Версия для печати

«Күш атасы – ҚАЖЫМҰҚАН» Избранное

Пятница, 08 Сентябрь 2017 06:46 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 4545 раз
Оцените материал
(0 голосов)

30-3

«Күш атасы – Қажымұқан» анимациялық фильмінің тұсаукесері елордадағы Оңтүстік Қазақстан облысы күндері аясында өткен маңызды шаралардың қатарынан көрінді. Астана қалалық «Оқушылар сарайына» көрермен лық толды.


Оқиға желісі шаңыраққа сәбидің келуімен басталады. Алдымен кішкентай ғана қызыл шақаның картинасымен шатастырып, артынша алып ұлдың туғанын көрсетіп, көрерменді бір күлдіреді. Содан кейін балаға есімін бергелі отырған жігіт әкесін көргенде әдепсіздік танытқаны үшін кешірім сұрайды. Қабағы қатулы атасы немересін қолына алғанда жадырап сала береді де «Мұқан» деп ат қояды.

30-2

Әр кадр санаулы секундқа созылғанымен, көрерменнің есінде қаларлықтай әсерлі. Бұдан кейін немересіне сүт тасып бәйек болған әжейдің абдырағаны, кішкентай ғана қомағай сәбидің кекірік атқаны, иттің аузындағы сүйекті тартқанда үйшігімен қоса сүйреп әкелетін күштілігі, бәрі-бәрі баланың бал қылығымен бірге оның тасыған күшінен хабар беріп отырады. 

Мұқандайын алып күшпен бірге ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүріп, өзгенің еңбегін иеленіп кететін қулық та өсіп келе жатқанын картина авторлары жақсы көрсете алған. Ер жеткен Мұқан қыстың қаһарына дес бермей, әлсіреген атын арбаға салып, өзі сүйреп әкелгені, балшыққа батып қалған байдың бұқасын бір-ақ жұлқып тартып шығарғанын досы «біз Мұқан екеуміз жасадық» деп, жарияға жар салып, елді таңғалдырып жатады. Бұл көрініс көрерменді күлкіге қарық қылғанымен, аз ғана секундта терең ой салып кетеді.

Жігіт Мұқан күшімен көзге түсе бастағанда оны үлкен қалаларға шақырушылар көбейеді. Сондай сапардың бірінде алаңға байқаусыз шығуы бір мықтымен белдесуге дөп келеді. Күш сынасудан бас тартпаған намысты қазақ балуанының жеңісті кездесулері сол сәттер басталады.

1394540acbec011d0880f65fc031ee64

Заманауи 2D форматта жасалған анимациялық фильм Елбасы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілген «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында облыс әкімі Ж. Түймебаевтың тапсырысымен түсірілген. Фильм Шымкент қаласындағы «САҚ» киностудиясында әзірленді. Көрсетілім режиссері – Батырхан Дәуренбков және сценарий авторы, продюссері – Бақытжан Құлжабаев. Бас оператор – Фурхат Саипов, композиторы – Руслан Шынықұлов.

Анимациялық фильм – өскелең ұрпаққа қазақ халқының тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуан, күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасовты насихаттау арқылы спортқа деген қызығушылығын арттырып, адалдыққа, намысшылдыққа, отансүйгіштікке үндейді. Салауатты өмір салтын ұстануға, қазақша күреспен айналысуға, қазақ батырларымен мақтанып, тарихқа тереңірек бойлауға шақырады.

Балуан бабамыз Қажымұқан Мұңайтпасовтың Саракикимен күресін суреттейді. Сонымен қатар, ел аралап өнер көрсетіп, содан түскен қаржыға әскери ұшақ жасатып, ІІ дүниежүзілік соғыста Отанды қорғау жолында солай үлес қосқаны кеңінен насихатталады.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.