымен «Бисмиллаһи, Аллаһу акбар» деп бауыздайды. Құрбандық малды басқа адамға бауыздатқан кісі мал бауыздалып жатқанда «Бисмиллаһи, Аллаһу акбар» деп қоса айтқаны жөн;
– Малдың жаны бойынан толық шығып болғанға дейін оның терісін сыпыруға болмайды;
– Малдың қаны толық ағып біткенше күтіледі;
– Құрбан шалғаннан кейін сол маңайдың тазалығына да көңіл бөлу керек.

 

Құрбандық шалудың уақыты туралы

Құрбан шалудың уақыты құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады.
Жарықтандыру жүйесі нашар орындарда түрлі қателіктерге жол бермеу үшін түнде құрбандық шалу мәкрүһ болып саналады. Ал жарықтандыру мүмкіндігі жеткілікті жерлерде түнде де құрбандық шалына береді. Құрбан айтқа арнап алынған мал құрбан айтта бауыздалмаса, малдың өзін садақа ретінде атау қажет.
Үзір себептерге байланысты құрбан айт намазына бара алмай қалған адамның, намаз оқып болатындай уақыт өткеннен кейін құрбанын шала беруіне болады. Пайғамбарымыздан (саллалаһу аләйһи уәсәллам) құрбан шалудың уақытына байланысты бірнеше хадис риуаят етілген. Бәрә ибну Азибтің риуаяты бойынша:
«Алланың Елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Біздің бұл күнде алғашқы жасайтын - ісіміз намаз оқу, сосын қайтып келіп, құрбанымызды шалу. Кім осылай істесе біздің сүннетімізе ергені. Ал кімде-кім бұдан бұрын құрбанын шалатын болса, бұл құрбанының отбасына берілген еттен айырмашылығы жоқ. Бұның құрбан болуы мүмкін емес». Басқа бір хадисте: «Кімде-кім намаздан бұрын құрбанын шалса, қайтадан шалсын», – деп, намаздан бұрын шалынған малдың құрбандыққа есептелмейтінін ескертеді.

 

Құрбандыққа шалынған малдың еті мен терісі

Бай болсын, кедей болсын құрбан айтта шалған құрбандығының етін жеуіне болады. Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату – мұстахаб. Бір бөлігі – туған-туыс, көршілеріне бай болса да сыйға тартылады, екінші бөлігі – кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі – өзінің отбасына, бала-шағасына тиесілі. Бірақ шалынған малдың етін түгелдей кедей-мұқтаждарға таратуға да болады. Егер құрбандық шалған адам аса дәулетті болмаса және жанұясында адам саны көп болса онда құрбандықтың етін түгелдей өзінің отбасына да қалдыра алады.
Алла Тағала Құран Кәрімде құрбанның еті турасында былай дейді: «Құрбанның етінен өздерің жеңдер әрі міскіндер мен кедейлерге жегізіңдер».
Пайғамбарымыздың шалған құрбанының етін қалай таратқандығы турасында Ибн Аббас былай деп риуаят етті: «Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шалған құрбандығының үштен бірін – отбасына, үштен бірін – кедей көршілеріне, қалған үштен бірін садақа ретінде тарататын».
Уәжіп болсын, нәпіл болсын құрбандыққа шалынған малдың етін, терісін, сирақ-басын және сүтін сату – мәкрүһ. Құрбан малының аталмыш бөлшектері сатылған жағдайда құны кедейлерге садақа ретінде беріледі. Құрбанға шалынған малдың ешқандай бөлшегінен қасаптың ақысы ретінде төлеуге болмайды. Құрбандыққа шалынған малдың терісін кедейлерге, қайырымдылық қорларына беруге болады.

 

Бірігіп құрбан шалуға бола ма?

Қой немесе ешкі іспетті ұсақ малды құрбандық ретінде тек бір адам ғана шала алады. Ал түйе немесе сиыр секілді ірі-қара малдарды бір кісіден жеті адамға дейін бірігіп немесе бір адам жеке өз атынан да соя алады. Құрбандық шалуға біріккен кісілердің барлығының ниеті құрбандық құлшылығын өтеу мақсатында болуы керек. Егер осы адамдардың ішінен біреуі құбандыққа тек ет алу ниетімен қосылса, барлығының да құрбандығы құрбандық ретінде саналмайды.

 

Тәшриқ тәкбірі

Бұл тәкбір құрбан айт күндеріне ғана тән. «Тәшриқ тәкбірінің» айтылу тәртібі төмендегідей: «Аллаһу акбар, Аллаһу акбар, ләә иләһә иллаллаһу уаллаһу әкбар, Аллаһу акбар уә лиллаһил-хамд»
Мағынасы: «Алла Тағала аса ұлық (2 рет), Алладан басқа тәңір жоқ! Алла тағала аса ұлық (2 рет)! Күллі мадақ тек Аллаға ғана лайық!».
Тәшриқ тәкбірінің уақыты Зүл-хижжаның тоғызыншы күні, яғни айттан бір күн бұрынғы «арапа» күні таң намазынан бастап құрбан айттың төртінші күнінің намаздыгер уақытына дейін парыз намаздарының сәлемінен соң айтылады. Бұл тәкбірлерді айту – намаз оқуға міндетті әрбір жанға уәжіп. Мейлі жеке оқысын, мейлі жамағатпен оқысын тәшриқ тәкбірлерін айтуы керек. Егер қандай да бір намаздан кейін тәшриқ тәкбірін айтуды үмытып кетсе, онда сол күндері оқылатын кез-келген намаздың парызынан кейін қаза етіп айтады.

 

Құрбан айт мерекесін қалай атап өтеміз

Бір күн бұрын жақсылап ғұсыл құйынғаннан (денені толықтай жуу) кейін әдемі, таза киімдерін киіп, үстіне хош иіс сеуіп, мешітке айт намазына бару – мұстахаб (жақсы амалдарға жатады). Айт намазын оқығаннан кейін құрбан шалу міндеттелген жандар құрбандықтарын шалады.
Айт күні мұсылмандар көрші-қолаң, туыс-туғанды қыдырыстап, «Айт құтты болсын» айтысады. Айт күндері мейлінше көтеріңкі көңіл-күйде, жылы жүзді, кешірімді болуға тырысу керек. Ренжіскен кісілер қайта табысып, Айтта бір-бірін кешіріскен жөн. Ауырып жатқан кісілердің көңілін сұрап, арнайы бас сұғу, жетім, жесір, мұң-мұқтаждарға көмектесу, оларға да айттың қуанышын сездіру өте сауапты істерге жатады.
Құрбан айт намазы 2017 жылғы 1 қыркүйек күні, таңғы сағат 7.30-да Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша барлық мешіттерде бір мезгілде оқылады.

 

Мұхамеджан ЕСТЕМІРОВ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының
Оңтүстік Қазақстан облысы
бойынша өкіл имамының орынбасары, дінтанушы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.